«Ақтөбе» ӘКК әлеуметтік облигациялардың бірінші шығарылымы үшін АХҚО Жасыл қаржы орталығынан сыртқы бағалау алды

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы («Ақтөбе» ӘКК) әлеуметтік облигациялардың алдағы дебюттік шығарылымы үшін АХҚО Жасыл қаржы орталығынан екінші тараптың пікірі түріндегі сыртқы бағасын алды.
Әлеуметтік облигациялардан жиналған қаражат өңірде жұмыс орындарын құру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жобаларын жүзеге асыруға бағытталмақ.
АХҚО ЖҚО — Climate Bonds Initiative (CBI) және Халықаралық капитал нарығы қауымдастығының (ICMA) аккредиттелген верификаторы. Орталық «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына әлеуметтік қаржыландырудың халықаралық стандарттарына сәйкестігі бойынша «өте жақсы» рейтингін бере отырып, облигациялардың әлеуметтік сипаттамалары туралы екінші тараптың пікірі түріндегі сыртқы бағасын берді.
АХҚО ЖҚО «Ақтөбе» ӘКК-нің Тұрақты қаржыландыру саясаты және алдағы шығарылым Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығының (ICMA) Әлеуметтік облигациялар қағидаттарына сәйкес келетінін растады.
Алдағы облигациялардың шығарылымы Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы шығарған алғашқы әлеуметтік облигация, сондай-ақ ESG тақырыбына арналған бірінші облигация болмақ. Әлеуметтік облигациялардың шығарылымы «Ақтөбе» ӘКК күн тәртібі тұрақты дамуға және оның қызметінде ESG тәжірибесін енгізуге, сондай-ақ жобаларды қаржыландыруды тарту үшін нарықтық құралдарды пайдалануға бағытталғанын растайды. Сондай-ақ шығарылым «Ақтөбе» ӘКК-нің жауапты қаржыландыруға деген ұмтылысын көрсетеді.
АХҚО Жасыл қаржы орталығының бас директоры Манас Гиждуаниев: «Алдағы шығарылым тек «Ақтөбе» ӘКК үшін ғана емес, Қазақстанның барлық әлеуметтік қаржыландыру экожүйесі үшін де маңызды. Мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың баламалы көздерден қаржыландыруды тартуының өсіп келе жатқан қажеттілігін ескере отырып, бұл қадам елдің басқа әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары үшін қуатты сигнал болып отыр. Біз еліміздің тұрақты қаржыландыру нарығында бірінші болып әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның тақырыптық облигациялары үшін сыртқы баға ұсынып отырғанымызды, сондай-ақ осы бастамада «Ақтөбе» ӘКК-ні қолдағанымызды мақтан тұтамыз және басқа ӘКК-нің осындай шығарылымдарын асыға күтеміз».
Анықтама үшін:
«Ақтөбе» ӘКК – Ақтөбе облысының экономикалық және әлеуметтік дамуына жәрдемдесу мақсатында құрылған өңірлік даму институты. Корпорация Қазақстан Республикасының тұрақты және әлеуметтік кәсіпкерлік саясатын жүзеге асыруға белсенді қатысады. «Ақтөбе» ӘКК әлеуметтік бағыттағы жобаларды қолдаумен, инвестиция тартумен, шағын және орта бизнесті дамытумен, сондай-ақ Ақтөбе облысы тұрғындарының әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жобаларды іске асырумен айналысады.
АХҚО Жасыл қаржы орталығы – Астана қаласында орналасқан Орталық Азиядағы тұрақты қаржыландыру саласындағы жетекші ұйым. Climate Bonds Initiative (CBI) және Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығы (ICMA) тарапынан аккредиттелген Орталық өңірде тұрақты қаржы нарығын дамыту үшін верификация және кеңес беру қызметтерін ұсынады.