Орталық Азиядағы жасыл қаржыландыру: практикалық қадамдар және өңірлік ынтымақтастық

Astana Finance Days 2025 форум  аясында Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Жасыл қаржы орталығы Еуразиялық даму банкімен (ЕАДБ) бірлесіп «Орталық Азия: жасыл қаржыландыру іс жүзінде. Құралдар, жетістіктер, сабақтар» атты семинар өткізді. Іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз Республикасының мемлекеттік органдарының, ұлттық даму институттарының және бизнес-қоғамдастықтарының өкілдері қатысты. Семинар өңірде тұрақты қаржы нарығын дамыту жөніндегі диалог алаңына айналды.

Семинардың негізгі мақсаты – қатысушылардың кәсіби құзыреттерін арттыру және жасыл қаржыландыру құралдарын енгізу бойынша тәжірибе алмасу болды. Талқылаудың негізгі тақырыптары: қарыз алу құнын төмендету, ұлттық таксономияларды әзірлеу, биржалық және дербес механизмдерді дамыту, сондай-ақ халықаралық даму банктерінің мүмкіндіктерін пайдалану. Қатысушылар өңір елдерінің жасыл және әлеуметтік қаржы құралдарын іске қосу және верификациялау тәжірибелерін бөлісті.

Қатысушыларға ЕАДБ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Дәленов және Тұрақты инвестициялар саласында әлеуетті арттыру альянсының (CASI) төрағасы, Қаржы және тұрақты даму институтының (IFS) президенті доктор Ма Джун алғы сөз  сөйледі. Руслан Дәленов өз сөзінде жасыл қаржы бүгінгі күні жай ғана жаһандық үрдіс емес, тұрақты өсім үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын практикалық құрал екенін атап өтті. Оның айтуынша, Орталық Азия елдері үшін төмен көміртекті экономикаға көшу ірі инвестициялар мен технологиялық прогрестің көзіне, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықтың кеңеюіне жол ашып жатыр . Ол 2018 жылдан бері ЕАДБ-ның «жасыл» портфелі екі есеге ұлғайып, $1,9 млрд-қа жеткенін, оның ішінде Қазақстанда жалпы қуаты 550 МВт болатын он күн және үш жел электр станциясының құрылысы жүріп жатқанын атап өтті.

Семинар АХҚО Жасыл қаржы орталығы мен ЕАДБ Академиясының серіктестігі нәтижесінде ұйымдастырылды. ЕАДБ Академиясы дәстүрлі түрде мүше мемлекеттердің мемлекеттік қызметкерлері мен қарыз алушыларының құзыреттерін жобалық қаржыландыру, инвестициялық нарықтардың жұмысы, даму банктерінің қызметі және тұрақты қаржыландыру сияқты негізгі бағыттар бойынша дамытады. АХҚО Жасыл қаржы орталығы – Орталық Азия мен Кавказдағы Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығы (ICMA) және Климаттық облигациялар бастамасы (Climate Bonds Initiative) аккредитациясынан өткен жалғыз институт. Семинар барысында Орталық өз тәжірибесін ұсынып, жасыл, әлеуметтік және тұрақты облигацияларды верификациялау тәсілдерін бөлісті, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес өңірлік практикаларды дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Анықтама

АХҚО Жасыл қаржы орталығы 2018 жылғы 1 маусымда Қазақстан мен Орталық Азия өңірінде жасыл қаржыны дамыту және ілгерілету үшін құрылды. Орталық әлеуетті эмитенттерге, инвесторларға және нарық қатысушыларына АХҚО Биржасында жасыл облигациялар шығару бойынша алғашқы қолдау көрсетеді.

Орталықтың басты мақсаты – тұрақты қаржыландыру құралдарын ілгерілету және дамыту, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азиядағы экологиялық және әлеуметтік жобаларға инвестиция тарту.

АХҚО Жасыл қаржы орталығы – Орталық Азиядағы тұрақты қаржыландыру саласындағы жетекші институт. Климаттық облигациялар бастамасы мен Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығы аккредитациясынан өткен Орталық өңірде тұрақты қаржыландыруды дамытуға ықпал ету үшін верификация және консалтингтік қызметтерді ұсынады

AIFC Services Assistant