Геосаяси өзгерістер аймақтағы авиациялық қаржыландырудың рөлін күшейтуде: АХҚО-да сарапшылар осы мәселені талқылап, пікір алмасты

АХҚО жүргізген зерттеуге сәйкес 2030 жылға қарай Орталық Азия мен Кавказдағы әуе кемелері паркі екі есеге дейін ұлғаюы мүмкін, ал Airbus болжамы бойынша әлемдік әуе паркі 2024 жылғы 24 730 ұшақтан 2044 жылға қарай шамамен 49 210 ұшаққа дейін өседі. Жолаушылар ағынының артуы және әуе парктерінің кеңеюі аймақта авиация саласын қаржыландырудың жаңа тетіктеріне деген елеулі сұранысты қалыптастыруда. Бұдан басқа, өзгеріп жатқан жаһандық күн тәртібі мен геосаяси турбуленттілік жағдайында саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін сенімді әрі қорғалған қаржыландыру тетіктерін қалыптастырудың маңызы арта түсуде.

Осы мәселелер 10 наурызда «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО, Орталық) өткен дөңгелек үстелдің негізгі тақырыбына арқау болды. Пікір алмасу барысында сарапшылар әлемде және аймақтағы авиациялық қаржыландыру мен әуе кемелері лизингінің дамуын, сондай-ақ Қазақстанда мәмілелерді құрылымдау үшін АХҚО юрисдикциясын пайдалану мүмкіндіктерін талқылады. Бұл мәмілелер жаһандық көлік дәліздері мен авиация саласындағы инвестициялық шешімдерге әсер ететін геосаяси белгісіздік жағдайында ерекше өзектілікке ие болуда.

Дөңгелек үстел жұмысына авиация саласының, халықаралық ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдері: ҚР Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева, Air Astana компаниясының бас директоры Питер Фостер, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі бас директорының міндетін атқарушы Аслан Сатжанов, AAAG Ltd. атқарушы директоры Алма Әліғожинова, Қарағанды әуежайы директорлар кеңесінің төрағасы Ерлан Оспанов, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің тұрақты даму департаментінің аға директоры Жанна Шек, IATA өңірлік менеджері Ризван Сидик, Watson Farley&Williams LLP серіктесі Джим Белл, VCC LLP директоры Қанат Сқақов, Airbus компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Роман Блащишин және басқалар қатысты.

АХҚО әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Жанболат Кәкішев аймақтың  авиациялық-қаржылық экожүйесін дамыту үшін құрылған АХҚО-ның мамандандырылған бастамасы – Aviation Finance Hub-тың қызметі туралы айтты: «АХҚО әлемдік үздік практикаларға және Орталық Азия мен Кавказдағы ұлғайып келе жатқан сұранысқа сүйене отырып, Қазақстанның авиациялық қаржыландыру және лизинг саласындағы аймақтық хаб болу әлеуетін зерделеуде. Хабты дамыту бастамасы коммерциялық және жүк ұшақтарын қаржыландыру мен лизингке беруді дамытуға, аймақтағы авиацияның тұрақты дамуын қолдауға, инвестициялар тартуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған».

Air Astana бас директоры Питер Фостер өз сөзінде көлік ағындарының өзгеруі аясында авиация саласы мәселелерін талқылаудың өзектілігін атап өтті: «Қазақстан – Орталық Азия елдері арасында авиация саласының көшбасшысы. Алайда біз бұл нарықтағы жалғыз ойыншы емеспіз – аймақтың басқа елдері де авиация секторын белсенді дамытуда. Көшбасшылықты сақтап қалу үшін бізге авиацияны дамыту бойынша нақты және бірыңғай жоспар, сондай-ақ барынша тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін ойластырылған инвестициялық шешімдер қажет».

Сарапшылардың айтуынша, Орталық Азия мен Кавказ әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан авиациялық аймақтардың бірі. Қазақстан бірегей географиялық орналасуымен және қарқынды дамып келе жатқан инфрақұрылымымен ерекшеленеді. Елдегі ұшу қауіпсіздігінің деңгейі еуропалық орташа көрсеткіштерден жоғары, ал авиация саласындағы ішкі кадрлардың кәсіби құзыреттері тұрақты түрде артып келеді. Сонымен қатар аймақтағы коммерциялық әуе паркінің 55-80% авиациялық лизинг негізінде пайдаланылады, ал әлемдік орташа көрсеткіш шамамен 60%-ды құрайды. Бұл факторлардың барлығы Қазақстанның аймақтағы негізгі авиациялық хабқа айналу әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.

АХҚО Aviation Finance Hub басшысы Әсел Бағысова қазіргі заманғы авиация индустриясында лизингтік модель негізгі рөл атқаратынын атап өтті: «Бүгінде әлемдік коммерциялық әуе паркінің тек 45% ғана әуе компанияларының меншігінде, ал авиациялық флотты басқарудың негізгі тетігі – лизинг. Лизингтік модель тәуекелдерді ескере отырып, басқа қаржыландыру тәсілдерімен салыстырғанда жоғары табыстылықты қамтамасыз етеді. Сарапшылардың бағалауынша 2024 жылы лизингтік компаниялар тиімділік көрсеткіштері бойынша авиациялық техника өндірушілерін айтарлықтай басып озып, саланың көшбасшыларына айналды».

Сарапшылар авиация саласын түбегейлі өзгертіп, ұшақтарды қаржылық тұрғыдан қолжетімді етіп, авиакомпаниялардың бүкіл әлем бойынша өсуіне мүмкіндік берген лизингтік модельдің тартымдылығын атап өтті. Пікір алмасу барысында лизингтік компаниялар үшін юрисдикцияның тартымдылығы көбіне үш негізгі факторға байланысты екені айтылды, олар: құқықтық жүйе, салықтық режим және авиациялық қызметтердің дамыған кластері. Ирландия мен Сингапур сияқты елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, АХҚО авиация саласына инвестиция тартуға қолайлы құқықтық және реттеуші орта ұсынады. Дамыған қаржылық инфрақұрылымға ие Орталық елдегі авиациялық бағытты дамыту үшін негізгі алаңға айнала алады.

Watson Farley&Williams LLP серіктесі Джим Белл былай деді:
«АХҚО аймақтық лизингтік хаб ретіндегі өз рөлін дамыту мүмкіндігін қарастыра алады. Қазіргі уақытта бұл индустрияның негізгі орталықтары Ирландия мен АҚШ-та шоғырланғанына қарамастан, АХҚО өңірде қызметті кеңейту үшін қолайлы жағдайлар ұсына отырып, өз орнын иеленіп, халықаралық лизингтік экожүйені толықтыра алады».

Дөңгелек үстел барысында сарапшылар жаһандық орталықтардың ауқымына қарамастан, АХҚО-ның тартымдылығы ең алдымен оның аймақтық мамандануымен байланысты екенін атап өтті. Қазақстанның Орталық Азия мен Кавказ елдерінің барлығымен жасалған салықтық келісімдер желісі АХҚО-ны осы перспективалы нарықтарда лизингтік бизнесті дамыту үшін басым юрисдикция ретінде айқындайды.

АХҚО юрисдикциясы ағылшын жалпы құқығы қағидаттарына негізделген, бұл авиациялық қаржыландыру индустриясы үшін маңызды артықшылық. Сонымен қатар Қазақстан 55-тен астам елмен салықтық келісімдер жасасқан, бұл трансшекаралық мәмілелерді құрылымдауға және халықаралық инвесторларды тартуға қолайлы жағдай жасайды.

Лизингтік операциялар үшін қосымша құқықтық қорғауды Қазақстанның жылжымалы жабдықтарға қатысты халықаралық кепілдіктер туралы Кейптаун конвенциясына және лизинг берушілерге активтерді қорғаудың құқықтық құралдарын ұсынатын IDERA тетігін қоса алғанда, Авиациялық жабдық туралы хаттамаға қатысуы қамтамасыз етеді.

Тағы бір маңызды артықшылық – ұшу қауіпсіздігінің жоғары деңгейі. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) бағалауынша Қазақстан оның стандарттарына 82% деңгейінде сәйкес келеді, бұл әлемдік және аймақтық орташа көрсеткіштерден жоғары.

Бұдан басқа, өзгеріп жатқан жаһандық күн тәртібі мен геосаяси турбуленттілік жағдайында саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін сенімді әрі қорғалған қаржыландыру тетіктерін қалыптастырудың маңызы арта түсуде. Осы тұрғыда АХҚО аймақта заманауи авиациялық қаржыландыру және лизинг экожүйесін қалыптастыруға, салалық сараптаманы дамытуға және халықаралық ойыншыларды нарыққа тартуға арналған маңызды алаңның рөлін атқарады.

Анықтамалық ақпарат:    

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйеaifc.kz  

АХҚО баспасөз қызметі

E-mail: [email protected]  

AIFC Services Assistant