АХҚО 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 2,6 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартып, 500-ден астам жаңа қатысушыны тіркеді

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) 2025 жылдың алғашқы алты айындағы қызметінің қорытындыларын жариялады.
Негізгі көрсеткіштер мен нәтижелер:
- Қаңтар-маусым аралығында АХҚО-ға 567 жаңа компания қосылды. Оның ішінде 4 финтех-компания, қызмет көрсетуші ұйымдар секторынан (ASP) 5 компания және қаржылық лицензиясы бар 7 компания бар. Қатысушылардың жалпы саны 85 елден 4030 компанияға жетті.
- АХҚО экожүйесі арқылы 6 ай ішінде ел экономикасына 2,6 млрд АҚШ доллар инвестиция келді. Жалпы тартылған инвестициялар көлемі 16,9 млрд АҚШ долларынан асты.
- 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында АХҚО-да тіркелген компаниялар мемлекет бюджетіне 70 млрд теңгеден аса көлемде салық төледі (алдын ала деректер бойынша).
АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров: «Біз Қазақстан мен бүкіл өңірдің экономикасына инвестиция тартуға белсенді ықпал етуді, бизнеске қолайлы құқықтық ортаны дамытуды және халықаралық байланысты кеңейтуді жалғастырып келеміз. Кәсіпкерлер әлемнің түкпір-түкпірінен АХҚО-ны бизнес жүргізу және оны дамыту алаңы ретінде таңдап отыр. Бұған дәлел — 567 жаңа компанияның тіркелуі, ірі холдингтің редомициляциясы және AIX-тегі жаңа бағалы қағаздардың орналастырылуы«, — деді.
Маңызды оқиғалар:
- АХҚО Global Financial Centres Index халықаралық рейтингінде Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі үздік қаржы орталығы ретінде көшбасшы орынды сақтауда;
- АХҚО экожүйесінде 10 000-ға жуық жұмыс орны құрылды (Қаржы орталығы құрылған сәттен бастап);
- Тіркелген компаниялар саны 4000-нан асты;
- Ресей мен Қазақстандағы ең ірі «Додо Пицца» пиццериялар желісі мен «Дринкит» цифрлық кофеханалар желісіне иелік ететін Dodo Brands холдингтік компаниясы Виргин аралдарынан АХҚО-ға редомициляция процесін аяқтады;
- АХҚО Сеул, Гонконг және Чэнду қалаларында AIFC Connect форматындағы іс-шаралар өткізіп, жергілікті кәсіпкерлерге қаржы орталығының мүмкіндіктерін таныстырды;
- АХҚО сарапшылары зерттеу бағытын жалғастырып, бірнеше талдамалық есеп пен шолу жариялады. Олардың қатарында азербайжандық ADA университетінің жанындағы Даму және дипломатия институтымен (IDD) бірлесіп дайындалған Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың тереңдеуі туралы талдау есебі; Қазақстандағы қорларды басқару есебі; көміртекті реттеу жүйесі бойынша шолу және креативті индустриялар туралы есеп бар.
Қор нарығы
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Astana International Exchange биржасындағы сауда айналымы шамамен 729 млн АҚШ долларын құрады (2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда +3,2%). Жаңа листингтер саны екі есеге жуық артты.
Биржа іске қосылғаннан бері тартылған капитал көлемі 8,9 млрд АҚШ долларына жетті, оның 1,9 млрд доллары 2025 жылдың бірінші жартысында тартылды.
Нарық қатысушылары: 56 сауда мүшесі, оның ішінде Қазақстан, Қытай, Еуропа және Таяу Шығыстан келген брокерлер (оның 5-і — 2025 жылы қосылған). 10 жаһандық кастодиан AIX орталық депозитарийінде (AIX CSD) субшоттарға ие.
AIX CSD-де 2,2 млн-нан астам бөлшек инвестордың есепшоты тіркелген.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына қарай 165 эмитенттің 301 бағалы қағазы листингке енгізілді. Қаңтар-маусым аралығында 86 жаңа листинг тіркелді.
AIX жаңартылатын энергияның шығу тегін растайтын халықаралық сертификаттары (I-REC) бойынша операциялар жүргізуге аккредитация алған әлемдегі тоғыз биржаның бірі атанды. Алғашқы мәміле Samruk-Green Energy мен британдық Valor Carbon компаниясы арасында жасалды. Маусым айында Банк ЦентрКредит AIX алаңында I-REC сертификаттарын сатып алған Қазақстандағы алғашқы банк болды.
Реттеу
Ү.ж. сәуір айында АХҚО-ның қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) «Providing Money Services (MSPs)» атты жаңа ережелерді қабылдады. Бұл финтех секторындағы жаһандық стандарттарға сәйкестікке бағытталған маңызды қадам болды. Ереже қолданыстағы реттеуді біріктіріп, ақша қызметтерінің аясын кеңейтеді және цифрлық активтерге арналған жаңа қызмет үлгілерін ұсынады. Сонымен қатар, тұтынушылардың құқығын қорғау мен киберқауіпсіздік шараларын күшейтеді.
AFSA бағалы қағаздар нарығын реттеушілердің IOSCO шеңберінде құрылған халықаралық ынтымақтастық және ақпарат алмасу механизмі — I-SCAN бастамасына ресми түрде қосылды.
AFSA алғаш рет фиат валютамен қамтамасыз етілген стейблкоин шығаруға лицензия берді. Лицензия AnchorX.KZ Limited компаниясына цифрлық активтер саласында төлем қызметтерін жүзеге асыратын эмитент ретінде берілді.
Тұрақты даму
АХҚО Жасыл қаржы орталығы ү.ж. мамыр айында «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының (ӘКК) әлеуметтік облигацияларына сыртқы бағалау берді. Бұл — Қазақстандағы алғашқы әлеуметтік облигациялар және ESG тақырыбы аясында шығарылған алғашқы ӘКК облигациялары болмақ.
Маусым айында Жасыл қаржы орталығы тұрақты даму қаржы құралдары бойынша жобалар жинақталған кейсбукті жариялады. Онда жалпы құны 650 млн АҚШ долларынан асатын жобалар енгізілді.
Сонымен қатар Жасыл қаржы орталығы «Қазақстандағы ESG саласындағы үздік консалтингтік компания» номинациясы бойынша Global Banking & Finance Awards 2025 сыйлығына ие болды.
Білім беру
2025 жылдың алғашқы 6 айында АХҚО Академиясы құқық және қаржы салаларында 236 маманды оқытты. Мемлекеттік және жеке сектор қызметкерлерінің кәсіби дағдыларын дамытуға бағытталған корпоративтік құқық, комплаенс-бақылау, жеке деректерді қорғау және АХҚО құқықтық инфрақұрылымы тақырыбында 19 тренинг өткізілді.
Академия BARBRI (құқық саласындағы халықаралық деңгейдегі үздік білім беру ұйымы) компаниясымен стратегиялық серіктестікті жалғастырып, Gold Agent мәртебесіне ие.
АХҚО Соты және Халықаралық төрелік орталығы
2025 жылдың 30 маусымына дейін АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) 3961 істі қарастырды. Оның ішінде 189 сот шешімі, 3772 төрелік шешімі мен медиация арқылы шешілген келісімдер бар.
Қаралған даулар шарттық міндеттемелер, құрылыс келісімшарттары, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалар, банк және қаржы қызметтері, жылжымайтын мүлік салаларын қамтыды.
34 елден келген инвесторлар коммерциялық дауларды шешу үшін АХҚО Сотын таңдады. Сот тізілімінде 39 юрисдикциядан 789 заңгер тіркелген.
АХҚО Соты мен ХТО Астана мен Алматы қалалары мен Армения, Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстанда орналасқан 8 елде тыңдау залдары бар. 2024 жылы Бейжіңде (ҚХР) Сот пен ХТО-ның кеңсесі ашылды.
Соңғы жеті жылда АХҚО Соты мен ХТО Оқыту орталығында 6000-нан астам адам білім алды. Бүгінгі таңда орталық — Еуразиядағы кәсіби заңгерлік дағдыларды дамыту бойынша жетекші хабтардың бірі болып табылады.