AIX пен ADX өздерінің орталық депозитарийлері (CSD) арасында тікелей байланысты орнатқандарын жариялады

AIX-тің Tabadul бастамасына қосылуына жол ашқан 2021 жылғы қазанда Абу-Даби Қор Биржасы (ADX) мен AIX арасында қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандумның жалғасы ретінде Astana International Exchange («AIX» немесе «Биржа») AIX пен ADX орталық депозитарийлері арасында тікелей байланысты іске қосқанын қуана хабарлайды.

Бұл бастама Tabadul хаб арқылы орнатылған байланысты толықтырады және AIX пен ADX арасындағы нығайып келе жатқан серіктестікті көрсетеді. Стратегиялық ынтымақтастық трансшекаралық сауданы жеңілдетуге, нарықтық инфрақұрылымды дамытуға және инвесторлар мен эмитенттер үшін инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған.

Екі нарық арасында тікелей әрі ыңғайлы қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, AIX пен ADX өтімділіктің артуына және аймақтық капитал нарықтарының интеграциясының тереңдеуіне ықпал етеді.

AIX басқарма төрайымы Асель Мұқажанова атап өтті:

 «Біз бұл ынтымақтастықты ресми түрде рәсімдегенімізге қуаныштымыз, себебі қол жеткізілген келісімдер екі жақтағы нарық қатысушылары үшін нақты пайда әкеледі деп сенеміз. Байланысты нығайта отырып және тиімдірек сауда арналары арқылы біз белсенді трансшекаралық инвестициялық ағындарға жол ашамыз».

ADX тобының басқарма төрағасы Абдулла Салем Әлнуайми мәлімдеді:

 «AIX-пен тікелей байланысты орнату капитал нарықтарының қолжетімділігі мен өзара байланысын арттыру жолындағы маңызды қадам болып табылады. Tabadul жобасының нәтижесіне және біздің халықаралық серіктестіктерімізге сүйене отырып, бұл бастама трансшекаралық интеграцияны күшейтеді, пост-трейд өзара әрекеттестікті нығайтады және жаһандық әрі аймақтық қатысушылар үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ашады. Осындай стратегиялық коллаборацияларды жүзеге асыра отырып, ADX инновациялық, динамикалық әрі ашық алаң ретіндегі рөлін растайды және АбуДабидің жетекші қаржы орталығы ретіндегі позициясын нығайтады».

Бұл бастама AIX пен ADX-тің инновацияны ілгерілетуге, нарық инфрақұрылымын дамытуға және аймақтағы капитал нарықтарының ұзақ мерзімді дамуын қолдауға ортақ ұмтылысын растайды.

Анықтамалық ақпарат:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ ақпарат: www.aix.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz

Абу-Даби қор биржасы (ADX) туралы

Абу-Даби қор биржасы (ADX) 2000 жылғы 15 қарашада №3 жергілікті заңға сәйкес құрылды. Бұл заң биржаға дербес басқару және қаржымен тәуелсіз заңды тұлға мәртебесін берді. Заң ADX-ке өз функцияларын орындау үшін қажетті қадағалау және атқарушылық өкілеттіктерді жүктеді. 2020 жылғы 17 наурызда №8 заңға сәйкес ADX «мемлекеттік мекемеден» «ашық акционерлік қоғамға (PJSC)» айналды. ADX аймақтағы ең ірі холдингтік компаниялардың бірі – ADQ құрамына кіреді, оның портфеліне Абу-Дабидің әртараптандырылған экономикасының негізгі салаларындағы жетекші кәсіпорындар кіреді.

ADX – бағалы қағаздармен сауда жасауға арналған қор биржасы. Олардың қатарына жария акционерлік қоғамдардың акциялары, мемлекеттік немесе корпоративтік эмитенттер шығарған облигациялар, биржалық инвестициялық қорлар, сондай-ақ БАӘ Бағалы қағаздар және тауарлар басқармасы (SCA) бекіткен кез келген басқа қаржы құралдары жатады. ADX араб аймағындағы көлемі бойынша екінші нарық болып табылады.

ADX стратегиясы БАӘ-нің «Алдағы 50 жылға бағдар» ұлттық бағдарламасының негізгі қағидаттарына сәйкес тұрақты қаржылық нәтижелер мен әртараптандырылған табыс көздерін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жоспар елдің дамуының стратегиялық моделін айқындайды, оның мақсаты – жоғары қосылған құны бар орнықты, әртараптандырылған экономиканы құру және жаһандық орнықты даму парадигмасына көшуге ықпал ету.

AIFC Services Assistant