AFSA төлем қызметтерін көрсету саласындағы кешенді реттеушілік базаны қабылдады

AХҚО Қаржы қызметтерін реттеу комитеті (AFSA) төлем қызметтерін көрсету саласындағы кешенді реттеушілік базаны қабылдады. Бұл ретте AХҚО-ның «Төлем қызметтерін көрсету туралы» ережелеріне (Providing Money Services), AХҚО-ның жалпы ережелеріне, AХҚО Глоссарийіне, AХҚО-да қызмет жүргізу ережелеріне, Банктік қызмет бойынша пруденциялық ережелеріне және Цифрлық активтермен байланысты қызметке қатысты ережелеріне өзгерістер енгізілді. Жаңа реттеушілік база келесі кезеңдерден бастап күшіне енеді:

  • 2025 жылдың 13 қазанынан бастап – төлем қызметтерін көрсету кезінде қолданылатын анықтамалар, капиталға қойылатын талаптар және цифрлық активтерді пайдалану мәселелеріне қатысты ережелер;
  • 2026 жылдың 13 қаңтарынан бастап – клиенттердің құқықтарын қорғау және киберқауіпсіздікке қатысты ережелер.

Бұл бастама төлем қызметтерін негізгі қызмет түрі ретінде көрсететін AХҚО қатысушыларының санының артуына жауап ретінде қабылданды. Қазіргі таңда AХҚО-да 10 лицензияланған төлем қызметтерін жеткізуші (Money Service Providers, MSPs) тіркелген. Жаңа реттеуші база тұтынушылар үшін қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етіп, бәсекеге қабілетті және инновациялық қаржы нарығының дамуына қолдау көрсетуге бағытталған. Ережелер жинағы қолданыстағы талаптарды біріздендіріп, түсінікті және жүйелі құжатқа біріктіреді, бұл төлем қызметтерін реттеу процесін оңайлатады.

Жаңа реттеуші базадағы негізгі өзгерістердің бірі – реттелетін төлем қызметтерінің аясын кеңейту болды. Жаңартылған тізімге келесі қызмет түрлері енгізілді: валюталық айырбастау[1], төлем шоттарын ұсыну және жүргізу[2], төлем транзакцияларын эквайрингтау[3], төлемдерді инициациялау[4] және шоттар туралы ақпаратты ұсыну[5]. Құжат сондай-ақ AFSA реттеуіне жатпайтын қызмет түрлерін нақтылайды. Оларға техникалық қолдау (соның ішінде бұлттық инфрақұрылым мен сәйкестендіру құралдары), өтімділікті қамтамасыз ету мақсатында цифрлық активтер қызметтерін көрсететін провайдерлер (соның ішінде шетелдік провайдерлер) арасындағы операциялар, сондай-ақ пайдаланушылардың өз есепшоттары арасындағы цифрлық активтерді аударымдары және басқа да кейбір ерекшеліктер жатады.

Сондай-ақ жаңа реттеуші база AFSA құзыреттерінің шекараларын нақтылайды. Ережелер күшіне енгеннен кейін, егер цифрлық активтермен жасалатын операциялар мәні жағынан дәстүрлі ақша қызметтеріне ұқсас болса — мысалы, цифрлық активтерді аудару немесе эквайринг — AFSA оларды қадағалауға құқылы болады. Реттеуге төлемдерді инициациялау қызметіне ұқсас қызметтерді көрсететін кастодиан емес провайдерлер де кіреді, мысалы MetaMask[6] немесе Trust Wallet[7].

Цифрлық активтерді қолданудың артуын ескере отырып, құжат төлем қызметтерін жеткізушілер үшін екі операциялық модельді көздейді:

  • Аралық модель (bridge model) — төлем қызметтерін жеткізуші цифрлық активтерді клиенттің атынан өзі жіберетін, сақтайтын немесе қабылдайтын жағдай;
  • Тікелей модель (direct model) – төлем қызметтерін жеткізуші делдал ретінде әрекет етіп, клиенттерге цифрлық активтерді тікелей – клиенттің әмияны мен MSP әмияны арасында – жіберуге немесе қабылдауға көмектесетін жағдай.

Тұтынушылардың сенімін арттыру мақсатында клиенттерді қорғау шаралары қарастырылған. Оларға келісімшарттарда ақпаратты міндетті түрде ашу, қаражатты қайтару ережелері, рұқсат етілмеген операциялар үшін жауапкершілік, сондай-ақ шағымдар мен өтініштерді қараудың нақты белгіленген тәртібі жатады.

Қалыптасқан реттеушілік қағидаттарға сәйкес, AFSA операциялық және киберқауіпсіздік тұрақтылығына қойылатын жоғары талаптарды сақтап келеді. Бұл – технологиялық инфрақұрылымды басқару, ІТ-тәуекелдерді үнемі қадағалау және тестілеу, тәуелсіз ІТ-аудит жүргізу, киберқауіпсіздік саясатын іске асыру және кибероқиғалар туралы хабарлау рәсімдерін сақтау талаптарын қамтиды. Сонымен қатар, алаяқтық тәуекелін азайту үшін көпфакторлы аутентификацияны қолдану міндетті болып қала береді.

Анықтамалық ақпарат:

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.

АХҚО-да 85 елден 4000-ға жуық қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. www.afsa.kz 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz  

Байланыс ақпараты:

Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті

+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45

[email protected] 


[1] Валюталық айырбастау — АХҚО-ның валюталық реттеу және ақпарат ұсыну ережелеріне сәйкес осындай қызметтер көрсетуге рұқсаты бар ұйымдарды тарту арқылы клиенттерге валютаны айырбастау қызметтерін алуға жәрдемдесу.

[2] Төлем шоттарын ұсыну және жүргізу — клиенттердің қаражатын сақтауға және төлем операцияларын (мысалы, аударымдар, толықтырулар және ақша шешу) жүзеге асыруға мүмкіндік беретін төлем шоттарын ашу/жабу және басқару, бұл қызметтер АХҚО ережелеріне сәйкес лицензияланған ұйымдар арқылы көрсетіледі.

[3] Төлем транзакцияларын эквайрингтау —  сауда ұйымдарының атынан транзакцияларды жүргізу, бұл клиенттердің кредиттік немесе дебеттік карталар сияқты төлем құралдары арқылы төлемдерді қабылдауына мүмкіндік береді (мысалы, онлайн-сатып алуларды төлеу кезінде).

[4] Төлемдерді инициациялау — әдетте финтех-компаниялар ұсынатын онлайн қызмет, ол пайдаланушылар үшін ыңғайлы немесе қолжетімді балама және басқа қаржы қызметтерін жеткізушіде (мысалы, банкте) ашылған шоттан төлемді бастауға мүмкіндік береді.

[5] Шоттар туралы ақпаратты ұсыну — бірнеше қаржы қызметтерін жеткізушілерден (мысалы, банктерден) шоттардағы қалдықтар, транзакциялар тарихы және басқа да мәліметтерді біріктіруге мүмкіндік беретін қызмет.

[6] MetaMask — бұл пайдаланушыларға криптовалютаны сақтауға және блокчейнге негізделген қосымшалармен тікелей әрекеттесуге мүмкіндік беретін кастодиандық емес цифрлық әмиян. Ол үшінші тарап делдалдарының қатысуынсыз, пайдаланушының жеке аккаунттарынан транзакцияларды бастауға мүмкіндік береді.

[7] Trust Wallet — бұл пайдаланушыларға криптовалюталардың кең аясын сақтауға, басқаруға және жіберуге мүмкіндік беретін кастодиандық емес мобильді әмиян. Сондай-ақ ол децентрализденген қосымшаларға (dApps) тікелей қол жеткізуді қамтамасыз етеді және үшінші тарап делдалдарының қатысуынсыз транзакцияларды бастау мүмкіндігін қолдайды.

AIFC Services Assistant