Астанада өткен Түркі мемлекеттерінің жасыл қаржы жөніндегі кеңесінің алғашқы отырысында бірлескен коммюнике қабылданды

2025 жылғы 4 қыркүйекте Astana Finance Days 2025 форумы аясында Түркі мемлекеттерінің жасыл қаржы жөніндегі кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Іс-шараны АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров пен Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев ашты.
Кеңеске қаржы реттеушілерінің, экономикалық және қаржылық ведомстволардың басшылары мен өкілдері, сондай-ақ ТМҰ-ға мүше және бақылаушы елдердің қор биржалары қатысты. Жиынның мақсаты – ұйым елдерінде жасыл және тұрақты қаржыландыруды дамыту, әлеуетті арттыруға, бірлескен жобалар портфелін құруға және өңірлік өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталған келешек қадамдар мен ұсыныстарды талқылау болды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты жасыл дамуға, климаттың өзгеруіне бейімделуге және қоршаған ортаны қорғауға бейілділігін растай отырып, «Түркі жасыл көзқарасы», «Түркі әлемінің келешегі – 2040» және 2022–2026 жылдарға арналған стратегия қағидаттарына сүйенетінін атап көрсеткен бірлескен коммюникеге қол қойды.
АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров атап өтті: «АХҚО Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерде жасыл және тұрақты қаржыландыруға жауапты мемлекеттік органдардың жоғары деңгейлі өкілдерін қабылдауы — үлкен құрмет. Мұндай бастама мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, кеңейте түсетініне және төмен көміртекті экономика мен тұрақты даму үшін жаңа идеялар мен шешімдер генерациясына ықпал ететініне сенімдімін».
ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев былай деді: «Қонақжайлылығы мен Кеңестің алғашқы отырысын ұйымдастырғаны үшін қазақстандық тарапқа алғысымды білдіргім келеді. Біздің кездесуіміз сәтті өтті. Біз, Кеңес мүшелері, өңірде жасыл қаржыландыру стандарттарын үйлестіруді қолдау, жасыл қаржыландыру саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту және басқа да түрлі бағыттар бойынша ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа мүдделілігін білдірген коммюникеге қол қойдық».
Еске сала кетейік, 2024 жылғы қараша айында тұрақты хатшылығы АХҚО-да орналасқан және төрағалығы әр 3 жыл сайын ауысатын Түркі мемлекеттерінің жасыл қаржы жөніндегі кеңесі құрылған еді. Кеңестің келесі отырысы 2026 жылы Астанада өтеді.