Dodo Brands холдингі «Астана» халықаралық қаржы орталығына редомициляцияланды

Ресей мен Қазақстандағы ең ірі «Додо Пицца» пиццериялары мен «Дринкит» цифрлық кофеханалар желісіне иелік ететін Dodo Brands холдингтік компаниясы Виргин аралдарынан «Астана» халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) редомициляция1 процесін аяқтады. Бұл дегеніміз, компания заңды тұлға мәртебесін, бүкіл бизнес құрылымын және қолданыстағы міндеттемелерін сақтай отырып, юрисдикциясын өзгертті.
Редомициляция процесі 2025 жылдың 12 маусымында аяқталды және Dodo Brands пен АХҚО арасындағы тығыз өзара іс-қимылдың нәтижесі болды. Осылайша, компания АХҚО-ны өзінің жаңа юрисдикциясы ретінде таңдаған халықаралық компаниялардың қатарына қосылды. Бүгінгі таңда Орталыққа Solidcore Resources Plc (бұрын – Polymetal International Plc.), Cheltenham Group Limited, Fix Price Group Ltd., Specta Group Ltd. және басқалар редомициляцияланды.
Dodo Brands холдингі Еуропадағы ең ірі 7 азық-түлік сервис компанияларының қатарына кіреді және Таяу Шығыстың, Еуропаның, Африканың және Оңтүстік-Шығыс Азияның 26 елінде 1300-ден астам пиццериялар мен кофеханаларды басқарады. 2025 жылдың маусым айының басындағы жағдай бойынша Қазақстанда 100-ден астам «Додо Пицца» пиццериясы және 14 «Дринкит» кофеханасы жұмыс істейді. Өзбекстанда, Қырғызстанда және Тәжікстанда тағы 33 пиццерия ашылды.
2024 жылы Dodo Brands кірісі $1 млрд-тан асты және бүкіл желі ұйымы 43 000 адамды құрайды. Бұл ретте брендтердің ауқымын кеңейту негізінен франчайзинг моделі бойынша жүзеге асырылады – бөлімшелердің 95% франчайзи-серіктестердің басқаруында.
Dodo Brands – мейрамхана бизнесін цифрландыру саласындағы көшбасшылардың бірі. Бүкіл желі дербес Dodo IS бұлттық платформасында жұмыс істейді, ол: кассалық операциялар мен логистикадан бастап, CRM2 және нақты уақыттағы аналитикаға дейін басқарудың барлық аспектілерін қамтиды. Әрбір пиццерия бірыңғай жүйеге қосылған, бұл бизнесті басқарылатын, ауқымдалатын және серіктестер мен инвесторлар үшін толығымен ашық етеді.
АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров: «Dodo Brands-тің АХҚО-ға редомициляциясы біздің юрисдикциямыздың жоғары технологиялық және қарқынды дамып жатқан халықаралық компаниялар үшін тартымды екенін айшықтады. Комплаенстың жоғары стандарттары мен икемді реттеуші орта Додо сияқты компаниялар үшін бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай туғызады. Біз осы компанияның АХҚО-да болуы экожүйемізді нығайтып қана қоймай, Қазақстан мен жалпы Орталық Азияға инвесторлардың қосымша назарын аударатынына сенімдіміз».
Dodo Brands CEO Дмитрий Соловьев: «Біз үшін компаниямыз нақты операциялық қызмет жүргізіп жатқан юрисдикцияны таңдау маңызды еді. Сондықтан АХҚО-ға редомициляция біз үшін қисынды қадам болды: Қазақстан Республикасының аумағында Dodo Brands корпоративтік кеңсесі орналасқан және халықаралық бизнестің едәуір бөлігі жүргізілуде. Бұдан басқа, АХҚО халықаралық стандарттарға сәйкес келетін дамыған құқықтық және іскерлік инфрақұрылымды ұсынады, бұл оны біздің бизнесіміздің ауқымын кеңейту үшін одан да тартымды етеді».
Анықтама үшін:
АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.
АХҚО-да 80-нен астам елден 3900-ден аса қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. www.afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
Байланыс ақпараты:
Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті
+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45