АХҚО Академиясы білім беру бағдарламалары SDU-да оқытылады 

14 тамызда Алматыда «Астана» халықаралық қаржы орталығының Академиясы әзірлеген SDU майнор-бағдарламаларды SDU университетіне тапсыру рәсімі өтті. Білім беру модульдері заманауи қаржы тақырыптарын қамтып, SDU студенттеріне қаржы секторының әртүрлі бағыттары туралы өзекті білім береді. Модульдер студенттердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. 

SDU-ды қоса алғанда, қазақстандық университеттер үшін майнор-бағдарламаларды әзірлеу Freedom Broker қолдауымен «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры арқылы жүзеге асырылды. Бұл серіктестіктің негізі өзара түсіністік туралы тиісті меморандумға қол қойылған Astana Finance Days 2024 форумы аясында қаланған еді. 

Майнор-бағдарламалар – жоғары оқу орындарының жалпы білім беру бағдарламаларының бөлігі саналатын сертификаттау түріндегі қысқамерзімді курстар. Бағдарлама ұзақтығы олардың түріне және күрделілігіне байланысты 3 айдан 4 айға дейін созылады. 

Берілетін майнор-бағдарламалардың ішінде, мысалы, «Туынды бағалы қағаздар – опциондар», «Активтерді басқару», «Қаржы нарығын реттеу», «Халықаралық коммерциялық дауларды шешу» және басқалары болады. Олар студенттерге дағдылар мен білімді кеңейтуге, оларды еңбек нарығында анағұрлым бәсекеге қабілетті етуге және пәнаралық тапсырмаларға жақсы дайындалуға қосымша мүмкіндіктер беруге арналған. 

АХҚО Академиясының бас атқарушы директоры Балжан Мырзабаева: «Майнор-бағдарламалар студенттерге жаңа және перспективалы салаларда қосымша дағдыларды ұсына отырып, еңбек нарығының өзгерістері мен талаптарына тез бейімделуге көмектеседі. Студенттер қосымша құзыреттерге ие болып, ал қаржы секторы өзекті білімі бар даярланған кадрлардың нарыққа шығуы арқасында тұрақты өсуге мүмкіндік алады. АХҚО Академиясы қаржы саласындағы өз дағдылары мен тәжірибесін бере отырып, Қазақстандағы жоғары білім беруді дамыту процесінің бір бөлігі болғанына қуанышты». 

SDU Құқық және бизнес мектебінің деканы Берік Сәбденалиев: «АХҚО Академиясымен әріптестік – біздің мектеп үшін стратегиялық қадам. Біз алғаш рет нарықтың жетекші сарапшылары әзірлеген басқару және қаржы саласындағы майнор-бағдарламаларды енгізіп жатырмыз. Бұл біздің студенттерімізге жаһандық бәсекелестікті ескере отырып, келешекте мансап құруға деген сенімділік береді, бұған біз аса қуаныштымыз. Біз бірлесіп осындай бағдарламалардың түрлерін кеңейтіп, жаңа буын мамандарын дайындайтын университет ретінде SDU позициясын нығайта алатынымызға сенімдімін». 

Freedom Broker білім беру жобалары департаментінің директоры Жанна Кашенова: «АХҚО Академиясының майнор-бағдарламаларын SDU университетіне берілуі – заманның күрделі сын-тегеуріндеріне жауап беруге дайын мамандардың жаңа буынын қалыптастыруға қосқан маңызды үлес. Біз тәжірибеге бағдарланған білімнің, академиялық базаның және нақты нарықпен тікелей байланыстың үйлесімі студенттерге жай ғана бастапқы мансаптық мүмкіндік беріп қоймай, Қазақстанның жаңа қаржылық ландшафтының архитекторы атануға нақты миссия бере алатынына сенімдіміз. Біз осындай стратегиялық маңызды бастамалардың Freedom Broker және «Freedom Шапағат» корпоративтік қорының қолдауының арқасында мүмкін болатынын мақтан тұтамыз. Бұл бизнестің білім беру арқылы елдің ұзақ мерзімді дамуына қалай инвестиция сала алатынының жарқын мысалы».   

Білім беру процесіне майнор-бағдарламаларды енгізу ағымдағы оқу жылында басталады деп жоспарланып отыр. SDU Заң және бизнес мектебінің жоғары курс студенттері оларды қаржы саласындағы маңызды бағыттарды зерделеп, өз білімдерін жетілдіру үшін таңдай алады. 

Анықтамалық ақпарат:       

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. 

SDU Заң және бизнес мектебі – университеттің құқық, менеджмент, экономика, маркетинг және қаржы саласындағы мамандарды даярлайтын  жетекші факультеттерінің бірі. Бағдарламалар халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және теорияны практикамен үйлестіреді, ал бизнес және ұйымдармен серіктестік студенттерге тағылымдамадан өтуге және нақты жобаларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. 

Freedom Broker («Фридом Финанс» АҚ) өз клиенттеріне KASE және AIX-те брокерлік қызмет көрсетуді, бағалы қағаздардың баға белгілеулерін қолдау жөніндегі маркетмейкердің қызметтерін, борыштық және үлестік қаржыландыруды ұйымдастыруды, қаржылық консалтинг саласындағы қызметтерді ұсынады. 

Freedom Finance Global – жеке инвесторларға қызмет көрсетуге маманданған жаңа мүмкіндіктері бар брокер. Компания АХҚО-да тіркелген, AFSA-дан лицензия алған және ағылшын құқығының элементтерімен қызметті жүзеге асырады. Freedom Finance Global клиенттері халықаралық қаржы нарықтарындағы NYSE/NASDAQ, London Stock Exchange, HKEX, Frankfurt Stock Exchange), KASE және AIX-тегі биржалық операцияларға, сондай-ақ холдингтің ең танымал және сұранысқа ие қызметі – бастапқы орналастыруларға (IPO) қатысуға тікелей қол жеткізе алады.  

Компаниялар Freedom Holding Corp. халықаралық инвестициялық тобына кіреді. Холдингтің акциялары Nasdaq Capital Market-те FRHC белгісімен орналастырылған. Freedom Holding Corp. қызметін Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссия (SEC, АҚШ) реттейді. 

«Freedom Шапағат» корпоративтік қоры Freedom Holding Corp. ESG-жобаларын іріктеу және сүйемелдеу процесін оңтайландыру мақсатында құрылды. Қор өзінің инвестициялық стратегиясының негізгі бағыты ретінде экологиялық, әлеуметтік және басқару факторларына назар аударады. 

AIFC Services Assistant