АХҚО-да Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы іскерлік ынтымақтастық талқыланды 

2025 жылғы 9 маусымда Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) алаңында Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы экономикалық ынтымақтастық тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Екі елдің өкілдері өзара сауда, инвестиция және туризмді кеңейту әлеуеті мен мүмкіндіктерін талқылады. 

АХҚО Әкімшілігінің Қаржы директоры және әкімшілік мәселелер жөніндегі жетекшісі Бахтияр Тілеубеков өз құттықтау сөзінде былай деп атап өтті: «Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы дөңгелек үстел екі ел арасындағы мазмұнды диалог пен тәжірибелік серіктестікті нығайтуға деген ортақ ұмтылысты көрсетеді. Бұл алаң жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, экономикалық ынтымақтастықтың негізгі салаларында терең байланыс орнатуға ықпал етеді деп сенеміз.» 

Солтүстік Македонияның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Тимчо Муцунски да қос елдің бизнес-қауымдастықтарына арналған құттықтау сөзін сөйледі: «Бұл платформа екі тарапқа да тиімді болатын одан әрі ынтымақтастықты орнатуға көмектесетініне сенімдімін. Сауда және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту үшін орасан зор әлеует бар.» 

Бахтияр Тілеубеков македониялық делегацияға АХҚО ұсынатын мүмкіндіктер — бизнес жүргізу, мәмілелер құрылымдау және инвестиция тарту құралдарын таныстырды. Бүгін АХҚО Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы №1 қаржы орталығы болып табылады. Қаржы  орталығы 80+ елден 3 900-дан астам компанияны біріктіреді, оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Түркия, Сингапур және басқа елдер бар. 2018 жылдан бері АХҚО қолдауы арқылы Қазақстан экономикасына 14,8 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция тартылды. 

Солтүстік Македония делегациясы өндірістік-технологиялық секторға инвестиция тарту және туризмді дамыту әлеуетін ұсынды. Экономикалық ынтымақтастық мәселесі бойынша баяндаманы Технологиялық және индустриялық даму аймақтары дирекциясының басшысы Гоце Димовски жасаса, туризм саласын Ұлттық туризм жөніндегі үйлестіруші Аккан Махмут таныстырды. 

Сонымен қатар, инвестициялық серіктестік, туризм және бизнес жүргізу мүмкіндіктері туралы Kazakh Invest басқарма төрағасының орынбасары Азамат Қожанов, Kazakh Tourism басқарма төрағасы Қайрат Садуақасов және «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының кеңесшісі Қанат Алин сөз сөйледі. 

Қанат Алиннің айтуынша, өзара сауданың дамуы тікелей іскерлік орта белсенділігіне байланысты, бұл бағытта оң динамика байқалады. Қазақстанда кәсіп жүргізуге қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан, оған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының қызметі ықпал етуде. 

Қазақстанның Солтүстік Македониядағы Елшісі Сатыбалды Бұршақов пен Солтүстік Македониядан келген дипломаттар да іс-шараға қатысты. 

Бұл дөңгелек үстел екі ел арасындағы серіктестікті нығайту және өзара тиімді экономикалық өзара іс-қимылды кеңейту жолындағы маңызды қадам болмақ. 

Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту әлеуеті жоғары. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 7,4 млн АҚШ долларын құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 64,4%-ға артты. Қазақстанда македониялық капитал қатысатын 11 компания жұмыс істейді. 

Еске сала кетейік, ү.ж. 28 мамырында өткен екіжақты кездесу барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновская-Давкова ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, қаржы және туризм сияқты келешегі зор бағыттарға ерекше назар аударды. Мемлекет басшылары македониялық Alkaloid фармацевтикалық компаниясының Қазақстанда өкілдік ашу туралы шешімін құптады. 

Анықтама: 
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (МФЦА) — Қазақстан экономикасын дамыту, инвестиция тарту, жұмыс орындарын құру және бизнес ашу үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортаға ие, заманауи инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz 

AIFC Services Assistant