AIX алаңында БАӘ-нен шыққан финтех-платформа Deal Drive үшін қарыз құралдары орналастырылды 

Astana International Exchange («AIX», «Биржа») R Debentures LLC компаниясы шығарған кредиттік ноталардың сәтті орналастырылғанын хабарлайды. Компания АҚШ-тың Делавэр штатында тіркелген және ол қаражатты Deal Drive Car Rental LLC компаниясына берілетін қарызды қаржыландыру үшін тартты. 

Deal Drive – MENA аймағы мен Еуропадағы автодилерлерге қорларды, баға белгілеуді және сатуды жасанды интеллект көмегімен талдауға және басқаруға мүмкіндік беретін технологиялық финтех-платформа. Орналастыру көлемі 2 млн АҚШ долларын құрады, айналыс мерзімі – 2 жыл, купондық төлемдер – жылдық 10,25% мөлшерінде ай сайын жүргізіледі. 

Транзакцияны АХҚО-да тіркелген және Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінен (AFSA) лицензияланған брокерлік компания Raison Securities Limited жүзеге асырды. 

AIX-тің нарықтар және өнімдер жөніндегі басқарушы директоры Біржан Астаев былай деп атап өтті: «Біз Deal Drive сияқты инновациялық компаниялардың халықаралық инвесторларға шығуын қолдауға қуаныштымыз. Бұл орналастыру тек жергілікті және аймақтық инвесторларға тартымды мүмкіндік ұсынып қана қоймай, сонымен қатар Қазақстанның әлемдік деңгейдегі жоғары әлеуеті бар технологиялық компанияларға қол жеткізудің платформасы ретіндегі өсіп келе жатқан рөлін көрсетеді. Инвесторларды жылдам дамып келе жатқан финтех және жаңа көлік технологиялары секторларымен байланыстыра отырып, биржамыз капитал нарықтарының аймақтық хабы ретіндегі позициясын нығайтады». 

Raison компаниясының теңқұрушысы Андрей Березин қосты: «Біз үшін Қазақстанға тек қаржы құралдарын ғана емес, мықты командалары бар және табысты тәжірибесі дәлелденген нақты технологиялық компанияларды әкелу маңызды. Deal Drive – дәл осындай қарыз алушы: бұл платформа Еуропа мен MENA нарықтарында өз тиімділігін дәлелдеді және жаһандық деңгейге шығуы әбден мүмкін. Біз инвесторлардың осы шығарылымға жоғары қызығушылық танытып отырғанын көріп отырмыз және ол болашағы зор технологиялық компаниялардың облигацияларын болашақта орналастыру үшін эталонға айналады деп сенеміз». 

Анықтамалық ақпарат:  

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ ақпарат: www.aix.kz  

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz 

AIFC Services Assistant