AFSA интернет кеңістігінде жеке инвесторлардың мүдделерін қорғау мақсатындағы IOSCO жол картасын жүзеге асыруға қатысады

АХҚО қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) цифрлық кеңістіктегі жеке инвесторларды қорғау шараларын күшейту үшін IOSCO[1] бастамасымен қолға алынған жаһандық жол картасына қосылды. Бастама онлайн-алаяқтық, әділетсіз практикалар мен жеке инвесторлар ең көп ұшырайтын нарықтық сын-қатерлерге байланысты тәуекелдерге қарсы тұруға бағытталған.

Жеке инвесторлар капитал нарықтарына белсенді араласып жатыр және бұл үрдіс цифрландыру, соның ішінде қаржылық өнімдер мен қызметтерді ілгерілету және сатып алу үшін мобильді қосымшаларды, әлеуметтік желілер мен онлайн платформаларды пайдалану арқылы күшейіп келеді.

«Цифрландыру нарықтарға қолжетімділікті арттырып, инвестициялық базаны ұлғайтып, шығындарды азайтты; дегенмен, өзімен бірге жаңа тәуекелдерді де ала келді. Көбіне ақылы онлайн жарнама және пайдаланушылар жасаған контент арқылы таралатын инвестициялық алаяқтық жеке инвесторларды айтарлықтай қаржылық шығынға ұшыратып отыр«, — деді AFSA Бас директоры Евгения Богданова.

IOSCO жол картасын іске асыру науқаны 2024 жылдың қараша айынан басталып, биыл өз мәресіне жетеді. Оның қорытындысы инвесторлар үшін білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сондай-ақ 2025 жылғы Халықаралық инвесторлар апталығын өткізу болмақ.

Жол картасы өзара байланысты үш элементті қамтиды:

* Реттеу – жаңа нарықтық жағдайға бейімделу үшін стандарттарды әзірлеу арқылы;

* Білім беру – инвесторларды ақпараттандыру және оқу-ағарту арқылы;

* Ынтымақтастық — әлеуметтік желілерді қоса алғанда, реттеушілер мен онлайн қызмет провайдерлері арасында әріптестік орнату арқылы.

Бастама инвесторларға цифрлық ортада қаржылық өнімдер мен қызметтердің таралуымен бірге жүретін тәуекелдерді анықтау және болдырмау үшін қажетті білім беруге баса назар аударады. Бастаманың маңызды элементі – базалық даярлыққа баса назар аудара отырып, білім беру бағдарламаларын дамыту.

Өз жұмысының бір бөлігі ретінде IOSCO финфлюенсерлердің[2] әсерін, онлайн ортада имитациялық[3] сауда тәжірибесін дамытуды және нарық делдалдарының цифрлық қатысу құралдарын қолдануды зерттейді, оларды ықтимал пайда тұрғысынан да, мүмкін болатын қауіптер тұрғысынан да қарастырады.

IOSCO-ның осы бағыттарының әрқайсысы бойынша қорытынды есептері реттеуші тәжірибелерге шолу және жеке инвесторларға тәуекелдерді тиімдірек қорғау бойынша пайдалы ұсыныстарды қамтиды.

AFSA бастамаға қосыла отырып, жақын арада өзінің әлеуметтік желілерінде инвесторларды адастыруға және алаяқтыққа әкелуі мүмкін мифтерді әшкерелеуге бағытталған қаржылық қауіпсіздік туралы материалдарды шығарады.

Жаңалықтарымыздан хабардар болу үшін біздің  LinkedIn және Instagram-дағы парақшаларымызға жазылыңыз.

Анықтамалық ақпарат:

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.

АХҚО-да 84 елден 4000-ға жуық қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. www.afsa.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz 

Байланыс ақпараты:

Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті

+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45

[email protected]


[1]IOSCO Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымы (International Organization of Securities Commissions, IOSCO) – дүние жүзіндегі бағалы қағаздар нарығын реттеушілерді біріктіретін жетекші халықаралық ұйым.

[2] Finfluencers (ағылшын тілінен «finfluencers»,»financial influencers»-тен қысқарған) – әлеуметтік желілерде және онлайн платформаларда қаржы, инвестициялар, криптовалюталар, қор нарығы және басқа да қаржылық тақырыптар туралы ақпаратты, кеңестерді немесе жеке пікірлерін жариялайтын жеке тұлғалар, блогерлер немесе контент-мейкерлер.

[3] Имитациялық сауда (еліктеу саудасы, әлеуметтік сауда, ағылшын тілінде imitative trading, copy trading, mirror trading ретінде де белгілі) — жеке инвесторлар басқа, тәжірибелі немесе танымал нарық қатысушыларының сауда шешімдерін қайталайтын (имитациялайтын) инвестициялау түрі.

AIFC Services Assistant