AIX листингтен өтпеген құнды қағаздарды іске қосты

Astana International Exchange («AIX», «Биржа») листингке қабылданбайтын бағалы қағаздарды шығару, есеп айырысу және сақтау бойынша сервистің іске қосылғанын хабарлайды. Бұл құнды қағаздар бойынша AIX Registrar негізгі тіркеуші ретінде қызмет атқарады. Мұндай бағалы қағаздар тек аккредитациядан өткен/кәсіби инвесторларға қолжетімді және AIX алаңында листингтен өтпейді, ресми түрде саудаға жіберілмейді. Оларды тек биржадан тыс нарықта (OTC) саудалауға болады, есеп айырысу стандартты талаптарға сәйкес AIX Орталық депозитарийі (AIX CSD) арқылы жүргізіледі.
Листингке жатпайтын бағалы қағаздардың алғашқы шығарылымы BRIG жеке меншік инвестициялық қоры үшін жүзеге асырылды. Қорды АХҚО-да лицензияланған қор менеджері SQIF AM Ltd басқарады.
AIX басқарма төрайымы Асель Мұкажанова былай деп атап өтті: «AIX клиенттердің қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында биржадан тыс мәмілелерге арналған жаңа алаң ұсынып отыр. Біз бизнестегі басты қағидаларымыздың біріне берікпіз – ол капитал нарығын дамыту үшін қажетті жағдайларды қалыптастыру».
Анықтамалық ақпарат:
AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ ақпарат: www.aix.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz