АХҚО Бейжіңде өз инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды 

28 тамыз күні “Астана” халықаралық қаржы орталығы Бейжіңде AIFC Connect атты іскерлік іс-шара ұйымдастырды. Негізгі мақсат – қытайлық кәсіпкерлер мен қаржы институттарына қаржы орталығының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру, жаңа әріптестіктердің іргесін қалау және шетелдік бизнесті Қазақстанда жұмыс істеуге тарту. Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясымен серіктестікте өткен іс-шараға инвестициялық компаниялар, банктер, активтерді басқару құрылымдары және өзге де қаржы институттарының менеджментін қоса алғанда, 100-ден астам қытайлық компания өкілдері қатысты. 

Іс-шараны құттықтау сөзімен Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің Кеңесші-уәкілі Қуаныш Амантай ашты. 

Өз сөзінде ол екі ел арасындағы қатынастардың стратегиялық сипатын және сауда-экономикалық байланыстардың қарқынды дамуын атап өтті. Мұны статистикалық деректер де дәлелдейді: “Қытай дәстүрлі түрде Қазақстан экономикасына инвестиция көлемі бойынша алдыңғы бестіктегі елдердің қатарында. Қазақстан — Орталық Азия аймағында Қытайдың ең ірі сауда серіктесі. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы шамамен 44 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстаннан Қытайға жеткізілетін отандық өнімнің көлемі де, тізілімі да артып келеді, бұл біздің экспорт құрылымын әртараптандыруға ықпал етіп жатыр. Инвестициялық ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Бірлескен инвестициялық жобаларды қолдаудың үкіметаралық тетігі жұмыс істейді. Жыл сайын тараптар жүзеге асыратын инвестициялық жобалар қамтитын жаңа салалар саны артып жатыр. Басымдық Қазақстандағы қайта өңдеу, терең өңдеу және өндірісті дамытуға бағытталған жобаларға беріледі. Бағалау деректері бойынша, елімізде қытайлық инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 66 млрд АҚШ долларынан асатын 220-дан астам түрлі жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы бірлескен жобалардың бірі бүгінде Гонконг пен Астана биржаларында қосарлы листингтен өтіп жатыр. Бұл оқиға екі елдің бірлескен инвестициялық жобаларын іске асырып жүрген немесе оны қарастырып жатқан компаниялар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын сөзсіз арттырмақ”.  

Одан кейін Гонконгтағы HKEX биржасында және Астанадағы Astana International Exchange алаңында Jiaxin International Resources Investment Limited тау-кен компаниясы акцияларының қосарлы листингінің тікелей трансляциясы өтті. 

Гонконгтық Jiaxin International Resources Investment Limited компаниясы Алматы облысындағы Бұғыты вольфрам кен орнын өзінің еншілес кәсіпорны – “Жетісу Вольфрамы” ЖШС арқылы игеріп келеді. Бұл – вольфрам қоры бойынша әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі, онда 107,5 млн тонна кен қоры бар. 

Акцияларды орналастыру барысында тартылған қаражатты компания өндірістік қуатты ұлғайтуға, терең өңдеу қондырғыларын салуға және Орталық Азиядағы түсті металдар саласындағы жаңа жобаларды дамытуға бағыттауды жоспарлап отыр. 

Іскерлік бағдарламаны спикерлердің презентациялары жалғастырды. Өз баяндамаларында АХҚО мүмкіндіктері, елдің инвестициялық әлеуеті және Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың перспективалары туралы АХҚО Басқарушысының кеңесшісі Темірлан Мұханбетжанов, Astana International Exchange қаржы директоры Жарас Мұсабеков, “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Диана Арысова, Shanghai Stock Exchange атқарушы директоры Чжу Шэн, CICC басқарушы директоры Барри Чан және басқа да спикерлер сөз сөйледі. 

АХҚО Басқарушысының кеңесшісі Темірлан Мұханбетжанов былай деп атап өтті: “Бүгінде қалыптасып отырған күрделі жаһандық экономикалық жағдайда кәсіпкерлер үшін өз бизнесін дамытуға мүмкіндік беретін тұрақты, болжамды және ашық жұмыс шарттары ерекше маңызға ие. “Астана” халықаралық қаржы орталығы мәмілелерді құрылымдауға, капитал тартуға және ірі жобаларды жүзеге асыруға арналған тиімді әрі қолайлы платформа ұсынады. Бұл, әсіресе, “Орта дәліз” аясында инфрақұрылымды дамыту және қытай бизнесі үшін қызығушылық тудыратын өнеркәсіптік кооперация жоспарлары тұрғысынан өзекті болып отыр”. 

“ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Диана Арысова бүгінгі күні ҚМГ компаниялар тобы өндірістік циклдің барлық кезеңі — геологиялық барлау, өндіру, қайта өңдеу және тасымалдау, сондай-ақ мұнай-газ химиясын қамтитынын айтты. Компания еліміздегі мұнай өндірудің 27%-ын, тасымалдаудың 57%-ын және қайта өңдеудің 80%-ын қамтамасыз етеді. 

ҚазМұнайГаздың операциялық және қаржылық қызметінің тиімділігі жетекші халықаралық рейтингтік агенттіктер тарапынан мойындалған. Бүгінде барлық үш агенттіктің рейтингтері инвестициялық деңгейде және Қазақстан Республикасының егеменді рейтингтерімен сәйкестендірілген. Компания теңгерімді қаржылық саясатты ұстанады және барлық міндеттемелерін уақытылы орындайды, бұл оның сенімділігін және жоғары кредиттік қабілеттілігін дәлелдейді”, – деп атап өтті Диана Арысова.  

Astana International Exchange (AIX) қаржы директоры Жарас Мұсабеков былай деді: “Дәл бүгін Қазақстан мен Қытай қор нарықтары үшін тарихи листинг өтті – Jiaxin International Resources тау-кен компаниясы бір уақытта Гонконг қор биржасында және Astana International Exchange (AIX) алаңында IPO-ға шықты. Бұл – екі ел биржаларындағы алғашқы қосарлы листинг, “Бір белдеу – бір жол” сегментіндегі алғашқы IPO және Қытай юанінде номиналданған Орталық Азиядағы алғашқы IPO. Біз Jiaxin International Resources-тен кейін екі нарықтың әлеуетін пайдалануға ниетті өзге де эмитенттер келеді деп үміттенеміз”. 

Тамыз айының ортасына қарай АХҚО юрисдикциясында қытайлық капиталдың қатысуымен 835 компания тіркелді, соның ішінде тек осы жылдың алғашқы жеті айында ғана шамамен 200 жаңа компания қосылды. Олардың барлығы сауда, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, қаржылық қызметтер мен сақтандыру, өңдеу және тау-кен өнеркәсібі, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет, көлік, логистика және құрылыс салаларында жұмыс істейді. 

Айта кетейік, “Астана” халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) GFCI рейтингі бойынша Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінде жетекші қаржы орталығы болып саналады. 2018 жылдан бері өз жұмысын бастаған уақыттан бері АХҚО алаңы арқылы Қазақстан экономикасына 17 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартылды. Бүгінде АХҚО юрисдикциясында АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Түркия, Корея Республикасы, Сингапур және басқа да елдерді қоса алғанда, әлемнің 85 елінен 4 200-ден астам компания тіркелген. 

Анықтамалық ақпарат: 

“Астана” халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – Қазақстан экономикасын дамыту, инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу, бизнес құру мен жүргізуге қолайлы құқықтық және реттеуші ортаға, сондай-ақ дамыған инфрақұрылымға ие тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz 

AIFC Connect – қаржы және өнеркәсіп секторларындағы сарапшылар мен компаниялардың топ-менеджерлерін АХҚО бастамаларымен және Қазақстандағы бизнес жүргізу үшін қолжетімді инвестициялық мүмкіндіктермен таныстыратын эксклюзивті кездесулер форматы. Бұл уақытқа дейін AIFC Connect 2023 жылы Сингапурде, 2024 жылы Лондонда және Дубайда, 2025 жылы Сеул мен Гонконгта өтті. 

AIFC Services Assistant