АХҚО деректермен жұмыс істеуге арналған әмбебап платформа – AIFC Data Marketplace іске қосады

АХҚО кең ауқымды салалардан аналитикалық деректерді ұсынушылар мен пайдаланушыларды біріктіретін бірегей цифрлық платформа – AIFC Data Marketplace іске қосады.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, деректер экономикасы біраз уақыттан бері қалыпты тәжірибеге айналды, AWS Data Exchange, Snowflake, Dawex, Ocean Protocol сияқты платформалар корпоративтік, мемлекеттік және зерттеу секторларында деректерді сатып алуға, бөлісуге және монетизациялауға сұраныстың артып келе жатқанын көрсетуде. Бұл платформалар компанияларға деректер жиынтығымен қауіпсіз жұмыс істеуге, тіпті оларды токендеуге, жоғары реттеуші талаптарды орындауға және деректерді экономикалық актив ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Қазақстан деректермен ашық және өркениетті алмасу үшін өз инфрақұрылымын құра отырып, осы жаһандық трендпен бірге алға жылжуда.

Платформа (https://datamarketplace.kz/)  деректер жиынтығын – ірі ұйымдардан бастап жеке сарапшыларға дейін сатып алғысы немесе сатқысы келетін барлық тұлғалар үшін ашық. Әрбір деректер жиынтығы лицензия бойынша беріледі әрі жеткізушінің зияткерлік меншігі болып қалады. Деректер жеткізушілері өздерінің деректер жиынтығын жариялаудың заңдылығы үшін жауап береді. Платформа деректерді бөлісу және оны тиімді пайдалану үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы кеңістік жасайды.

Қазірдің өзінде платформаға алғашқы сұраулар, мысалы, коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығынан келіп түсуде.

Платформа аналитикамен, модельдеумен және цифрлық өнімдермен жұмыс істейтіндер, соның ішінде:

  • сапалы деректер көздеріне қол жеткізуді қажет ететін деректер аналитиктері мен зерттеушілері;
  • деректер негізінде шешім қабылдайтын маркетологтар, өнім және бизнес командалары;
  • ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізетін ғылыми орталықтар мен университеттер;
  • ашық деректер мен цифрлық сервистерді дамытуға ұмтылатын мемлекеттік ұйымдар;
  • өздерінің иесіздендірілген деректерін монетизациялауды және оларды коммерцияландыру арналарын кеңейтуді қалайтын компаниялар үшін ерекше қызығушылық тудыруы мүмкін.

«Нарық ақпаратты тиімді және ашық түрде монетизациялау үшін пісіп-жетілді. Snowflake пен Bloomberg тәжірибелерінен шабыт алып, біз осы үдерісті қамтамасыз ететін заманауи инфрақұрылым құрдық. Біздің философиямыз қарапайым: деректер – бұл табыс пен инвестицияның жаңа түрі, компанияларға өз бизнесін әртараптандыруға, ал инвесторларға – өсудің жаңа нүктелерін табуға мүмкіндік беретін қолжетімді құрал деп санаймыз», – деп атап өтті АХҚО әкімшілігінің инновациялар жөніндегі бас директоры Талғат Аманбаев.

Платформа деректермен алмасу үшін қатаң заң моделін: құпиялылық саясатын, пайдалану шарттары және деректерді беру туралы келісімді қолданады. Платформа мәмілелердің ашықтығын және Қазақстан Республикасы мен АХҚО стандарттары мен қолданыстағы заңнамасына сәйкестігін қамтамасыз етеді. 

Анықтамалық ақпарат:   

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz    

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы

E-mail: [email protected]

AIFC Services Assistant