Қазақстан Кореямен іскерлік байланыстарды нығайтуда: АХҚО инвесторлармен байланыс орнатуда

21 мамырда «Астана» халықаралық қаржы орталығы Сеулде Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ жаңа серіктестіктерді қалыптастыруға және корей кәсіпкерлерді АХҚО алаңы арқылы бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған AIFC Connect бизнес іс-шарасын өткізді.  

Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрғали Арыстанов өз сөзінде Қазақстан мен Корея арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін атап өтті. Елші Корея Республикасының Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі екенін айтты: «2024 жылдың қорытындысы бойынша Кореядан Қазақстанға тікелей инвестиция көлемі 1,2 миллиард АҚШ долларына жетіп, Корея Республикасы еліміздің экономикасына инвестиция құйған ең ірі үшінші инвесторға айналды. Соңғы 20 жыл ішінде корейлік инвестициялардың жалпы көлемі 10,8 миллиард АҚШ долларынан асты».  

Сонымен қатар, Елші Қазақстанда 876 корей капиталы бар кәсіпорын сәтті жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Екі ел арасындағы әуе қатынас та жақсы дамуда: қазіргі таңда аптасына 15 тікелей рейс Астана мен Алматы қалаларынан Сеулге қатынауда, ал 29 мамырдан бастап SCAT Airlines авиакомпаниясы Шымкент – Сеул бағытында жаңа маршрутты іске қосуды жоспарлап отыр. 

«Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Ренат Бектұров: «АХҚО GFCI рейтингіне сәйкес Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның жетекші қаржы орталығы ретінде шетелдік инвесторларға Қазақстан мен Орталық Азия өңірінде бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар ұсынады. AIFC Connect аясында біз жаһандық деңгейдегі экономикалық орталық Сеулдің кәсіпкерлеріне АХҚО-ның қаржы, өнеркәсіп, инфрақұрылым және қазіргі экономиканың ең жылдам дамып келе жатқан секторларының бірі креативті индустрия салаларындағы жобаларды іске асыру мүмкіндіктерімен таныстырдық». 

Сеулдегі іс-шарада талқылаудың орталық тақырыбы қаржы орталығының зияткерлік меншікті қорғау саласындағы озық құқықтық базасы және мәмілелерді үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес құрылымдай алу мүмкіндігі ескеріле отырып, АХҚО-ның креативті индустрияны дамыту мүмкіндіктері болды. Сондай-ақ, Қазақстандағы экономиканың нақты секторының жобаларына инвестиция салу үшін қаржы орталығының әлеуетіне назар аударылды. 

Іс-шараның іскерлік бағдарламасын Dasco Group Басқарма төрағасы Дәрмен Сәдуақасов Қазақстанның  инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырудан бастады. Бұдан әрі АХҚО туралы панельдік сессия өтті, OD Consulting компаниясының негізін қалаушы және басқарушы серіктесі Арман Батаев модератор ретінде сөз сөйледі. Сарапшылар – VITIS Korea fund OEIC директоры Ольга Эм және АХҚО әкімшілігінің Қатысушыларды қолдау және іскерлік байланыстар департаментінің директоры Жанна Диярова қаржы орталығының инвестицияларды тарту мен мәмілелерді құрылымдаудағы рөлін, құқықтық және реттеуші инфрақұрылымды, АХҚО қор платформасының шетелдік инвесторлар үшін артықшылықтарын, сондай-ақ қорларды құру және басқару жолдарын талқылады. 

Бағдарламаны Қазақстандағы креативті индустрия және осы сала үшін АХҚО-ның құндылығы туралы диалог жалғастырды, онда спикерлер ретінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов және АХҚО әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Әсет Оңласов сөз сөйледі. 

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов: «Қазақстан креативті секторды стратегиялық және экономиканы әртараптандырудың бағыттарының бірі ретінде қарастыра отырып, оны дамытуға ерекше мән беруде. Геосаяси ерекшеліктер, мәдени әртүрлілік және этносаралық бірегейлік, сондай-ақ Қазақстанның жұмсақ салық саясаты мен дамыған қаржы инфрақұрылымы креативті индустрияны дамыту үшін кең перспективалар ашады.   (…) Егер елдеріміздің бірлескен перспективалары туралы айтатын болсақ, онда Қазақстан мен Корея Республикасының мәдени өзара іс-қимылының тарихы бай деп айтуға болады және дәл креативті экономика біздің қарым-қатынасымызды жаңа, неғұрлым динамикалық деңгейге көтере алатынына сенімдіміз». 

Іс-шара аясында Tolqyn Film Fund венчурлық қорының жетекшісі, продюсер  Ернар Құрмашев және Өzen платформасының қалаушысы Айзат Құсайынов AIFC Connect қатысушыларымен Қазақстанның креативті индустриясындағы жетістіктермен бөлісті.  

Іс-шараға оңтүстік кореялық, оның ішінде креативті индустрия саласындағы компаниялардың 50-ге жуық өкілі – продюсерлер, музыка мен киноиндустрия сарапшылары, экономиканың нақты секторы және қаржы секторының өкілдері қатысты. 

Қазір АХҚО-да Корея капиталының қатысуымен 18 компания тіркелген. Олар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет, қаржылық қызметтер және сақтандыру, әкімшілік және қосалқы қызметтер, құрылыс және т.б. салаларға тиесілі. 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бұл Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағындағы №1 қаржы орталығы, Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция болып табылады. 2018 жылдан бастап АХҚО алаңы арқылы Қазақстан экономикасына 14,7 млрд доллардан астам инвестиция тартылды. АХҚО-да АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Түркия, Корея Республикасы, Сингапур және басқа елдерді қоса алғанда, әлемнің 80+ елінен 3 900-дан астам компания тіркелген.   

Анықтамалық ақпарат:   

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz 

AIFC Connect – бұл қаржы және өнеркәсіп салаларының өкілдеріне арналған Қазақстанда бизнес жүргізу үшін инвестициялық мүмкіндіктер мен  АХҚО-ның инвесторларға арналған бастамалары туралы пікір алмасу  үшін эксклюзивті кездесулер форматы. Осы уақытқа дейін AIFC Connect 2023 жылы Сингапурда, 2024 жылы Ұлыбританияда (Лондон) және БАӘ-де (Дубай) өтті.  

AIFC Services Assistant