АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңес Орталықтың 2026-2028 жылдарға арналған даму стратегиясын бекітті
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО, Орталық) басқару жөніндегі кеңес Орталықтың 2026-2028 жылдарға арналған даму стратегиясын бекітті. Құжатта шетелдік және ішкі инвестициялар ағынын арттыруға, бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамытуға, қаржы секторындағы инновациялық белсенділікті күшейтуге және шикізаттық емес салаларды дамытуды қолдауға бағытталған АХҚО-ны дамытудың басым бағыттары бекітілген. Бұның бәрі жаңа жұмыс орындарының құрылуына, республикалық бюджетке түсетін салық түсімдерінің ұлғаюына және ел экономикасының одан әрі әртараптандырылуына ықпал ететін болады.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров: «Жаңа стратегия шеңберінде АХҚО Қазақстан экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу үшін өз экожүйесін одан әрі жетілдіруге баса назар аударатын болады. Стратегияда жаһандық нарықтармен анағұрлым тығыз қарым-қатынас, токенизацияланған активтер, ESG-өнімдер және исламдық қаржы саласындағы шешімдер сияқты баламалы қаржы құралдарын қалыптастыру көзделген. Сондай-ақ финтех-шешімдерді қолдауға және капитал нарықтарын кеңейтуге де баса назар аударылды. Осының арқасында АХҚО Қазақстанның экономикалық әртараптандырылуына және оның өңірдегі рөлін нығайтуға ықпал ететін болады».
АХҚО-ның 2026-2028 жылдарға арналған басымдықтары АХҚО туралы Конституциялық заңда жазылған стратегиялық міндеттерге негізделеді, олар:
- Қаржылық қызметтер көрсету саласына инвестициялау үшін тартымды орта жасау арқылы Қазақстан Республикасының экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу;
- Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз ету;
- Қазақстан Республикасында сақтандыру, банктік қызметтер көрсету, исламдық қаржыландыру, қаржылық технологиялар, цифрлық активтер, электрондық коммерция және инновациялық жобалар нарығын дамыту;
- Озық халықаралық практикалар негізінде қаржылық және кәсіби қызметтер көрсетуді дамыту;
- Қаржы орталығы ретінде халықаралық танылуды иемдену болып табылады.
АХҚО бірінші міндет шеңберінде Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға баса назар аударуда: Орталық 2028 жылға қарай $23 млрд, ал 2030 жылға қарай – $30 млрд құрылымдалған инвестициялар тартуды жоспарлауда. Бұл ретте портфельдік және тікелей инвестициялар арасында теңгерімді бөлу қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ Орталық халықаралық даму институттарымен өзара іс-қимыл жасамақ және инвестициялық консультация платформасы ретінде әрекет етпек.
Екінші стратегиялық міндет шеңберінде АХҚО күш-жігері төрт негізгі бағытқа шоғырланатын болады:
- Отандық жеке бизнесті IPO-ға шығуға ынталандыру есебінен акционерлік капиталды дамыту және Қазақстанның өңірлік листинг, сондай-ақ өңірлік трансшекаралық листингтердің орталығы ретіндегі рөлін бекіту.
- Борыштық капитал нарығын нығайту. Стратегия институционалдық қатысушыларды (зейнетақы қорлары, сақтандыру ұйымдары, егеменді әл-ауқат қорлары) тарту есебінен инвесторлар базасын кеңейтуді және бөлшек сегментті жандандыруды көздейді.
- Қазақстандық капитал нарығын жаһандық қаржы жүйесіне интеграциялау үшін АХҚО қаржы нарығының / AIX биржасының инфрақұрылымын кеңейту. Басымдықтардың қатарында: посттрейдинг сервистерді нығайту, трансшекаралық өзара байланысты арттыру және өңірлік ынтымақтастықты кеңейту.
- Қаржы құралдарын әртараптандыру. Басты назар құрылымдалған құралдар, биржалық сауда қорлары (ETF) және орнықты қаржылық шешімдер сияқты балама биржалық өнімдер спектрін кеңейтуге аударылады.
Үшінші стратегиялық міндет шеңберінде күш-жігер төрт бағытқа бағытталады:
- Негізгі өнімдерді дамыту – активтерді басқару және орнықты қаржыландыру. АХҚО басқаруындағы активтерді ұлғайту жоспарлануда. АХҚО Жасыл қаржы орталығы өнімдерінің портфелі ESG стратегиясы мен рейтингтері бойынша консультацияларды, сондай-ақ ESG жөнінде оқу бағдарламаларын енгізумен толықтырылатын болады.
- Өсуге арналған өнімдер. АХҚО көміртегі платформасының негізгі міндеті – көміртегі шығарындыларына баға белгілеу жүйесін қалыптастыруға жәрдемдесу және Орталық Азия аймағына климатқа бағдарланған инвестициялар тарту болады. Исламдық қаржыландыру бөлігінде реттеуді одан әрі дамыту, өнімдер желісін кеңейту және жаңа қаржы институттарын тарту көзделуде. Цифрлық активтерге келетін болсақ: Орталық елдің аймақтық қаржы-технологиялық хаб ретіндегі позициясын нығайту үшін Tech Hub пен FinTech Lab базасында реттеуші және инновациялық инфрақұрылым құруды жалғастырады.
- Жаңа өнімдерді дамыту аймақта авиациялық қаржыландыру мен лизингтің заманауи экожүйесін қалыптастыру үшін қажетті жағдайларды пысықтай отырып, АХҚО-ның авиациялық-қаржылық хабын дамытуды, салалық сараптаманы дамытуды және нарықтағы халықаралық ойыншыларды тартуды қамтиды. Сонымен қатар креативті экономика құралдарын, сақтандыру шешімдерін дамыту, сондай-ақ барлаудың бастапқы кезеңдерінде жобаларды қаржыландыруды тартуға жәрдемдесу арқылы юниорлық тау-кен компанияларын қолдау көзделген.
- Инновациялық жобалар бөлігінде негізгі бастамаларды пысықтау жоспарлануда, олар: активтерді токенизациялау, AIFC Data Marketplace деректермен алмасуға арналған платформаны ауқымдау және т.б.
Төртінші стратегиялық міндетке қол жеткізу үшін АХҚО үш негізгі бағытты айқындады, олар:
- Қазақстанда капитал нарығын дамыту үшін инвестициялық қорлар басқаруындағы активтердің өсімі.
- Реттелетін цифрлық активтер нарығының қамтуын кеңейту, сондай-ақ инвесторлар тарапынан сенім деңгейін арттыру.
- Қаржы қызметтері секторын тереңдету үшін Орталықта лицензияланатын қаржы компанияларының санын ұлғайту.
Соңғысы, АХҚО өзінің халықаралық брендін нығайтуға және жаһандық қатысымды кеңейтуге баса назар аударатын болады. Astana Finance Days форумы, шетелдегі іс-шаралар сериясы AIFC Connect, сондай-ақ Орталық қатысушыларына арналған AIFC Community іс-шаралары негізгі құралдар болып қала бермек. 2028 жылға дейін ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастық орнату және дамушы қаржы орталықтарына консультациялық қолдау көрсету жоспарлануда.
Анықтама ретінде:
АХҚО – Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның жетекші қаржы орталығы (Global Financial Centres Index рейтингіне сәйкес). Орталық тікелей және портфельдік инвестицияларды тартуға, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге және халықаралық қаржы институттарын тартуға ықпал ете отырып, Қазақстанның қаржы нарығын дамытуға елеулі үлес қосты. Бұл жетістіктер әлемдік деңгейдегі барынша интеграцияланған және бәсекеге қабілетті қаржылық экожүйенің негізін қалады. Орталық жұмысының бүкіл жылдары ішінде және 2026 жылдың наурыз айының соңына қарай АХҚО арқылы тартылған құрылымдалған инвестициялар көлемі 21 млрд доллардан асты. АХҚО қатысушы компаниялары жұмыс істеген бүкіл жылдар ішінде ел бюджетіне 284 млрд теңге салық төледі (2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша). Сондай-ақ Орталық өзінің экожүйесінде шамамен 10 000 адамды жұмыспен қамтамасыз етті.
АХҚО Баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева
Баспасөз хатшысы, е-mail: [email protected]