АХҚО исламдық қаржы саласындағы позициясын күшейтуде: Шариғаттық басқару қағидалары мақұлданды
Исламдық қаржы жөніндегі консультативтік кеңес (Кеңес, Islamic Finance Advisory Board) екінші отырысын өткізіп, АХҚО-да исламдық қаржы қызметін жүзеге асыру кезіндегі Шариғаттық басқару қағидаларын қарастырды.
Құжат қолданыстағы талаптарды күшейтіп, юрисдикция шеңберінде шариғаттық басқаруға бірыңғай тәсілді қалыптастырады және ашықтықты арттыруға, басқару сапасын жақсартуға әрі инвесторлардың сенімін нығайтуға бағытталған.
Қағидалар шариғат кеңестері мен мамандарға қойылатын талаптарды, комплаенс және аудит функцияларын, ақпаратты ашуды және шариғат қағидаттарына сәйкестікті бақылауды, тұрақты тәуекел-менеджментті қамтамасыз етуді, исламдық қаржы операциялары мен өнімдерінің ашықтығын белгілейді.
Құжат халықаралық стандарттар мен жетекші юрисдикциялардың тәжірибесін ескере отырып әзірленген.
Исламдық қаржы жөніндегі консультативтік кеңестің төрағасы, Ислам даму банкі институтының бас директорының міндетін атқарушы доктор Сами Әл-Сувайлем былай атап өтті: «Бүгінгі талқылаулар исламдық қаржыны дамыту үшін дәл әрі теңгерімді реттеуші базаның болуының аса маңызды екенін көрсетті. Тиімді реттеу – нарыққа деген сенімді қамтамасыз етудің, инновацияларды қолдаудың және шариғат нормаларына сәйкес келетін практикалық қаржылық шешімдерді әзірлеуге жағдай жасаудың негізгі факторы».
АХҚО әкімшілігінің исламдық қаржы бағытының басшысы және Кеңес мүшесі Мадина Тұқұлова былай деді: «Тұрақты әрі үнемі жетілдіріліп отыратын нормативтік-құқықтық база арқылы біз инновацияларға ықпал ететін, шариғат қағидаттарына сәйкестікті қамтамасыз ететін және жаңа қаржылық өнімдерді әзірлеуге мүмкіндік ашатын жағдай қалыптастырудамыз. АХҚО исламдық қаржының қарқынды дамып келе жатқан әрі болашаққа бағдарланған экожүйесінің бір бөлігі болуға ұмтылатын институттармен ынтымақтастыққа ашық».
Қазіргі уақытта Қазақстанда исламдық қаржыландыру белсенді өсу кезеңіне өтуде. АХҚО мен Ислам даму банкі институты сарапшыларының бағалауынша, Қазақстандағы исламдық бөлшек қаржыландырудың әлеуетті көлемі 3,9 трлн теңгеден асады. Ал исламдық депозиттер көлемі 2,8 трлн теңгеге жетуі мүмкін.
АХҚО юрисдикциясында қазірдің өзінде бірнеше исламдық қаржы компаниясы мен банкі тіркелген. Сонымен қатар шариғаттық консалтингті, құқықтық сараптаманы және шариғаттық скрининг қызметтерін қамтитын қажетті инфрақұрылым қалыптасуда. Бұдан бөлек, 2026 жылғы қаңтарда Қазақстанда банктер туралы заң күшіне еніп, дәстүрлі банктерде исламдық «терезелерді» іске қосуға мүмкіндік берді. Мұндай «терезелер» банктерге шариғат қағидаттарына сәйкес өнімдерді ұсынуға жол ашады.
Екінші отырыс аясында Кеңес сондай-ақ АХҚО-да исламдық қаржыны дамыту жөніндегі 2026-2029 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын қарастырды. Басым бағыттар қатарында:
- Корпоративтік және шариғаттық басқаруды нығайту,
- Адами капиталды дамыту,
- Цифрлық исламдық қаржы және инновациялар.
Кеңес мүшелері іске асыру тәсілдері мен өзекті реттеуші мәселелерді талқылай отырып, исламдық қаржыны одан әрі дамыту және АХҚО-ның өңірлік орталық ретіндегі позициясын нығайту бағытын растады.
Қағидалар АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) бекіткеннен кейін күшіне енеді.
2026 жылғы 9-10 қыркүйекте өтетін Astana Finance Days аясында Кеңестің үшінші отырысын өткізу жоспарланды.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz
АХҚО-ның Исламдық қаржы жөніндегі халықаралық консультативтік кеңесі 2025 жылғы 10 желтоқсанда құрылды. Кеңестің алғашқы отырысы Абу-Дабиде AIFC Connect іс-шарасы аясында өтіп, онда оның қызметінің негізгі бағыттары айқындалды:
• исламдық қаржыландыруды басқару мен стандарттарды дамыту,
• цифрлық исламдық қаржы және инновациялар,
• ESG және орнықты қаржыландыру,
• адами капиталды дамыту,
• өңірлік ынтымақтастық және трансшекаралық интеграция,
• нарықтық инфрақұрылым және өтімділікті басқару.
Кеңес құрамына мынадай жетекші халықаралық мамандар кірді:
- Д-р Сами Әл-Сувайлем (Sami Al Suwailem), Ислам Даму Банкі институтының бас директорының міндетін атқарушы, ислам экономикасы және жаһандық ислам қаржы индустриясы саласындағы жетекші халықаралық сарапшылардың бірі.
- Д-р Аднан Ахмед Юсиф (Adnan Ahmed Yousif) – Lemrair Consultancy Company W.L.L. президенті және бас директоры, Бахрейн мен Таяу Шығыстағы ислам банкингінің негізгі көшбасшыларының бірі.
- Профессор Дато д-р Азнан Хасан (Aznan Hasan) – Малайзия Халықаралық ислам университетінің шариғат профессоры, шариғат қадағалау саласындағы жетекші халықаралық маман.
- Лим Сэй Чонг (Lim Say Cheong) – тәуелсіз директор, ислам банкингі, капитал нарықтары және цифрлық активтер жөніндегі сарапшы (БАӘ).
- Фатма Чынар (Fatma Çınar) – Түркияның қатысу банктері қауымдастығы бас хатшысының орынбасары, ислам банкингінің сарапшысы.
- Майя Марисса Малек (Maya Marissa Malek) – Sabiq Advisory (Малайзия – БАӘ) бас директоры, шариғат корпоративтік басқару, ESG-бастамалар және капитал нарықтары жөніндегі маман.
- Мадина Тұқұлова – АХҚО исламдық қаржы бағытының басшысы, исламдық қаржы және бизнес қауымдастығының бас директоры. Саланың стратегиялық дамуына және халықаралық ынтымақтастыққа жауапты.
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы,
E-mail: [email protected]