Болгария Президенті АХҚО қызметімен танысты

9 маусымда Қазақстанға ресми сапармен келген Болгария президенті Румен Радев «Астана» халықаралық қаржы орталығына барды. АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров құрметті қонаққа қаржы орталығы қызметінің негізгі бағыттары мен нәтижелерін таныстырды, соның ішінде инвестициялар тарту, мәмілелерді құрылымдау және бизнес жүргізу мүмкіндіктеріне баса назар аударды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта АХҚО-да әлемнің 80-нен астам елінен 3 900-ден астам компания тіркелген. Қазақстан экономикасына қаржы орталығының алаңы арқылы 14,8 млрд доллардан астам инвестиция тартылды.

Сондай-ақ Румен Радев шетелдік мамандар мен олардың отбасыларының Қазақстанға келуі мен ел аумағында болуына қолайлы жағдай жасау үшін «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін АХҚО Экспат орталығының қызметімен танысты.

Осыдан кейін Болгария президенті ағылшын жалпы құқық қағидаттары негізінде озық құқықтық ортаны қалыптастыратын AFSA реттеушісі қызметінің негізгі бағыттарымен және Орталық Азия өңірі үшін бірегей АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығының қызметімен танысты.
Анықтама үшін: 2005-2024 жылдар аралығында Болгариядан Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 76,3 млн долларды құрады. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 375,2 млн долларға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда төрт есеге жуық өсті. Қазақстанда қазіргі уақытта Болгария капиталының қатысуымен 61 компания жұмыс істейді. Сондай-ақ АХҚО юрисдикциясында осы елден бір компания – тау-кен саласында жұмыс істейтін Geops Exploration Kazakhstan Ltd. тіркелген.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz