AIX пен HKEX-те Jiaxin International Resources Investment Limited акцияларының саудасы басталды

Astana International Exchange («AIX», «Биржа») Jiaxin International Resources Investment Limited («Компания») компаниясының акциялары AIX-тің ресми тізіміне еніп, саудалана бастағанын қуана хабарлайды.
Компания көлемі жағынан әлемдегі төртінші вольфрам кен орны болып саналатын Бұғыты кенішін игереді және АІХ пен Гонконг қор биржасында (HKEX) акцияларын бір мезетте сәтті орналастырды. Қорытынды баға 9.93 қытай юані (CNY) болып белгіленді. Ғаламдық нарықтардағы жалпы сұраныс 34 млрд АҚШ долларынан асты, бұл жоспарланған суммадан 220-дан астам есе артық.
Қытайда тіркелген Jiaxin International Resources Investment Limited осылайша Гонконг пен Астанада бір уақытта IPO-ға шықты. Бұл – Орталық Азиядағы қытай юанінде деноминацияланған алғашқы IPO және AIX-тің «Бір белдеу, бір жол» арнайы сегментіндегі алғашқы IPO болып табылады.
AIX басқарма төрайымы Асель Мұқажанова атап өтті: «Jiaxin компаниясы Қазақстан нарығына вольфрам жобасымен алғаш кіргеніне шамамен 10 жыл болды. Бүгін біз Jiaxin International Resources Investment акцияларының AIX ресми тізіміне енгізілгенін қуана атап өтудеміз. Бұл жетістік біздің нарыққа артылған сенімді көрсетіп қана қоймай, басқа эмитенттер үшін де айқын үлгі қалыптастырады. Jiaxin – AIX-те листинг жасаған алғашқы қытайлық тау-кен компаниясы және біз бұл қадам жақын арада басқа да ірі эмитенттердің шығуына жол ашады деп сенеміз».
Лю Лицян, Jiaxin International Resources Investment Limited директорлар кеңесінің төрағасы, былай деп атап өтті: «Біз үшін Jiaxin International Resources Investment Limited компаниясының AIX пен HKEX-те қосарланған листингін жариялау зор құрмет. Бұл жетістік компанияның даму тарихындағы маңызды кезең ғана емес, сонымен қатар «Бір белдеу, бір жол» ынтымақтастығы аясында Қытай–Қазақстан экономикалық байланыстарын нығайтудағы берік қадамымызды білдіреді.
Одан да маңыздысы – бұл Астана халықаралық қаржы орталығы мен Гонконгтың жаһандық қаржы хабтары ретіндегі өзара ынтымақтастыңының жаңа кезеңі басталғанын білдіреді. Екі нарықтағы сәтті листингтер Қазақстанның жоғары сапалы активтерінің стратегиялық маңызын айқындап, Гонконг инвесторларының Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне деген сенімі мен жоғары бағасын көрсетті.
Біз AIX-тің «Бір белдеу, бір жол» сегментінде қытай юанінде акция шығарған алғашқы компания әрі Орталық Азиядағы алғашқы юаньдік акция эмитенті болғанымызды ерекше мақтан тұтамыз. Бұл тарихи жетістік юаньнің халықаралық деңгейіне деген нық сенімімізді дәлелдейді.
Jiaxin International жауапты әрі тұрақты дамуға берік. Біз Богуты вольфрам кен орнына инвестиция салуды жалғастырып, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті вольфрам индустриялық платформасын құруға ұмтыламыз. Бұл өз кезегінде біздің акционерлерге, қоғамға және жергілікті экономикаға ұзақ мерзімді құндылық әкеледі».
Анықтамалық ақпарат:
AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ ақпарат: www.aix.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz