AIX Биржасының 2026 жылғы 1-тоқсандағы нәтижелеріcауда көлемі былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш есе артты
Astana International Exchange («AIX», «Биржа») 2026 жылды сенімді қарқынмен бастады: 1-тоқсандағы сауда көлемі 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен үш есеге артты. 2026 жылдың алғашқы үш айындағы жалпы сауда айналымы шамамен 553 млн АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылғы 190 млн АҚШ долларымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Орташа күндік сауда айналымы (ADT) 9,5 млн АҚШ долларына жетті, бұл жоспарланған 5+ млн доллардан әлдеқайда артық.
AIX Басқарма төрайымы Әсель Мұқажанова былай деп атап өтті:
«Бұл нәтижелер AIX-тің тұрақты өсімге, акционерлік құнды арттыруға және клиенттердің өзгеріп отыратын қажеттіліктерін ескере отырып, олар үшін маңызды құндылық қалыптастыруға бейілділігін растайды. Бірінші тоқсанда біз сауда көлемі, капитал тарту, сондай-ақ жаңа брокерлер мен кастодиандарды қосу арқылы экожүйемізді кеңейту сияқты барлық негізгі көрсеткіштер бойынша елеулі ілгерілеуге қол жеткіздік. Бұл жетістіктер жергілікті және халықаралық нарық қатысушылары тарапынан сенім мен белсенділіктің нығайғанын көрсетеді және клиенттерді қолдауға әрі ұзақ мерзімді құндылық жасауға деген ұстанымымызды растайды».
2026 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша AIX нәтижелері
• Бағалы қағаздар листингі: 2026 жылдың 1-тоқсанында 24 эмитенттен 29 құнды қағаз листингке шығарылды; жалпы ресми тізімдегі құралдар саны 376-ға жетті.
• Тартылған капитал (қарыздық және үлестік): құрылғаннан бері 12,4 млрд АҚШ доллары; 2026 жылдың 1-тоқсанында 538 млн АҚШ доллары.
• Сауда көлемі: 552,6 млн АҚШ доллары, бұл 2025 жылдың 1-тоқсанындағы 188,2 млн АҚШ долларымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
• ISIN нөмірлер: 2026 жылдың 1 тоқсанында 55 ISIN шығарылды.
• Нарық қатысушылары: 68 сауда мүшесі, оның ішінде Қазақстан, Қытай, Еуропа және Таяу Шығыстан брокерлер; 2026 жылдың 1-тоқсанында 2 жаңа брокер қосылды.
• Кастодиандық қызметтер: 20 кастодиан — 2026 жылдың 1-тоқсанында 1 жаңа қатысушы қосылды. Тоғыз (9) жаһандық кастодиан AIX Орталық бағалы қағаздар депозитарийінде (AIX CSD) субшоттарға ие.
• Инвесторлар базасы: AIX CSD-де 2,3 млн бөлшек инвестор шоты.
2026 жылдың 1-тоқсанындағы AIX-тегі орналастырулар
2026 жылдың 1-тоқсанында AIX-те 29 листинг жүзеге асырылды, бұл ретте қарыздық құралдар мен құрылымдық қорларды орналастыру капитал нарығындағы белсенділіктің негізгі драйверлері болып қала береді.
• 2026 жылғы 19 ақпан — «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС-нің 70 млн АҚШ доллары көлеміндегі бағдарлама аясында 20 млн АҚШ доллары сомасына жария облигациялары
• 2026 жылғы 2 наурыз — «Home Credit Bank» АҚ-ның («ForteBank» АҚ еншілес банкі) облигациялық бағдарламасы аясында 25 млн АҚШ доллары сомасына облигациялары
• 2026 жылғы 19 наурыз — Freedom Finance SPC Ltd. компаниясының 1 млрд АҚШ доллары көлеміндегі бағдарлама аясында 400 млн АҚШ доллары сомасына кепілдендірілген купондық облигациялары
• 2026 жылғы 20 наурыз — Asia Mineral Resource SPC Ltd. компаниясының 50 млн АҚШ долларына дейінгі бағдарлама аясында 5 млрд теңге көлеміндегі сукуктың екінші траншы
Халықаралық ынтымақтастық
Халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында Қазақстанда тіркелген 17 биржалық инвестициялық қор (ETF) Tabadul Digital Exchange Hub платформасы арқылы қолжетімді болды — бұл қатысушы биржалар мен лицензияланған брокерлерді біріктіретін трансшекаралық нарыққа қол жеткізу платформасы.
Олардың қатарында Fonte компаниясының Bitcoin және Solana негізіндегі ETF-тері, ITS Shariah және World ETF-тері, сондай-ақ жетекші халықаралық компаниялардың акцияларына қол жеткізуге мүмкіндік беретін жаһандық single-stock ETF-тері бар.
Ережелер және реттеу
2026 жылғы 8 ақпаннан бастап AIX өзінің Бизнес жүргізу қағидаларына жаңартулар енгізді. Бұл өзгерістер реттеуші базаны халықаралық үздік тәжірибелерге сәйкестендіруге, сондай-ақ нарықтың қолжетімділігін, ашықтығын және тиімділігін арттыруға бағытталған.
Негізгі өзгерістерге акциялар эмитенттері үшін маркет-мейкерді міндетті түрде тағайындау талабы, тікелей листинг режимін REM компанияларынан тыс кеңейту, сондай-ақ инвестициялық қорларды реттеуді жетілдіру кіреді. Жаңартылған қағидалар сондай-ақ бірқатар талаптарды оңтайландырады, оның ішінде қарыздық эмитенттерге қатысты корпоративтік басқару нормалары, процессуалдық агенттерге қойылатын талаптар және ақпаратты ашу мерзімдері.
Сонымен қатар, нарықтық қадағалауды күшейту және инвесторлармен өзара іс-қимылды жақсарту мақсатында сауда мүшелері үшін жаңа міндеттемелер енгізілді, сондай-ақ терминология мен нормативтік ережелер АХҚО талаптарына сәйкес үйлестірілді.
AIX Тіркеушісі АХҚО аумағындағы ұлттық нөмірлеу агенттігі ретінде бекітілді
2025 жылғы желтоқсанда Ұлттық нөмірлеу агенттіктері қауымдастығы тарапынан тағайындалғаннан кейін, AIX Тіркеушісі 2026 жылдың қаңтарынан бастап АХҚО-да тіркелген ұйымдарға ISIN кодтарын беруді бастады. 2026 жылдың 1-тоқсанында 55 ISIN коды берілді. Бұл Биржа үшін қызметтің жаңа түрі, және аталған қызмет қосымша кіріс әкелуде.
Анықтамалық ақпарат:
AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. Толығырақ: www.aix.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) — халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді бизнес жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz