АХҚО авиацияны экологиялық орнықты дамыту саласында ICAO-мен ынтымақтастықты нығайтады
«Астана» халықаралық қаржы орталығында АХҚО өкілдерінің Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық бюросының (ICAO EUR/NAT) өңірлік директоры Николас Ралломен, Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиевамен және Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің өкілдерімен кездесуі өтті.
Қатысушылар авиацияны экологиялық орнықты дамыту саласындағы бірлескен бастамаларды талқылады. АХҚО өңірде декарбонизацияға ықпал ететін «жасыл» және технологиялық шешімдерді ілгерілетуде елеулі рөл атқара түскені атап өтілді.

Кездесуді ашқан АХҚО әкімшілігінің басқарма төрағасы Бақтияр Тілеубеков инновацияларды енгізу және орнықты авиациялық экожүйені дамыту үшін халықаралық ұйымдармен әріптестіктің маңыздылығын атап өтті.
«АХҚО халықаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және Қазақстан мен аймақтың заманауи әрі бәсекеге қабілетті авиациялық экожүйесін дамыту үшін мемлекеттік органдарды, бизнес пен сараптамалық қоғамдастықты біріктіретін платформа болуға ұмтылады. Aviation Finance Hub бастамаларының бірі аясында біз таза, тиімді және экологиялық орнықты әуе көлігінің негізін қалап, экологиялық орнықты жобаларды дамыту және «жасыл» бастамаларды қолдау үшін платформа құрып жатырмыз», – деп атап өтті АХҚО өкілдері.
Кездесу барысында АХҚО әкімшілігі Орталықтың және Aviation Finance Hub мамандандырылған бөлімшесінің қызметімен таныстырды, бұл хаб коммерциялық және жүк әуе кемелерінің лизингі, оқыту, экологиялық орнықты авиация, авиациялық жобаларды қолдау, инвестициялар тарту және халықаралық ынтымақтастықты дамытуды қоса алғанда, авиациялық-қаржылық экожүйені дамыту үшін құрылған. АХҚО аймақтың стратегиялық қаржылық-инвестициялық хабы екендігі, қаржы қызметтері, финтех, ислам және «жасыл» қаржы саласындағы жобаларды, сондай-ақ орнықты даму бастамаларын белсенді түрде ілгерілетіп келе жатқаны атап өтілді. ICAO-мен диалог Қазақстанның Азаматтық авиация саласындағы жаһандық мақсаттарға және үздік халықаралық практикаларға бейілділігінің растауы болды.

Кездесу соңында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі (ҚАӘ) мен АХҚО әкімшілігі арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат серіктестікті нығайтуға, халықаралық тәжірибе алмасуға және авиация саласында экологиялық орнықты даму қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған. Серіктестік бірлескен бастамаларды, білім алмасуды және Қазақстанның авиациялық экожүйесінде экологиялық жауапты тәжірибелерді енгізуді көздейді.
АХҚО-ның ICAO-мен және ұлттық авиациялық органдармен өзара іс-қимыл жасауы Орталықтың орнықты өсу қағидаттарына бейілділігін және Қазақстанның «жасыл» авиация саласындағы өңірлік көшбасшы ретіндегі позициясын нығайту жөніндегі күш-жігерін көрсетеді.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
ICAO (International Civil Aviation Organization) – Халықаралық азаматтық авиацияның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін стандарттарды және ұсынылатын практиканы (SARPs) әзірлеп, белгілейтін БҰҰ-ның мамандандырылған агенттігі.
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы
Тел: +7 701 777 65 58
E-mail: [email protected]