АХҚО-да орнықты даму туралы ақпаратты ашу жөнінде тренинг өтті

16 сәуірде «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында орнықты даму туралы ақпаратты ашу жөнінде тренинг-семинар өтті. Қазақстан мен Орталық Азиядан келген қаржы институттары мен листингтен өткен компаниялар үшін іс-шараны АХҚО Жасыл қаржы орталығы («Жасыл инвестициялар қағидаттары» өңірлік кеңсесі немесе GIP) және Сертификатталған бухгалтерлер алқасының қауымдастығы (АССА) ұйымдастырды. ЭЫДҰ, Орнықты инвестициялар саласындағы әлеуетті арттыру альянсы (CASI) және EY компаниясы қолдау көрсетті.
Семинардың мақсаты – өңірімізде орнықты дамуы туралы ақпаратты ашудың S1 және S2 ХҚЕС жаңа халықаралық стандарттарының енгізілуіне қолдау білдіру. Қазіргі уақытта жаһандық капитал нарықтары компаниялардан орнықты дамумен байланысты тәуекелдер және оларды басқару туралы, сондай-ақ энергетикалық ауысудың ілеспе мүмкіндіктері мен жоспарлары туралы дәйекті әрі тексерілетін ақпаратты талап етеді. Мұндай ақпарат инвесторларға компанияларға ресурстар беру туралы неғұрлым негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Осы қажеттіліктерге жауап ретінде 2023 жылдың маусымында ХҚЕС (Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары) қоры жанындағы Орнықты даму стандарттары жөніндегі халықаралық кеңес (ISSB) екі стандартты шығарды: ХҚЕС (IFRS) S1 «Орнықты дамуға байланысты ақпаратты ашуға қойылатын жалпы талаптар» және ХҚЕС (IFRS) S2 «Климатпен байланысты ақпаратты ашу».
Біріншісі орнықты дамуға қатысты тәуекелдер мен мүмкіндіктер туралы ақпаратты ашу талаптарын айқындаса, екіншісі климаттың өзгеруіне және соған байланысты тәуекелдерді жұмсарту және оларға бейімделу шараларына қатысты ақпаратты ашуға шоғырланған. Екі стандарт та 2024 жылдың 1 қаңтарынан немесе одан кейіннен бастап есепті кезеңдер үшін қолданылуы мүмкін.
Манас Гиждуаниев, АХҚО Жасыл қаржы орталығының бас директоры былай деп түсіндірді: «Астана» халықаралық қаржы орталығы экологиялық және әлеуметтік жауапты инвестицияларға өсіп келе жатқан сұранысқа жауап бере отырып, Қазақстандағы орнықты қаржыландыру дамуының алдыңғы шебінде тұр. АХҚО Жасыл қаржы орталығы БҰҰДБ қолдауымен ағымдағы жылы ISSB стандарттарын (ХҚЕС 1 және 2) толығырақ енгізу үшін ESG-ақпаратты ерікті ашу жөніндегі қолданыстағы AIX нұсқаулығын жаңарту бойынша жұмыс істейтін болады. Біз олар Қазақстандағы және тұтас өңірдегі орташа мерзімді перспективада орнықты даму жөніндегі есептіліктің №1 стандартына айналуы керек деп күтеміз. Сондай-ақ ЖҚО компанияларға ESG-практикаларды жақсартуға, халықаралық стандарттарға сәйкес қаржылық емес ақпаратты ашуға қолдау көрсетуді жалғастыруда».
Чен Лин, CASI Хатшылығының басшысы: «Орталық Азияда орнықты қаржыландыру қарқын алуда және орнықты даму саласында ақпаратты ашу осы процестің ажырамас бөлігіне айналып жатқанын көру ерекше қуантады. GIP және CASI-де біз институционалдық деңгейде де, жеке деңгейде де әлеуетті дамытуды әрқашан бірінші орынға қоямыз. Өткен семинар осы жолдағы маңызды бастама болды. Біз орнықты дамудың күн тәртібін бірлесіп ілгерілету үшін Орталық Азиядағы, сондай-ақ басқа да қалыптасып жатқан нарықтар мен дамушы экономикалары бар елдердегі серіктестермен ынтымақтастығымызды одан әрі тереңдетуге үміттенеміз», – деп түсіндірді.
Жанна Искенова, Қазақстан мен Орталық Азиядағы АССА басшысы: «Орнықты даму саласындағы халықаралық стандарттар жөніндегі кеңестің негіздемелік серіктесі ретінде ACCA ЭЫДҰ, Орнықты инвестициялар саласындағы әлеуетті ұлғайту жөніндегі альянс (CASI) және EY қолдау көрсететін АХҚО Жасыл қаржы орталығымен ынтымақтасуға қуанышты. Семинар өңірдегі осы маңызды тақырып бойынша білім деңгейін түсінуге тамаша мүмкіндік берді. Орнықты дамудың халықаралық стандарттарын енгізуге деген берік бейілділікті көру жігерлендірді», – деп атап өтті.
Сонымен қатар жергілікті және аймақтық контекстті ескеретін, ғылыми тұрғыдан негізделген, практикалық және тиімді ауысу жоспарына деген қажеттілік артып келеді. Негізгі аспектілердің қатарында – әділ ауысу, декарбонизацияның тиісті жолдары, технологияларға қолжетімділік, сондай-ақ мемлекет пен жеке сектордан ауысуға инвестициялар аталады.
АХҚО Жасыл қаржы орталығының, ACCA, ЭЫДҰ, CASI және EY сарапшылары қатысушылар үшін орнықты даму, қоршаған ортамен байланысты жаңа стандарттар мен тәуекелдер туралы ақпаратты ашудағы жаһандық өзгерістер тақырыптары бойынша таныстырылымдар мен практикалық воркшоптар өткізді. Іс-шараға Орталық Азия ұйымдарының 200 өкілі, оның ішінде 50-уі офлайн және 150-уі онлайн-режимде қатысты.
Қаржы институттары мен листингтен өткен компаниялар үшін осындай тренинг өткізу ақпаратты ашудағы жаһандық өзгерістерді жақсырақ түсінуге және бизнес-қоғамдастықты жаңа стандарттарды тиімді енгізуге дайындауға көмектеседі.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция.
АХҚО Жасыл қаржы орталығы Орталық Азиядағы орнықты қаржыландыру саласындағы жетекші ұйым. Climate Bonds Initiative (CBI) және Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығы (International Capital Market Association, ICMA) тарапынан аккредиттелген бұл Орталық аймақта орнықты қаржыландыруды дамытуға жәрдемдесу үшін верификациялау және консультациялар беру қызметтерін ұсынады.
Дипломды сертификатталған бухгалтерлер қауымдастығы (ACCA) – бұл бухгалтерлік есеп саласындағы бүкіл әлемде танылған кәсіби орган, біліктілікті қамтамасыз етеді және бүкіл әлем бойынша бухгалтер кәсібінің стандарттарын көтеруге ықпал етеді. 1904 жылы бухгалтер мамандығына қолжетімділікті арттыру мақсатында құрылған ACCA өзінің бүкіл тарихында инклюзивтілікті жақтап келеді және бүгінде 180 елде 252 500-ден астам белсенді мүшесі мен 526 000 болашақ мүшесі бар әртүрлі қауымдастықты абыроймен қолдап отыр.
Орнықты инвестициялар саласындағы әлеуетті арттыру альянсы (CASI) – «орнықты қаржыландыру туралы білімнің жаһандық агрегаторы мен дистрибьюторын» қалыптастыру арқылы дамушы елдер үшін орнықты қаржыландыру әлеуетін арттыру бойынша жоғары сапалы және жоғары тиімді қызметтерді ұсынуға бағытталған халықаралық ынтымақтастық платформасы. 2023 жылдың желтоқсанында ресми іске қосылғаннан бері CASI-де 60-тан астам мүше ұйымдары, соның ішінде қаржы компаниялары, қауымдастықтар, ҮЕҰ, қызмет көрсету стартаптары және Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америкасы, Африка, Таяу Шығыс және басқа да дамушы нарықтарды қамтитын жоғары оқу орындары бар.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) – бұл мемлекеттік саясат саласындағы деректерді, аналитикалық материалдарды және озық тәжірибені ұсынатын форум және білім орталығы. ЭЫДҰ бүкіл әлем бойынша 100-ден астам елмен ынтымақтасады.
EY – кәсіби қызмет көрсететін компаниялардың халықаралық желісі, оның штаб-пәтері Ұлыбританияның астанасы Лондонда орналасқан. EY-кәсіби қызмет көрсету саласындағы әлемдегі ең ірі желілердің бірі. Компания қызметінің негізгі бағыттарына аудит, салық салу, ақпараттық технологиялар, консалтинг және консультациялар беру жатады. s one of the largest professional services networks in the world. It primarily provides assurance, tax, information technology services, consulting, and advisory services to its clients.







