AFSA алғаш рет реттеушілік алымды стейблкойнда қабылдады

“Астана” халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) пилоттық жобаны іске асырудағы маңызды кезең – реттеушілік алым алғаш рет АҚШ долларына (USDT) байланған стейблкойн түрінде төленгені туралы хабарлайды.
Жоба АХҚО қатысушыларына, сондай-ақ АХҚО-да лицензия алу немесе тіркеуден өтуге өтініш беруді жоспарлап жүрген ұйымдарға реттеушілік алымдарды АҚШ долларына байланған стейблкойндармен төлеу мүмкіндігін ұсынады.
АХҚО-ның лицензияланған цифрлық активтер қызметтерін жеткізушісі және реттеушілік құмсалғыш (FinTech Lab) қатысушысы болып табылатын SkyBridge Digital Finance Ltd. компаниясы осы пилоттық жоба аясында реттеушілік алымды стейблкойнмен төлеген алғашқы ұйым болды.
Astana Finance Days 2025 шеңберінде іске қосылған пилоттық жоба есеп айырысудың баламалы тетігін ұсынып, АХҚО экожүйесінің қатысушылары үшін реттеушілік төлемдерді жүргізудің жаңа мүмкіндіктерін ашады. Бұл – өңірдегі алғашқы осындай реттеушілік бастама бола отырып, Қазақстанның АХҚО-ны цифрлық қаржы мен инновациялардың өңірлік хабына айналдыруға ұмтылысын көрсетеді. Сонымен қатар, бұл бастама стейблкойндарды пайдалануға қатысты жаһандық үрдістерге сай келеді.
Bybit Limited компаниясы AFSA-мен Көпжақты өзара түсіністік туралы меморандумға (MMoU) алғашқы болып қол қойған ұйым ретінде Провайдер рөлін атқарып, AFSA пайдасына реттеушілік алым бойынша алғашқы төлемнің жүзеге асырылуын қамтамасыз етті.
Осы сәттен бастап АХҚО қатысушылары мен АХҚО-да компанияны тіркеуге немесе лицензия алуға ниетті өтініш берушілер реттеушілік алымдарды AFSA-ға верификациядан өткен Провайдерлер арқылы стейблкойнмен төлей алады. Провайдерлер тізімі AFSA-ның ресми сайтында жарияланады.
Жобаның талаптарына сәйкес, AFSA-дан келесі екі қызметке лицензиясы бар цифрлық активтермен жұмыс істейтін қызмет көрсетушілер – Цифрлық активтермен сауда платформасын басқару және Цифрлық активтермен төлем қызметтерін көрсету жобасында Провайдер ретінде қатыса алады. Олар Төлеушілердің агенттері ретінде әрекет етіп, стейблкойн түріндегі төлемдерді қабылдайды және олардың эквивалентін AFSA көрсеткен банк шотына фиат валютасында аударады.
Жобаға Провайдер ретінде қатысуға мүдделі компаниялар тиісті ниет хатын [email protected] электрондық поштасына жолдауы қажет.
AFSA Бас директоры Евгения Богданова бұл жөнінде былай деді:
«Біз қабылдаған алғашқы стейблкойн төлемі – болашаққа бағытталған қаржы экожүйесін құру жолындағы маңызды қадам. Бұл бастама AFSA-ның инновацияларды ілгерілетуге және жаһандық өзгерістерге бейімделетін сенімді, ашық және икемді реттеушілік тетіктерді қалыптастыруға деген ұмтылысын айқын көрсетеді».
«Bybit Kazakhstan компаниясы реттеушілік алымды төлеудің алғашқы сәтті төлемін қамтамасыз ету мақсатында AFSA-мен ынтымақтастығына мақтанышпен қарайды. SkyBridge Digital Finance Ltd. компаниясы жүзеге асырған бұл алғашқы төлем — AFSA-ның озық көзқарасын және талаптарға сай, ашық әрі инновациялық төлем шешімдерін дамыту жолындағы ортақ ұмтылысымызды көрсететін маңызды кезең болып табылады. Бұл қадам Қазақстанның қаржы экожүйесін нығайтуға сеп болады», — деді Bybit Kazakhstan басшысы Аблайхан Аубакир.
«Бүкіләлемдік қаржы жүйесінің болашағын қалыптастыратын оқиғаға қатысу – біздің командамыз үшін зор мәртебе. USDT арқылы реттеушілік алымды төлеу маңызы бойынша магниттік жолақты карта арқылы жасалған алғашқы төлеммен тең тарихи прецедент болды. Бұл қадам қаржылық қызметтерді қолжетімді етіп, бұрын банктік құралдарға қолы жетпеген адамдарды экономикаға тартуға ықпал етеді», – деді SkyBridge Digital Finance Ltd. компаниясының аға атқарушы директоры Есенгелді Рахымбеков.
Стейблкойндар секторы жаһандық қаржы жүйесінде барған сайын маңызды рөл атқарып келеді. CoinMarketCap[i] деректері бойынша, 2025 жылғы қыркүйекте стейблкойндардың жиынтық нарықтық капитализациясы тарихи ең жоғары көрсеткіш – 307,6 миллиард АҚШ долларына жетті, бұл ретте сауданың негізгі бөлігі фиат валюталарымен қамтамасыз етілген стейблкойндарға тиесілі.
Маңызды:
Бұл жоба тек АХҚО аумағында жүзеге асырылатын қызметке байланысты AFSA реттеушілік алымдарына қатысты. Бұл бастама Қазақстан Республикасындағы салықтарға немесе басқа мемлекеттік төлемдерге қолданылмайды. Қазақстан Республикасының ресми төлем құралы – теңге (KZT) болып табылады.
Анықтамалық ақпарат:
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.
АХҚО-да 85 елден 4400-ға жуық қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. afsa.aifc.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
Байланыс ақпараты:
Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті
+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45
[i] Top Stablecoin Tokens by Market Capitalization | CoinMarketCap