AFSA ATAIX Eurasia Ltd компаниясына толық реттеу және қадағалау режимінде қызмет жүргізу лицензиясын берді

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) ATAIX Eurasia Ltd (Ataix) компаниясына толық авторизация және қадағалау режимі аясында қызметті жүзеге асыруға лицензия берді.
Бұған дейін компания қаржылық қызметтер саласындағы инновацияларды дамытуға бағытталған АХҚО-ның реттеуші құмсалғышына (FinTech Lab Sandbox) қатысқан болатын. Айта кетсек, ATAIX — Қазақстанның екінші деңгейлі банктерімен өзара іс-қимыл жасау бойынша криптобиржаларға арналған пилоттық жобаның алғашқы қатысушыларының бірі болды.
Лицензия алу арқылы ATAIX реттеуші құмсалғыштағы қатысуын аяқтап, АХҚО-ның цифрлық активтер қызметтерін көрсетушілерге арналған реттеу базасына сәйкес толық реттеу және қадағалау режимінде қызмет жүргізуге көшті. Бұл база инновацияларды дамытуға, нарықтың тұтастығын қамтамасыз етуге және клиенттердің мүдделерін қорғауға бағытталған.
Қазіргі уақытта ATAIX Қазақстан мен өңірде өсіп келе жатқан клиенттік базасына қызмет көрсетіп, цифрлық активтермен байланысты кең ауқымды өнімдер мен қызметтерге қолжетімділік ұсынады. Толық лицензия және қадағалау режимі аясында компанияға келесі реттелетін қызмет түрлерін жүзеге асыруға рұқсат берілді:
- цифрлық активтер сауда алаңын ұйымдастыру (Operating a Digital Asset Trading Facility);
- инвестициялармен өз атынан операциялар жүргізу (Dealing in Investments as Principal);
- инвестициялармен клиент атынан операциялар жүргізу (Dealing in Investments as Agent);
- активтерді сақтау қызметтерін көрсету (Providing Custody).
Толық режимде жұмыс істеудің негізгі артықшылықтарының бірі — AFSA-мен алдын ала келісусіз өз платформасында цифрлық активтерді (АХҚО-да шығарылмаған стейблкойндардан басқа) саудаға жіберу құқығының берілуі. Бұл құқық АХҚО актілерінің талаптарына сәйкес әзірленген цифрлық активтерді саудаға жіберу жөніндегі ішкі ережелер шеңберінде жүзеге асырылады. Мұндай тәсіл операциялық процестерді жеңілдетіп, нарықтағы өзгерістерге икемді әрекет етуге мүмкіндік береді.
Криптобиржалардың толық реттеу режиміне көшуі — Қазақстан мен АХҚО-ның цифрлық активтер экожүйесінің дамуы мен институционалдануының маңызды кезеңі болып табылады.
Цифрлық активтер қызметтерін көрсетушілердің тіркеу мәртебесін тексеру үшін төмендегі сілтемелерді пайдаланыңыз:
- АХҚО FinTech Lab реттеуші құмсалғышының қатысушылары тізілімі
- Толық реттеу режимінде лицензия иеленушілер тізілімі
Анықтамалық ақпарат:
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.
АХҚО-да 85 елден астам 4500-ден аса қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. afsa.aifc.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
Байланыс ақпараты:
Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті
+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45