Көміртегі кредит нарығы ойын ережесін өзгертуде: VCM ЖЭК-тен табиғи климаттық жобаларға ауысуда
Соңғы жылдары ерікті көміртегі кредиттер нарығы тұрақты өсімді көрсетуде. Тек 2019-2022 жылдар аралығында көміртегі кредиттерінің көптеген санатының бағасы жыл сайын 30-40%-ға ға өсті. Соңғы екі жылда динамика тұрақтанды, алайда сұраныс құрылымы өзгерді: егер бұрын жаңартылатын энергетика саласындағы жобалар басым болса, бүгінде табиғи шешімдер – ормандарды сақтау, жерді қалпына келтіру және топырақтың жай-күйін жақсарту жөніндегі жобалар үлкен қызығушылық тудыруда. Мұндай көміртекті кредиттерінің құны бір CO₂ тоннасы үшін 15-20 долларға жетті, бұл жобаны жасаушылар үшін өте тартымды.
Анықтама үшін. Ерікті көміртегі нарығы (VCM) ерікті негізде көміртегі кредиттерін шығаруды, сатуды және сатып алуды жүзеге асырады. Бір көміртегі кредиті климаттың өзгеруінің салдарын жеңілдету жөніндегі жобаны іске асыру арқылы көмірқышқыл қос тотығының бір метрикалық тонна эквивалентін (1 т CO2-экв.) азайту немесе сіңіруді білдіреді. Ұлттық немесе халықаралық талаптар негізінде қалыптасатын реттелетін нарықтардан айырмашылығы, VCM нарығы орталықтандырылмаған және сұранысқа бағытталған. Оның дамуы орнықты дамуға деген корпоративтік ұмтылыстарға, беделді басымдықтарға және мүдделі тараптардың өсіп келе жатқан үміттеріне байланысты.
Нарықтың өсуіне қосымша ынталандыруды авиация саласы туғызуда. 2027 жылдан бастап Халықаралық авиатасымалдаушылар ICAO CORSIA бағдарламасы бойынша шығарындыларын өтеуге міндетті болады. Бұл бүкіл әлем бойынша сапалы көміртегі кредиттеріне айтарлықтай қосымша сұраныстың қалыптасуына әкеледі. Бүгін бағдарламаға 2019 жылдан бері қатысып келе жатқан Қазақстанды қоса алғанда, 129 ел қосылды. Бұл қазақстандық авиакомпаниялар мен басқа елдердің авиатасымалдаушыларының міндеттемелерін қамту үшін отандық көміртегі кредиттерін іске асыруға мүмкіндіктер ашады.
2025 жылдың ақпан айында АХҚО базасында Көміртегі платформасы – еліміздегі экологиялық құралдарға арналған алғашқы сауда алаңы іске қосылды. Енді қазақстандық жобалар көміртегі кредиттерінің әлемдік нарығына шыға алады. Бұл ел үшін орманды қалпына келтіру жобаларынан бастап қоқыс газын кәдеге жаратуға және тұрақты ауыл шаруашылығына дейінгі жаңа тауашаны ашады.
АХҚО Көміртегі платформасының директоры Әсел Нұрахметова:
«АХҚО-ның Көміртегі платформасын іске қосуы және осы есепті дайындауы инфрақұрылымды дамытуға, көміртегі жобаларын әзірлеушілер мен басқа да стейкхолдерлердің хабардарлығын арттыруға және үздік әлемдік тәжірибелерді іс жүзінде қолдануға деген біздің жүйелі көзқарасымызды көрсетеді. Бұл бастама климаттық жобаларға қатысатын қазақстандық бизнесті ауқымдауға, халықаралық қаржыландыруды тартуға және көміртекті бейтараптық мақсаттарына қол жеткізуге жағдай жасайды».
Есеп көміртегі кредиттерінің әлемдік нарығының қалай құрылғанын және оның Қазақстан үшін қандай мүмкіндіктер ашатынын баяндайды. Ол нарықтағы сенім мен ашықтыққа жауап беретін негізгі халықаралық институттарға шолу жасайды, көміртегі жобаларын сертификаттаудың ең сұранысқа ие стандарттарын салыстырады және кейбір кредиттердің басқаларға қарағанда неге қымбат екенін түсіндіреді. Жеке тарау Қазақстанда жобаларды іске қосудың практикалық жағына – идеядан бастап, АХҚО-ның жаңа көміртегі платформасында сауда жасау мәселелеріне арналған.
Қазақстан климаттық жобалардың жаңа орталығына айналуы үшін барлық мүмкіндіктерге ие: орасан зор табиғи аумақтар, табиғи жобаларды да, технологиялық әдістер негізіндегі жобаларды да іске асыру үшін мүмкіндіктер жетерлік. Тіркелген жобалар туралы деректер көрсетіп отырғандай, халықаралық компаниялар Қазақстанда көміртегі жобаларын іске асыруға қызығушылық танытуда, ал нарық қарқынды өсуге және инвестициялар тартуға дайын.
Есеп Қазақстанда климаттық бастамалар мен орнықты қаржы құралдарын дамытуға мүдделі мемлекеттік органдар, қаржы ұйымдары, нарық қатысушылары, көміртегі жобаларын әзірлеушілер және инвесторлар үшін әзірленді.
Есептің толық нұсқасымен осы сілтеме арқылы танысуға болады.
Біздің «Шығарындылар саудасы жүйелері және ерікті көміртегі нарығы: Қазақстан үшін жаһандық шолу және перспективалар» атты алдыңғы есебіміз осы сілтеме бойынша қолжетімді.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы
E-mail: [email protected]