Қазақстан көшбасшылыққа ұмтылуда: АХҚО-да Сауд Арабиясы, Бахрейн, Малайзия, Түркия, Қазақстан және БАӘ сарапшыларының қатысуымен Ислам қаржысы жөніндегі халықаралық кеңес құрылды
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) негізгі исламдық қаржы юрисдикцияларындағы жетекші әлемдік сарапшыларды біріктіретін және Қазақстанда индустрияны дамытудың жаңа деңгейін белгілеуге тиіс орган – Исламдық қаржы жөніндегі халықаралық консультативтік кеңестің (бұдан әрі – Кеңес) құрылуы туралы жариялады. Алғашқы отырыс 10 желтоқсанда Абу-Дабиде AIFC Connect Abu Dhabi аясында, Қазақстанның БАӘ-дегі Елшілігі алаңында өтті.
Кеңес Қазақстандағы исламдық қаржыландыруды дамытудың негізгі интеллектуалдық өзегі болады: ол заңнама, шариғат басқару, капитал нарықтары, орнықты қаржы, цифрлық шешімдер және халықаралық ынтымақтастық жөнінде тәуелсіз ұсынымдар қалыптастыратын болады.
АХҚО исламдық қаржы бағытының басшысы Мәдина Тұқұлова: «Консультативтік кеңестің құрылуы – Қазақстандағы исламдық қаржы индустриясын нығайтудағы маңызды қадам. Исламдық қаржының негізгі юрисдикцияларының жетекші сарапшыларының тәжірибесін біріктіре отырып, біз бүкіл өңір үшін сапаның, ашықтықтың және дамудың жаңа стандарттарын белгілеуге қабілетті алаң қалыптастырамыз. Кеңестің ұсынымдары саланың жедел өсуіне және АХҚО-ның исламдық қаржыландырудың өңірлік хабы ретіндегі позициясын одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін».
Lemrair Consultancy Company W.L.L. президенті және бас директоры Д-р Аднан Ахмед Юсиф: «АХҚО жанынан Исламдық қаржы жөніндегі консультативтік кеңестің құрылуы Еуразия аймағында исламдық қаржының институционалдық негіздерін нығайтудағы стратегиялық маңызды кезең. Қазақстан этикалық және тұрақты қаржылық шешімдерді дамыту үшін елеулі әлеуетке ие және IFAB халықаралық сарапшылар саланы дамытудың болашақ бағыттарын айқындауға үлес қоса алатын маңызды платформаға айналады».
Алғашқы отырыста Кеңес мүшелері Қазақстан мен өңірде исламдық қаржыландыруды дамытудың негізгі мәселелеріне назар аударды. Сарапшылар исламдық қаржы индустриясының қазіргі жай-күйін, өсудің кедергілерін және Қазақстанның аймақтағы исламдық қаржыландырудың жетекші орталығына айналу әлеуетін талқылады.
2026-2028 жылдарға арналған басымдықтарға ерекше назар аударылды, олар:
— жаңа исламдық қаржы өнімдерін шығару,
— халықаралық институттардың қатысуын кеңейту,
— юрисдикцияның инвестициялық тартымдылығын күшейту,
— АХҚО-да шариғат басқару жүйесін жетілдіру қажеттілігі.
Кеңес мүшелері исламдық қаржы өнімдерін сараптамалық бағалау сапасын арттыруға, шариғат консультативтік органдарына қойылатын талаптарды стандарттауға және шешім қабылдау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған АХҚО-да шариғат басқару саясатын енгізу қажеттілігін қолдады. Мұндай жұмыс инвесторлардың сенімін нығайтуға және Қазақстанда халықаралық деңгейде мойындалған исламдық қаржы стандарттарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кеңес сонымен қатар Қазақстанның жасыл және әлеуметтік бағдарланған исламдық құралдары саласындағы әлеуетін, соның ішінде жасыл және ESG-сукук шығару мүмкіндіктерін қарастырды.
Кеңес құрамына мынадай жетекші халықаралық мамандар кірді:
- Д-р Сами Әл-Сувайлем (Sami Al Suwailem), Ислам Даму Банкі институтының бас директорының міндетін атқарушы, ислам экономикасы және жаһандық ислам қаржы индустриясы саласындағы жетекші халықаралық сарапшылардың бірі.
- Д-р Аднан Ахмед Юсиф (Adnan Ahmed Yousif) – Lemrair Consultancy Company W.L.L. президенті және бас директоры, Бахрейн мен Таяу Шығыстағы ислам банкингінің негізгі көшбасшыларының бірі.
- Профессор Дато д-р Азнан Хасан (Aznan Hasan) – Малайзия Халықаралық ислам университетінің шариғат профессоры, шариғат қадағалау саласындағы жетекші халықаралық маман.
- Лим Сэй Чонг (Lim Say Cheong) – тәуелсіз директор, ислам банкингі, капитал нарықтары және цифрлық активтер жөніндегі сарапшы (БАӘ).
- Фатма Чынар (Fatma Çınar) – Түркияның қатысу банктері қауымдастығы бас хатшысының орынбасары, ислам банкингінің сарапшысы.
- Майя Марисса Малек (Maya Marissa Malek) – Sabiq Advisory (Малайзия – БАӘ) бас директоры, шариғат корпоративтік басқару, ESG-бастамалар және капитал нарықтары жөніндегі маман.
- Мәдина Тұқұлова – АХҚО исламдық қаржы бағытының басшысы, исламдық қаржы және бизнес қауымдастығының бас директоры. Саланың стратегиялық дамуына және халықаралық ынтымақтастыққа жауапты.
Қатысушылар құрамы Сауд Арабиясы, БАӘ, Бахрейн, Түркия, Малайзия және Қазақстанның исламдық қаржы индустриясын дамытудың үздік әлемдік модельдерін көрсетеді. Консультативтік кеңес құру исламдық қаржыландырудың халықаралық танылған экожүйесін қалыптастырудағы және АХҚО-ның Орталық Азиядағы ұстанымын нығайтудағы маңызды қадам.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
AIFC Connect – бұл қаржы және өнеркәсіп секторларындағы компаниялардың сарапшылары мен топ-менеджерлері АХҚО бастамаларымен және Қазақстанның бизнесті жүргізуге арналған инвестициялық мүмкіндіктерімен танысатын эксклюзивті кездесулер форматы. Бұған дейін AIFC Connect Сингапурда, Лондонда, Дубайда, Сеулде, Гонконгта, Бейжіңде өтті.
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы,
E-mail: [email protected]