Fonte Solana ETF AIX-те тіркелді

Astana International Exchange («AIX», «Биржа») Fonte Solana Exchange Traded Fund OEIC Plc қоры AIX-те листингтен өтіп, SETF тикерімен саудаға жіберілгенін қуана хабарлайды. Бұл – Solana (SOL) цифрлық активіне толық бағытталған және стейкинг функциясы бар әлемдегі алғашқы спот-биржалық инвестициялық қор (ETF). Қор Astana International Financial Centre (AIFC) юрисдикциясында Non-Exempt Fund ретінде тіркелген, сондықтан ол бөлшек инвесторларды қоса алғанда, кең ауқымды инвесторлар үшін қолжетімді.

Қор инвесторларға Solana активін тікелей сатып алмай-ақ, сақтамай-ақ және басқармай-ақ инвестициялық портфельдеріне қосуға мүмкіндік береді. Қордың басты мақсаты – комиссиялар мен шығындарды шегергенге дейін Solana бағасының қозғалысын дәл қадағалау. Қор қосымша табыс табу үшін токендерді стейкингке орналастырады. Жылдық табыстылық Solana желісінің инфляция деңгейіне және жалпы стекингке салынған токендердің көлеміне байланысты қалыптасады.

AIX басқарма төрайымы Асель Мұкажанова атап өтті:

«Қазақстандағы ETF нарығы жаңа серпінді өсу кезеңіне қадам басты, ал жергілікті инвестициялық қорлар шынымен бірегей өнімдерді ұсынып отыр. AIX дәстүрлі және цифрлық инвестициялық мүмкіндіктердің ең үздігін біріктіретін дебюттік қорларды орналастырып отырғанына мақтаныш етеді».

Fonte Capital Ltd. бас директоры Ержан Мусин былай деді:

«Astana International Exchange (AIX) алаңында стекингі бар әлемдегі алғашқы Solana ETF-інің листингке шығуы – тек Fonte Capital үшін ғана емес, бүкіл цифрлық актив индустриясы үшін тарихи оқиға. Біз дәстүрлі қаржылық құралдар мен инновациялық блокчейн технологияларының арасындағы көпірді құрып, инвесторларға базалық активтің (SOL) өсімін стекинг арқылы пассивті табыспен үйлестіретін бірегей өнім ұсынамыз. Бұл реттелетін, қауіпсіз және табыс әкелетін цифрлық инвестицияларға деген өсіп келе жатқан сұранысқа қисынды жауап».

Анықтамалық ақпарат:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ ақпарат: www.aix.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz

AIFC Services Assistant