АХҚО мен Даму және дипломатия институты Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы экономикалық әріптестіктің стратегиялық көзқарасын ұсынды 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) және ADA университетінің жанындағы Даму және дипломатия институты (IDD) Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдету болашағына арналған аналитикалық жазбаны дайындады. 

Құжат екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің әлеуетін ашады. Қазақстан мен Әзербайжан Жібек жолы аймағындағы жүйе құраушы елдер ретінде экономикалық әртараптандыруды, сыртқы сауданы кеңейтуді және өңіраралық байланысты күшейтуді қамтитын ортақ геоэкономикалық стратегияны қалыптастыруда. 

АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров: «Бұл ортақ аналитикалық құжат елдеріміз арасындағы экономикалық әріптестікті нығайтудың нақты жолдарын талқылауға арналған диалогты ілгерілетуге бағытталған. Оның негізгі ойы айқын: экономикалық интеграция проактивті, мақсатты және инклюзивті болуы керек. АХҚО капитал тарту мен қаржылық инновациялардың өңірлік орталығы ретінде инвестицияларды құрылымдауға, трансшекаралық инфрақұрылымға қаржы тартуға және орнықты қаржыландыруды ілгерілетуге сенімді платформа ұсынады». 

ADA университетінің Даму және дипломатия институтының Директоры, университеттің халықаралық қатынастар және мемлекеттік құрылымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі проректоры, доктор Фарид Исмаилзаде: «Құжатта атап өтілгендей, Әзербайжан мен Қазақстан Жібек жолы аймағындағы негізгі мемлекеттер ретінде жаңа жаһандық байланыстылық моделін қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Бұл модель сенімді, орнықты, қауіпсіз, жедел әрі экономикалық тұрғыдан тиімді болуы тиіс. Мұндай модель көрші елдермен бірге Жібек жолы аймағының күн тәртібін айқындау мен халықаралық процестердегі дербестікті арттыру үшін бірлескен келіссөздер позициясын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Геоэкономикаға сүйене отырып, Қазақстан мен Әзербайжан екіжақты жобаларды энергетика, көлік және логистика, қаржы қызметтері, телекоммуникация және аграрлық азық-түлік саудасы салаларында жүзеге асыруға басымдық береді. Екі елді ортақ құндылықтар, болашаққа деген ортақ даму көзқарасы және стратегиялық бағыты біріктіреді». 

Аналитикалық жазбаның негізгі бағыттары: 

  • (1) Сауда серіктестігінен — өңірлік авторлыққа дейін: Қазақстан мен Әзербайжан Жібек жолы бойындағы көлік, энергетика және қаржы инфрақұрылымын дамытуда үйлесімді көшбасшылыққа ұмтылуда. 
  • (2) Энергетикалық ауысым: Баку–Тбилиси–Жейхан мұнай құбыры арқылы экспортты кеңейту және жасыл энергетикаға инвестиция салу (соның ішінде Транскаспий электр кабелі жобасы) ЕО-ға «таза энергия» экспорттаудың келешегін ашады. 
  • (3) Логистика және қаржы: 2021 жылдан бастап Орта дәліздегі жүк ағынының төрт есе артуы өңірдің транзиттік хаб ретіндегі рөлін айқындайды. АХҚО бұл бағыттағы жобаларды құрылымдау үшін өз алаңын ұсынуға дайын. 
  • (4) Цифрлық және агроинфрақұрылым: Каспий талшықты-оптикалық кабелін тарту және логистикалық тізбектерді дамыту сияқты бастамалар азық-түлік қауіпсіздігі мен екі елдің цифрлық бәсекеге қабілеттілігін арттырады. 

Құжатта экономикалық интеграцияның табысты болуы үшін инфрақұрылымға үйлестірілген инвестициялар, цифрлық трансформация, реттеуді үйлестіру және бірлескен кәсіпорындарды дамыту қажет екені атап көрсетілген. Бұл қадамдар жүзеге асқан жағдайда, Қазақстан мен Әзербайжан өздерінің экономикалық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, жаңа еуразиялық экономиканың өңірлік көшбасшыларына айналады. 

Аналитикалық жазбамен мына сілтеме арқылы танысуға болады. 

Анықтама үшін: 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) — Қазақстан экономикасын дамытуға, жұмыс орындарын құруға және инвестиция тартуға мүмкіндік беретін құқықтық және реттеушілік ортасы дамыған, бизнес жүргізуге арналған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz 

ADA университетінің жанындағы Даму және дипломатия институты (IDD) — Жібек жолы аймағындағы жетекші сараптамалық орталық. Институттың штаб-пәтері Бакуде орналасқан және ADA университетінің саясатқа бағытталған және пәнаралық зерттеулер орталығы, сондай-ақ жоғары деңгейдегі конференциялар, брифингтер мен семинарлар өткізуге арналған алаң болып табылады. Институттың негізгі бағыттары: сыртқы саясат, энергетика және орнықты даму, өңірлік интеграция. 

AIFC Services Assistant