АХҚО Әкімшілігі мен Қатар қаржы орталығының Әкімшілігі деректерді қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды 

«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Әкімшілігі мен Қатар қаржы орталығының (QFC) Әкімшілігі Astana Finance Days 2025 форумы аясында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. 

Құжат екі жетекші қаржы орталығы арасындағы жеке деректерді қорғау саласындағы ынтымақтастықтың негізін бекітеді. Келісімнің мақсаты – жеке ақпараттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықаралық стандарттарды сақтау және сенімді деректерді қорғау тетіктеріне негізделген цифрлық қаржылық сервистерді дамыту бойынша білім, тәжірибе және үздік құралдарды бөлісуге жәрдемдесу. Сондай-ақ тараптар біліктілікті арттыру бағдарламаларын, оқыту семинарларын өткізу және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы жаңа сын-қатерлерді шешудің бірыңғай тәсілдерін әзірлеуді қамтитын бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға уағдаласты. 

АХҚО Әкімшілігі басқарма төрағасы БақтиярТілеубеков атап өтті: «Жеке деректерді қорғау – қаржы нарықтарына деген сенімнің негізгі элементі. QFC-мен осы келісімді жасасу арқылы біз АХҚО экожүйесінде құпиялылық пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи әрі тиімді тәжірибелеріне адалдығымызды растаймыз». 

Өз кезегінде Қатар қаржы орталығы Әкімшілігінің бас директоры Юсуф Мохаммед әл-Джайда былай деді: «Деректерді сенімді қорғау – қаржы саласының орнықты дамуының, оған деген сенімнің және трансшекаралық бизнесті қауіпсіз жүргізудің негізі. QFC бұл салада тиімді реттеуді дәйекті түрде жүзеге асырып келеді, ал АХҚО Әкімшілігімен әріптестік осы тетіктердің ауқымын кеңейтуге, екі платформа қатысушылары мен олардың юрисдикцияларына пайда әкелуге мүмкіндік береді». 

Меморандумға қол қою АХҚО мен QFC арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтудың кезекті қадамы болып, олардың Еуразия мен Таяу Шығыстағы қаржылық инновациялар мен халықаралық ынтымақтастықтың негізгі орталықтары ретіндегі мәртебесін растады. 

AIFC Services Assistant