Астанада өңірдің басты қаржы форумы – Astana Finance Days 2025 жалғасып жатыр

5 қыркүйекте «Астана» халықаралық қаржы орталығында өңірдегі ең ірі Astana Finance Days 2025 «Болашақтың негізін қалайтын капитал» қаржылық форумы өз жұмысын жалғастырып жатыр. Биылғы іс-шараға жалпы көлемі шамамен 1,5 трлн АҚШ долларын құрайтын активтерді басқаратын компаниялардың өкілдері қатысып жатыр, ал форумға қатысушылар саны әлемнің 80-нен аса елінен 5000-нан асты.

Айта кетейік, форумның алғашқы күні – 4 қыркүйекте АХҚО-ның ресми қабылдауы барысында AIFC Awards 2025 сыйлығының жеңімпаздары жарияланды. Бұл сыйлық қаржы орталығы экожүйесінің дамуына инновациялар, ынтымақтастық, оң әсер ету арқылы айтарлықтай үлес қосқан компанияларды марапаттауға бағытталған.

Номинациялар бойынша жеңімпаздар:

  • «Best Shariah-Compliant Financial Institution» – Al Safi Bank Ltd.
  • «Innovation in Fund Structuring» – Abylai Global Solutions Ltd. және Fonte Capital Ltd.
  • «Outstanding Contribution in Digital Asset Services» – ATAIX Eurasia Ltd.
  • «Visionary in Alternative Financial Solutions» – RCS Trust and Corporate Services Ltd.
  • «Best Advisory & Structuring Partner» – Legal Consulting Community Limited
  • «Excellence in Audit Services» – Moore Kazakhstan АХҚО филиалы
  • «Best AI-Driven Company» – Presight AI Kazakhstan Ltd.
  • «Regional Business Expansion through AIFC» – Solidcore Resources plc
  • «Tech for Finance Excellence» – Freedom Finance Global PLC.

Форумның екінші күнгі іскерлік бағдарламасын «Орталық Азияның қаржы нарықтарын нығайтудағы портфельдік инвестициялардың рөлі» тақырыбындағы пленарлық отырыс ашады (09:30–10:40, AIX Trading Hall C3.4). Бұл стратегиялық сессия портфельдік инвестициялардың Қазақстан қаржы нарығының дамуын жеделдетудегі және экономиканы әртараптандырудағы рөліне арналады.

Сессия модераторы – АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров. Спикерлер қатарында ҚР Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Қанат Шарлапаев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов, Bank of New York Mellon аға атқарушы вице-президенті және халықаралық бөлім басшысы Хани Каблави, және Goldman Sachs серіктесі Рияд Юсуф бар.

Пленарлық отырыс қатысушылары портфельдік ағындардың өсуі мемлекеттік қарызды басқаруға, ішкі IPO жасағын дамытуға және халықаралық серіктестермен бірлескен инвестициялық құралдарды іске қосуға қалай ықпал ете алатынын талқылайды. Сондай-ақ реттеушілік реформалар, клиринг және есеп айырысу инфрақұрылымы, Қазақстанды ұзақ мерзімді жаһандық инвесторлар үшін тартымды ету мақсатында капитал нарығын позициялау стратегиялары қарастырылады.

Пленарлық отырыстың соңында Jiaxin International Resources Investment Limited тау-кен компаниясының бағалы қағаздарын листингке шығару рәсімі өтеді. Компания бір мезетте Гонконгтегі HKEX биржасында және Астанадағы Astana International Exchange алаңында IPO-ға шықты. Jiaxin International Resources Алматы облысындағы Бұғыты вольфрам кен орнын өзінің еншілес кәсіпорны – «Жетісу Вольфрамы» ЖШС арқылы игеріп келеді. Бұл кен орны 107,5 млн тонна кен қоры бар вольфрам оксиді бойынша әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі саналады. Акцияларды орналастыру нәтижесінде тартылған қаражат өндірістік қуаттарды кеңейтуге, терең өңдеу қондырғыларын салуға және түсті металлургия саласындағы жаңа жобаларды дамытуға бағытталмақ.

Келесі панельдік сессияларда қаржы нарығының сарапшылары мен қатысушылары, сондай-ақ мемлекет пен бизнес өкілдері мынадай тақырыптарды талқылайды: халықаралық қаржы орталықтарында деректерді қорғау, қаржы нарықтарына қадағалау технологиялары мен жасанды интеллекттің ықпалы, финтехтегі трендтер мен перспективалар, Қазақстанның экономикалық келешегі, АХҚО құқығының болашағы, Қазақстан өңірлерінің инвестициялық өсім хабы ретіндегі мүмкіндіктері, блокчейн негізіндегі экономиканы құру және қаржыны толықтырудағы криптотехнологиялардың әлеуеті, Қазақстандағы жергілікті ETF-тердің келешегі, тау-кен секторына капитал тарту және басқа да тақырыптар.

Сондай-ақ Keynote speech форматындағы сессияда әйгілі футуролог, кәсіпкер әрі әлемдік бестселлерлердің авторы Бретт Кинг сөз сөйлейді («Bank 5.0 – ЖИ, финтех және кванттық технологиялар банкингтің болашағын қалай өзгертуде» сессиясы, 15:00–15:30, AIX Trading Hall C3.4).

Өз сөзінде Бретт Кинг технологиялар арқылы өзгеріп жатқан банк секторының болашағы туралы ой қозғайды. Бүгіннің өзінде финтех-компаниялар, электрондық әмияндар мен цифрлық банктер клиенттердің қалауын және әлемдік экономиканы түбегейлі өзгертіп отыр. Қазіргі таңда жетекші 20 ритейл-финтехтің клиенттері 4 млрд-тан астам адамды құраса, ал 20 ритейл-банктің клиенттері бар-жоғы 2,7 млрд. Жасанды интеллект жылдам қарқынмен жаңа трансформация толқынына айналып келеді, бұл 2040–2050 жылдардағы банктер бізге таныс қазіргі банктерге қарағанда түбегейлі өзгеше болатынын, тек базалық функцияларын ғана сақтайтынын білдіреді.

«Қазақстандағы жергілікті ETF перспективалары: қор нарығы дамуының жаңа кезеңі» сессиясында (14:00–14:50, AIX Trading Hall C3.4) стейкинг функциясы бар, цифрлық актив Solana (SOL)-ға толық бағытталған әлемдегі тұңғыш спот-биржалық инвестициялық қордың (ETF) — Fonte Solana Exchange Traded Fund OEIC Plc листингке енгізілгені жарияланады. Бұл қор инвесторларға Solana-ны тікелей сатып алмай-ақ, сақтамай-ақ немесе оны басқармай-ақ өздерінің инвестициялық портфеліне қосуға мүмкіндік береді.

“Қазақстанның тау-кен секторына капитал тарту: қаржыландыру тетіктері, реттеудегі айқындық, өсу перспективалары” сессиясында (15:00–16:00, Aiteke Bi Hall C3.1) Қазақстанның тау-кен өнеркәсібіне арналған аналитикалық есеп таныстырылады. Есептің өзектілігі әлемдік деңгейде критикалық минералдарға сұраныстың артуымен байланысты. Қазақстанда мыс, уран және сирек жер элементтерінің айтарлықтай қоры бар және ел еуразиялық көлік дәліздерінің тоғысқан жерінде орналасқан.

Бұл аналитикалық шолу саланың негізгі үрдістерін, инвестициялық әлеуетін және салыстырмалы артықшылықтарын қарастырады, инфрақұрылымдағы және капиталға қолжетімділіктегі негізгі шектеулерді талдайды, сондай-ақ ESG талаптарын, оның ішінде оларды жобалардың бастапқы кезеңінде енгізудің маңыздылығын қамтиды. АХҚО елдің минералдық әлеуеті мен жаһандық инвесторлар арасындағы байланыстырушы буын ретінде әрекет етіп, тау-кен жобаларын қаржыландыру және құрылымдау үшін заманауи әрі сенімді платформалар — AIX-тағы листинг, бірлескен кәсіпорындар құру, «жасыл» қаржыландыруды дамытуды ұсынады.

Айта кетейік, биылғы форумның ерекшелігі – AFD Exhibition Hub — Astana Finance Days бірыңғай көрме алаңы болды. Ол капитал нарығында және цифрлық инновациялар саласында жұмыс істейтін компанияларды біріктіріп, шешімдерді көрсетуге, нарықтағы позицияны нығайтуға және стратегиялық серіктестермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

2025 жылғы көрме қатысушылары қатарында ATAIX криптобиржасы, AnchorX және LMAX Group финтех-компаниялары, Advanced Payment Solutions компаниясы, Alatau City Invest брокері, Halyk Finance инвестициялық компаниясы, Brillink цифрлық банкі және инвестициялар саласындағы мамандарға қаржылық білім беретін CFA Institute коммерциялық емес ұйымы бар.

Форумды ұйымдастырушы — «Астана» халықаралық қаржы орталығы — Global Financial Centres Index рейтингі бойынша Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі №1 қаржы орталығы. Astana Finance Days 2025 форумы Astana International Forum қолдауымен өтуде. Алтын серіктестер: Freedom Broker және KAZ Minerals; күміс серіктестер: Solidcore Resources, ITS және MYD Production; қола серіктестер: ERG, LMAX Group, Teniz Capital Investment Banking; индустриялық серіктес: Allur; финтех-серіктес: Mastercard; серіктес: Al Safi Bank және басқалар.

Анықтамалық ақпарат

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы

Тел: +7 701 777 65 58

E-mail: [email protected]

AIFC Services Assistant