AIX цифрлық қаржы саласындағы маңызды меже – Орталық Азиядағы алғашқы жария Bitcoin ETF листингі туралы хабарлайды 

Astana International Exchange («AIX» немесе «Биржа») Қазақстанда және Орталық Азияда тіркелген алғашқы споттық Bitcoin ETF – Fonte Bitcoin Exchange Traded Fund OEIC PLC (BETF) сауда-саттығының басталғанын қуана хабарлайды. 

Fonte Capital Ltd компаниясы басқаратын BETF қоры инвесторларға активке тікелей иелік етуді талап етпей, биткоин бағасының динамикасын қайталайтын, ашық та қолжетімді құрал ұсынады. АХҚО юрисдикциясы аясында жария қор ретінде құрылымдалған бұл өнім бөлшек инвесторларды қоса алғанда, кең ауқымды нарық қатысушыларына ашық. 

Қор лицензияланған кастодианда сақталатын физикалық биткоинмен қамтамасыз етілген, бұл қауіпсіздікті және операциялық тиімділікті арттырады. Қордың мақсаты – комиссиялар мен алымдар есептелгенге дейін биткоин бағасының өзгерісін барынша дәл қайталау және бәсекеге қабілетті жылдық басқару комиссиясын ұсыну. 

Қордың листингі АХҚО-ның Қазақстанның цифрлық қаржы және инвестициялар орталығы ретіндегі позициясын нығайту жөніндегі стратегиялық мақсатына сай келеді. 

AIX-тің нарықтар және өнімдер жөніндегі басқарушы директоры Біржан Астаев атап өтті: «Қазақстандағы алғашқы споттық Bitcoin ETF-тің дебюті біздің капитал нарығымыздың дамуына жаңа кезең ашады, цифрлық активтерді инвестициялық индустрияның негізгі ағысына шығарады. Бұл – жаһандық инвесторларды Орталық Азиядағы мүмкіндіктермен байланыстыруға, жоғары корпоративтік басқару стандарттары мен нарықтың тұтастығын қамтамасыз етуге деген ұмтылысымыздың дәлелі. Бұл қадам Қазақстанның реттелетін цифрлық қаржы саласында өңірлік жетекші орталыққа айналуына жол ашады». 

Fonte Capital Ltd бас директоры Ержан Мусин атап өтті: «Біз инвесторларға биткоинді портфельдеріне енгізудің ыңғайлы әрі қауіпсіз жолын ұсынамыз, бұл базалық активті сақтау және мұраға қалдырумен байланысты қиындықтарды болдырмайды. Біздің Қор портфельді әртараптандыруға және жаңа қаржы құралдары санатына қол жеткізуге ұмтылатын инвесторлар үшін сұранысқа ие құралға айналады деп сенеміз». 

Анықтамалық ақпарат:  

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ ақпарат: www.aix.kz  

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz 

AIFC Services Assistant