АХҚО Экспат орталығы мен «Эйр Астана» Astana Finance Days 2025 аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

«Астана» халықаралық қаржы орталығының Экспат орталығы мен «Эйр Астана» АҚ Astana Finance Days 2025 форумы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат АХҚО Экспат орталығының Адалдық бағдарламасын ілгерілету үшін ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді. Бағдарлама шетелдік азаматтарға, соның ішінде инвесторларға, халықаралық сарапшыларға және АХҚО қатысушыларына Қазақстанға келу, бейімделу және тұру үшін жайлы жағдай жасауға бағытталған.
Бағдарлама қатысушыларына Экспат орталығының серіктестерінен білім беру, медициналық және сақтандыру ұйымдарының, жылжымайтын мүлік агенттіктерінің, сондай-ақ өзге де негізгі қызметтерді ұсынатын компаниялардың ұсыныстарын қоса алғанда, қызметтердің кең ауқымы мен премиум шарттарға қол жеткізу мүмкіндігі беріледі.
Меморандумға АХҚО Әкімшілігінің клиенттермен жұмыс жөніндегі бас директоры Бауыржан Канкин мен «Эйр Астана» әуе компаниясының атқарушы қаржы директоры Ибрахим Жанлыел қол қойды.
Салтанатты рәсім барысында тараптар келісімнің маңыздылығын атап өтті. Бауыржан Канкин былай деді: «Біз Air Astana компаниясымен ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және логистика мен әуе тасымалдары саласындағы негізгі серіктестердің бірі ретінде бұл компания маңызды рөл атқаратынына сенімдіміз, өйткені көптеген адамдар үшін елімізбен алғашқы танысу дәл осы компаниядан басталады. Бұл бастаманы дамыту Қазақстандағы АХҚО-ға қатысушы шетелдік инвесторлар үшін жайлы әрі қолайлы орта құру жөніндегі жұмысымызда маңызды рөлге ие».
Өз кезегінде Ибрахим Жанлыел былай деп пікір қосты: «Air Astana шетелдік инвесторлар, сарапшылар мен АХҚО қатысушылары үшін қолайлы жағдай жасау арқылы Қазақстанға инвестициялар тарту ісінде АХҚО платформасындағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті».
Анықтама үшін:
АХҚО Экспат орталығы – шетелдік инвесторлардың, АХҚО қатысушыларының қызметкерлерінің және Астанаға келген шетелдік азаматтар үшін ел аумағында болуына қолайлы жағдайлар жасауға, сондай-ақ шетелдік азаматтардың қазақстандық қоғамға кедергісіз кірігуін қамтамасыз етуге арналған мамандандырылған көпфункционалды орталық. Экспат орталығы мемлекеттік қызметтердің кең спектріне, сондай-ақ ағылшын тілінде «бір терезе» қағидаты бойынша әлеуметтік интеграция қызметтеріне қолжетімділікті ұсынады.