«Қазақстан-БАӘ» бизнес-форумы аясында ары қарайғы экономикалық ынтымақтастық үшін келісімдерге қол қойылды

12 мамырда «Астана» халықаралық қаржы орталығына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абу-Дабидің тақ мұрагері, ханзада шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаян келді. Жоғары мәртебелі қонақтар қаржы орталығының қызметімен танысып, «Қазақстан – Біріккен Араб Әмірліктері» бизнес-форумының жұмысына қатысты. 

Қаржы орталығының Басқарушысы Ренат Бектұров Қазақстан Президенті мен Абу-Дабидің тақ мұрагеріне АХҚО жұмысының нәтижелерін, сондай-ақ оның елдер арасындағы екіжақты инвестициялық-экономикалық қатынастарды дамытуға арналған мүмкіндіктерін таныстырды. 

АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров: «Астана» халықаралық қаржы орталығы инвесторлар білетін юрисдикцияның және дамыған қаржы экожүйесі шеңберінде ірі бизнес-мәмілелерді құрылымдай алу мүмкіндігінің арқасында Қазақстан мен БАӘ арасындағы ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайлар жасауды жалғастыруда. Бұл жұмыстың нәтижелерін қазірдің өзінде көруге болады – БАӘ-нің ондаған компаниялары АХҚО-да тіркелген, олар инвестициялар тартып, біздің елімізде өз жобаларын дамытуда», – деп атап өтті.  

Қазіргі уақытта қаржы орталығында әлемнің 80-нен астам елінен 3 800-ден астам компания тіркелген. АХҚО алаңы арқылы Қазақстан экономикасына 14,7 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартылды. Қазір қаржы орталығында БАӘ-ден 46 компания тіркелген, олар қаржы және сақтандыру, ғылыми және техникалық қызмет, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, сауда, көлік, өңдеу және тау-кен өндіру өнеркәсібі және басқа да салаларда жұмыс істейді.  

Қазақстан мен БАӘ капитал нарықтары арасындағы ынтымақтастық тұрақты түрде белсенді дамып келе жатқанын және эмитенттер мен инвесторлар үшін анағұрлым қолжетімді инвестициялық ортаны қалыптастыру үшін байланыстар нығаюда екенін атап өткен жөн. Мәселен, ү.ж. 7 мамырында Nasdaq Dubai биржасы мен Astana International Exchange (AIX) өздерінің орталық депозитарийлері арасында тікелей байланысты іске қосқанын хабарлады, соның арқасында тараптар қосарлы листингтегі бағалы қағаздар бойынша сауда-саттық пен есеп айырысуды екі алаңда да қамтамасыз ететін болады. 

Бұған дейін, 2024 жылы AIX Абу-Даби қор биржасы (ADX) биржалар арасындағы сауда үшін құрған Tabadul цифрлық биржалық хабына қосылған еді, ал AIX-тің сауда мүшелері қатарында International Securities, BHM Capital, Al Ramz Capital сияқты компанияларды қоса алғанда, Біріккен Араб Әмірліктерінен бірнеше  компаниясы бар. Бұдан басқа, ү.ж. сәуір айында Еуразиялық даму банкі AIX алаңында БАӘ дирхамында облигациялардың дебюттік шығарылымын сәтті орналастырып, Қазақстанда осы валютада облигация шығарған алғашқы эмитент атанды.  

Сондай-ақ жоғары мәртебелі қонақтар ағылшын жалпы құқық қағидаттарына негізделген АХҚО юрисдикциясының ерекшеліктерімен, АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің (AFSA), АХҚО сотының, Халықаралық төрелік орталықтың және АХҚО биржасының қызметімен танысты. 

Қазақстан Президенті мен Абу-Дабидің тақ мұрагері бизнес-форумның жабылу салтанатына қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ілтипат сөзінде екі елдің бизнес пен корпоративтік сектор өкілдері қол жеткізілген уағдаластықтарды толыққанды іске асыруға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. 

Президент: «Біріккен Араб Әмірліктері – еліміздің Шығанақ аймағындағы жетекші сауда және инвестициялық серіктесі. Бүгінге дейін экономикамызға 4,3 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. БАӘ-нің 2031 жылға дейінгі даму стратегиясы біздің инновация, өнеркәсіпті дамыту және әртараптандыру бағытындағы ұлттық басымдықтарымызбен үндеседі. Сондықтан біз серіктестерімізге қолайлы жағдай жасауға ниеттіміз», – деп атап өтті.    

Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің бизнес қауымдастығы өкілдеріне Қазақстанда ЭЫДҰ халықаралық стандарттары мен қағидаттарына сай жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар жөнінде айтты. Осы орайда шетелдік инвесторларға, соның ішінде БАӘ компанияларына жүйелі әрі жедел көмек беру үшін құрылған Инвестиция тарту жөніндегі кеңес жұмысы туралы мәлімет берді. 

«Энергетика, логистика, қаржы, интеллектуалды технологиялар, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа түрлі салада ынтымақтастығымызды кеңейтуге мүмкіндік мол. Masdar, Presight, Abu Dhabi Ports, Terminal Holdings және Аbu Dhabi Commercial Bank cекілді серіктестерімізбен бірге жүзеге асырып жатқан маңызды жобалар өзара ықпалдастықтың қарқын ала түскеніне айқын дәлел. Осы және басқа да бастамалар екіжақты қарым-қатынастың дәйекті әрі тиімді дамып келе жатқанын көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.    

Бизнес-форум сонымен қатар экономикалық ынтымақтастық үшін маңызды жаңа келісімдер жасасу алаңына айналды. Мәселен, ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Астана әкімдігі Presight AI компаниясымен елордада деректерді өңдеу орталығын салу бойынша меморандумға қол қойды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі QazaqArab Sugar компаниясымен Қазақстанда қант зауытын салу туралы инвестициялық келісім жасасты.

Астананың білім басқармасы SABIS International School Astana жобасы бойынша Emirates Kazakhstan Education Investment Group-пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 

Өз кезегінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Abu Dhabi Global Market дербес деректерді қорғау жөніндегі құқық саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. 

АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров: «ADGM деректерді қорғау офисімен меморандумға қол қою дербес деректерді қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам. Бұл келісім АХҚО-да құпиялылық пен құқықтық болжамдылықтың жоғары деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерімізді нығайтады, сондай-ақ өңірдегі үздік халықаралық практикаларды ілгерілетуге ықпал етеді», – деп пікірімен бөлісті.    

АХҚО-ның деректерді қорғау жөніндегі уәкілі Жали Уәлиев: «Біз деректерді қорғау саласында ADGM-мен серіктестікті нығайтуға қуаныштымыз. Меморандум қарқынды дамып келе жатқан цифрлық экономика жағдайында тәжірибе алмасу, техникалық сараптама және іс-қимылдарды үйлестіру үшін негіз қалайды. ADGM-дегі әріптестермен бірлесіп жұмыс істеу бізге деректер субъектілерінің құқықтарын одан әрі тиімді қорғауға және цифрлық ортада ашықтық пен сенімділікті қамтамасыз етуге көмектеседі», – деп атап өтті.   

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен энергетика секторы үшін жаңа технологияларды дамытумен айналысатын AIQ компаниясы білім алмасу және AIQ шешімдерін әзірлеу үшін стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. 

«Атамекен» ҰКП Қазақстанның сыртқы сауда палатасы және «Морморт Ақтау» АЭА Khalifa Economic Zones Abu Dhabi-мен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Semurg Invest ЖШС мен Abu Dhabi Ports Group «Құрық» портында «Саржа» әмбебап терминалының құрылысын жүргізу және пайдалану жобасы бойынша мәміленің негізгі шарттары жөніндегі келісімге қол қойды. «Alel Agro» АҚ мен LULU Group агро азық-түлік өнімдерінің саудасын ілгерілету және сатып алу саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. 

Анықтамалық ақпарат:    

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz  

AIFC Services Assistant