AFSA стейблкоин шығаруға алғашқы лицензия берді

АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу комитеті (AFSA) фиаттық валютамен қамтамасыз етілген стейблкоиндерді[1] шығаруға алғаш рет лицензия берді. Лицензия фиаттық стейблкоин эмитенті ретінде цифрлық активтер саласында төлем қызметтерін көрсету бойынша реттелетін қызметті жүзеге асыру үшін AnchorX.KZ Limited компаниясына берілді.
AFSA-ның стейблкоиндер бойынша кешенді нормативтік базасы шеңберінде қабылданған бұл реттеуші шешім Қазақстанда цифрлық активтер экожүйесін дамытудағы маңызды қадам болды.
Бұл AFSA мен АХҚО-ның нақты әрі болжамды реттеу саясаты арқылы инновацияларды қолдауға деген ұмтылысын көрсетеді, сонымен қатар лицензияланған қатысушылар үшін белгіленген талаптарға сәйкес цифрлық қаржылық қызметтерді ұсыну мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді.
Бұл бастама өңірдегі қаржы технологиялары мен қаржы инфрақұрылымын дамыту жөніндегі кең стратегияның бөлігі. AnchorX компаниясы Қазақстанның экономикалық басымдықтарына сәйкес келетін, әсіресе, 2024 жылы екіжақты тауар айналымы $43,8 млрд-қа жеткен Қытаймен сауда байланыстарының нығаюы тұрғысында болашақ трансшекаралық қаржылық шешімдерді әзірлеуге үлес қосуды жоспарлап отыр.
AFSA 2024 жылдың қаңтарында стейблкоиндер бойынша реттеу базасын ұсынды. Белгіленген қағидаларға сәйкес 1:1[2] қатынасында фиаттық валюталарымен толық қамтамасыз етілген стейблкоиндерді ғана шығаруға рұқсат етіледі . Бұған АҚШ доллары, еуро, Қытай юаны, Норвегия кроны және осы реттеу шеңберінде танылған басқа валюталар кіреді.
«AIFC CONNECT: HONG KONG» конференциясында сөйлеген сөзінде AnchorX бас директоры Хилл Ванг цифрлық активтер саласындағы инновацияларды ынталандырудың негізгі факторы ретінде реттеу айқындылығының стратегиялық маңыздылығын атап өтті. «Біз үшін AFSA құрған прогрессивті нормативтік орта аясында осы жолды бастағанымыз зор мәртебе», — деді Ван.
Дисклеймер: Бұл ақпарат қаржылық немесе инвестициялық ұсыныс емес. Инвестициялық шешімдер қабылдамас бұрын білікті маманмен кеңесу ұсынылады.
Анықтамалық ақпарат:
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.
АХҚО-да 84 елден 4000-ға жуық қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. www.afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
Байланыс ақпараты:
Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті
+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45
[1] Стейблкоин — белгілі бір активке, пулға немесе активтер себетіне қатысты тұрақты құнды ұстап тұру мақсатын көздейтін цифрлық актив. Стейблкоиндер цифрлық активтер нарығында құнның тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
[2] Фиаттық валютамен қамтамасыз етілген стейблкоиндер — бұл нақты валюталарға (мысалы, АҚШ доллары) 1:1 қатынасында байланған және нақты ақшамен қамтамасыз ету арқылы тұрақты құнды сақтайтын цифрлық активтер.