АХҚО Гонконг кәсіпкерлері үшін бизнес іс-шара өткізді

22 мамырда «Астана» халықаралық қаржы орталығы Гонконг қаласында Астана мен Гонконг арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ жаңа серіктестіктерді қалыптастыруға және шетелдік кәсіпкерлерді АХҚО алаңы арқылы бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған AIFC Connect бизнес іс-шарасын өткізді. Іс-шараға Гонконг компанияларының 120-дан астам өкілі, соның ішінде банктердің, инвестициялық және сақтандыру компанияларының топ-менеджменті қатысты. 

AIFC Connect алаңында Қазақстанның капитал нарығының болашағы, Орталық Азия аймағындағы қаржылық қызметтердің ландшафты және инвесторлардың құқықтарын қорғау, халықаралық деңгейдегі дауларды шешу тетіктерін ұсынудағы АХҚО-ның бірегей рөлі туралы салалық сарапшылардың қатысуымен бірқатар пікір алмасулар ұйымдастырылды. 

Іс-шараны АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров пен Гонконг үкіметінің «Бір белдеу, бір жол» бастамасы жөніндегі уәкілі Николас Хоның алғысөздермен ашты. Бұдан кейін CICC Ғаламдық институтының басқарушы директоры Ян Чжао іс-шара қатысушыларына Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық тақырыбында шолу жасады. 

«Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Ренат Бектұров: «Еуропа мен Азия түйісетін тұстағы стратегиялық орналасуының арқасында Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың, Қытай мен Каспий өңірі елдерінің негізгі нарықтарына тікелей қол жеткізе алады. Әлемнің өзгеріп жатқан геосаяси бейнесі мемлекеттерді сыртқы нарықтарға шығудың жаңа жолдарын іздеуге және дәстүрлі логистикалық бағдарларды қайта қарауға ынталандыруда. Осы орайда Еуропа мен Азияны байланыстыратын «Орта дәліз» Еуразиядағы сауда-экономикалық байланыстарды әртараптандыру мен нығайтудың тұрақты жолы ретінде ерекше маңызға ие болуда. «Астана» халықаралық қаржы орталығы осындай ауқымды инфрақұрылымдық бастамаларды құрылымдау және сүйемелдеу үшін тиімді платформа ұсынады». 

«Қазақстан мен Орталық Азиядағы қаржылық қызметтер: АХҚО ойын ережелерін өзгерте алады ма?» тақырыбындағы панельдік пікір алмасу АХҚО-ның Орталық Азиядағы қаржылық қызметтердің дамуына ықпалы туралы болды. Модератор – Hong Kong Trade Development Council (HKTDC) атқарушы директорының орынбасары Патрик Лау, ал спикерлер – ITS Басқарма төрағасы Шыңғыс Қанапьянов, HQB компаниясының Басқарма төрағасы және OD Consulting негізін қалаушы Арман Батаев, Anchor X компаниясының негізін қалаушы Хилл Ванг және AFSA капитал нарығы офисінің басқарушы директоры Владимир Савов болды. 

AIX биржасының басқарма төрайымы Әсел Мұқажанова модератор болған «Қазақстандағы капитал нарығы: жаһандық инвесторлар үшін перспективалар» атты панельдік пікір алмасуда Шанхай қор биржасының өкілі Цзинь Чжунъи, сондай-ақ China International Capital Corporation Limited ҰК басқарушы директоры Барри Чан, Halyk Bank басқарма төрайымының орынбасары Мұрат Көшенов және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-тың қаржы бақылаушысы Дархан Әбдімолдаев бөлісті. 

Үшінші панельдік пікір алмасу АХҚО-дағы инвесторлардың құқықтары мен заңнаманы қорғау тақырыбын қозғады. АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығының тіркеушісі және аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт модератор болған сессияда GRATA International-дың Қытайдағы офис басқарушы серіктесі және басшысы Гүлнұр Нұркеева және Temple Chambers аға заң кеңесшісі Лоуренс Ли өздерінің сараптамалық пікірлерімен бөлісті. 

Сондай-ақ АХҚО әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Әсет Онласов пен Fonte Capital Басқарма төрағасы Ержан Мусин Гонконгтың бизнес өкілдеріне Қазақстандағы активтерді басқару нарығы бойынша АХҚО сарапшыларының есебін таныстырды. 

Бүгінгі таңда АХҚО-да Гонконгтан құрылыс, кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет, қаржы қызметтері мен сақтандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, көлік, білім беру, тау-кен өнеркәсібі және басқа да салаларда жұмыс істейтін 14 компания тіркелген. Бұдан басқа, қаржы орталығында Қытайдан сауда, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, қаржылық қызметтер және сақтандыру, өңдеу және тау-кен өнеркәсібі, кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет, көлік және логистика, құрылыс сияқты экономика секторлары бойынша 725 компания жұмыс істейді. 

 «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – GFCI рейтингісі бойынша Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі №1 қаржы орталығы болып табылады. 2018 жылы АХҚО ашылғаннан бастап қаржы алаңы арқылы Қазақстан экономикасына 14,7 млрд доллардан астам инвестиция тартылды. АХҚО юрисдикциясында АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Гонконг, Түркия, Корея Республикасы, Сингапур және басқаларын қоса алғанда, әлемнің 80+ елінен 3 900-дан астам компания тіркелген. 

Анықтамалық ақпарат:   

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz 

AIFC Connect – бұл қаржы және өнеркәсіп салаларының өкілдеріне арналған Қазақстанда бизнес жүргізу үшін инвестициялық мүмкіндіктер мен  АХҚО-ның инвесторларға арналған бастамалары туралы пікір алмасу  үшін эксклюзивті кездесулер форматы. Осы уақытқа дейін AIFC Connect 2023 жылы Сингапурда, 2024 жылы Лондон мен Дубай, 2025 жылы Сеулде өтті.  

AIFC Services Assistant