Чэндудағы AIFC Day: трансшекаралық инвестициялар мен қаржыландыруды табысты ілгерілету 

2025 жылдың 11 шілдесінде Chengdu Finance Week аясында Астана халықаралық қаржы орталығының инвестициялық және қаржылық роудшоуы — AIFC Day өтті. Іс-шара «Чэнду арнайы қаржы және инновациялық шешімдер» сериясының демеушілігімен өтіп, Қытайдың әлемдік экономика қоғамы, Қытай халықаралық қаржы қоғамы, Қаржыны дамыту қауымдастығы, Қытайдың Таяу Шығысты зерттеу қауымдастығы және Қытай реформасы форумы сияқты бірқатар жетекші қытайлық ұйымдардың бірлескен бастамасы болды. 

Шараны Қытай инновациялық қаржы институты (CIFI) ұйымдастырды. Форумға Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдары, қаржы институттары, бизнес пен сарапшылық қауымдастық өкілдері жиналды. Стратегиялық сессиялар, презентациялар және алаңнан тыс іс-шаралар форматында қатысушылар трансшекаралық инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылап, өнеркәсіп, қаржы және инфрақұрылым салаларындағы бірлескен бастамаларды ұсынды. Сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында қатысушылар өңірлік экономикалық интеграцияға жаңа серпін берді. 

Қаржылық ынтымақтастық назарда 

АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров: «Ашық құқықтық орта мен инвесторларға жасалған қолайлы жағдайлар АХҚО-ны халықаралық институттар, соның ішінде Қытай сияқты ірі экономикалар үшін сенімді және тартымды алаң етіп отыр. Батыс Қытайдың маңызды экономикалық және қаржы орталығы Чэнду —  трансшекаралық инвестициялар, қаржылық қызметтер және технологиялар саласында АХҚО-мен ынтымақтастықтың зор әлеуетіне ие», — деп атап өтті. 

Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас стратегиялық маңызды салалар — сауда, инвестиция, энергетика және инфрақұрылымды қамтитын тұрақты дамуды жалғастырып жатыр. 2024 жылы екіжақты сауда көлемі рекордтық көрсеткіш — 43,8 миллиард долларға жетті. Инфрақұрылымдық жобалар, соның ішінде «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА және KTZ Express құрғақ порты өнеркәсіптік кооперация мен логистикалық байланысты нығайтуға ықпал етеді. 

АХҚО қазірдің өзінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және «Орта дәліз» сияқты ауқымды инфрақұрылымдық бастамаларды құрылымдау алаңы ретінде қызмет етіп жатыр. Соның ішінде, «Орта дәліз» бастамасы — Қытай, Орталық Азия және Еуропаны байланыстыратын негізгі көлік-логистикалық бағыт. Қазақстан мультимодальды тасымалдауды қолдай отырып, «Орта дәліз» бойындағы инфрақұрылымды белсенді дамытып жатыр. АХҚО-да аймақтағы инфрақұрылымды жаңғырту мен дамытуға бағытталған бірқатар халықаралық бірлескен кәсіпорындар тіркелген. 

Халықаралық рейтингтер бойынша АХҚО Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның жетекші қаржы орталығы ретінде танылды. 2018 жылы іске қосылғаннан бері тартылған инвестиция көлемі 16,9 миллиард доллардан, ал 85 елден тіркелген компаниялар саны 4000-нан асты. 

Қазіргі уақытта АХҚО-да Қытай капиталының қатысуымен 776 компания тіркелген. Ең ірісі – сауда (277 компания), одан кейін қаржылық қызмет көрсету және сақтандыру (96 компания), ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (84 компания), сондай-ақ тау-кен өнеркәсібі және өңдеу өнеркәсібі (140-тан астам компания) және басқалары бар. АХҚО платформасы Қытай бизнесінің Қазақстан мен Орталық Азия нарығына шығуға қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. 

Инфрақұрылымдық инвестициялар, қаржылық қызметтер және технологиялар жөніндегі сессияға «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі басқарма төрағасының орынбасары Тимур Оңжанов, KTZ Express China бас директоры Сәдуақас Сейітжанов, CICC International Азия – Австралия өңірі бойынша вице-президенті Роза Жамылбек, Сычуандағы China Construction Bank халықаралық бөлімшесінің бас менеджерінің орынбасары Чунью Лю және Brillink Bank стратегия жөніндегі директоры Кей Лау қатысты. 

Қатысушылар энергетика, ауыл шаруашылығы және цифрлық экономика салаларындағы ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін талқылап, екіжақты әріптестікті ынталандыру үшін инновациялық қаржылық құралдарды дамытудың маңыздылығын атап өтті. 

Соңғы жылдары Чэнду Қазақстанмен трансшекаралық инвестицияларды, өндірістік серіктестіктерді және қаржылық инновацияларды белсенді дамытып, Батыс Қытай компанияларының AIX биржасына кіруіне қолдау көрсетіп отыр. 

Форум барысында АХҚО Әкімшілігі мен Қытай инновациялық қаржы институты (CIFI) қаржы-экономикалық зерттеулерді тереңдету және екі ел компанияларының жаһандық дамуын қолдауға бағытталған стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сондай-ақ AIX және CIFI арасында капитал нарықтарын дамыту бойынша бірлескен жұмыс туралы келісімге қол жеткізілді. 

Өнеркәсіптік-қаржылық интеграцияның жаңа көкжиегі 

«Бір белдеу, бір жол» аясындағы ынтымақтастықты тереңдету аясында Сычуан инвестициялық жобалар мен өнеркәсіптік-қаржылық интеграцияның инновациялық үлгілерін дамыту арқылы Орталық Азиямен байланысты нығайтып келеді. 

Сапар барысында Қазақстан делегациясы жергілікті қаржы экожүйесімен және технологиялық шешімдерімен танысу үшін Чэнду қаласындағы Chengdu International Financial Square және Taikoo li сияқты негізгі аудандарға барды. 

Сондай-ақ делегация Bailuwan Science and Technology Eco Park, HarmonyOS инновациялық орталығы және Jiaozi қаржы аумағында болды. Bailuwan-да қатысушылар «технология + қаржы + экология» моделімен, HarmonyOS-та ақылды қалалар мен өнеркәсіптік интернет саласындағы шешімдермен, ал Jiaozi-де ғылыми-технологиялық, цифрлық және жасыл қаржыландыру тәжірибелерімен танысты.  

Chengdu Finance Week бизнес үшін жаңа практикалық мүмкіндіктер ашып, Қытай мен Қазақстан арасындағы қаржылық әріптестікті нығайту үшін тиімді диалог алаңына айналды. Болашақта АХҚО мен Қытайдың инновациялық қаржы институты «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде өңірдегі тұрақты экономикалық өсуге баса назар аудара отырып, халықаралық қаржы орталықтарын дамыту, капитал нарықтары, жасыл қаржыландыру және технологиялық кәсіпкерлік сияқты салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті. 

Анықтамалық ақпарат:    

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz      

AIFC Services Assistant