Қазақстан мен БАӘ бизнес-ынтымақтастықты кеңейтуде

12 мамыр күні Абу-Даби тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның Қазақстанға ресми сапары аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығында «Қазақстан – Біріккен Араб Әмірліктері» іскерлік форумы өтті. Іс-шара екі елдің мемлекеттік және іскерлік құрылымдары өкілдерінің диалог алаңына айналды.

Іс-шара аясында бірнеше сессия өтті, олардың негізгі тақырыптары цифрлық технологиялар, қаржы секторындағы трендтер, урбанистика және «жасыл» экономика болды. Форум қатысушыларына Kazatomprom, QazaqGaz, ERG, BI Development, Transtelecom, Cerebra AI, Forte Bank, AIX, Presight AI Kazakhstan, Qazaqstan Venture Group және басқа да ірі компаниялардың  жобалары таныстырылды. БАӘ тарапынан да Masdar, AMEA Power, SMARTWATT, Abu Dhabi Commercial Bank, Dubai Science Park, TECOM Group сияқты жетекші компаниялардың  жетістіктері баяндалды.

Форумның ашылу салтанатында ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, БАӘ Сыртқы сауда министрі доктор Тани бин Ахмед Әл Зейуди, «Атамекен» ҰКП Қазақстанның сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақовпен БАӘ Сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясының Бас хатшысы Хумайд бен Салем форум қатысушыларына ілтипат сөзін сөйледі.

ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанның алдында БАӘ-мен екіжақты тауар айналымын 1 млрд долларға дейін жеткізу бойынша нақты мақсаты тұрғанын атап өтті: «Бұл экспортты әртараптандыру және ынтымақтастықты кеңейту арқылы біз бет алған нақты бағдар. Қазақстан айтарлықтай экспорттық әлеуетке ие, агроөнеркәсіптік кешенде өсімдік майлары, қой еті, мал азығы, бидай және т.б. сияқты өнімдер бойынша әлеует 96 млн доллардан асады. Металлургиялық өнімдер 250 млн доллардан астам өсімді қамтамасыз ете алады. Өсу әлеуеті 19 миллион долларлық химия өнеркәсібінде – ең алдымен полипропилен сегментінде, сондай-ақ экспорт көлемі 30 миллион доллардан асатын машина жасау ісінде айтарлықтай мүмкіндіктер ашылуда. Минералды тыңайтқыштарды, құрылыс және мұнай сервистік қызметтерін экспорттауда, сондай-ақ ақпараттық технологиялар саласында қосымша әлеует бар».

Өз сөзінде БАӘ Сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясының Бас хатшысы Хумайд бен Салем былай деп атап өтті: «Көп жылдан бері біздің елдерімізді өзара сенім, құрмет пен прогреске  негізделген терең дипломатиялық және сауда байланыстары біріктіреді. Бүгін біз қол жеткізген табыстарды ғана емес, сонымен қатар алда тұрған тамаша мүмкіндіктерді де атап өтудеміз. Біздің экономикалық байланыстарымыз жыл сайын нығайып келеді, бұл – энергетика, сауда, инфрақұрылым, технологиялар және тұрақты даму сияқты маңызды салаларға салынған инвестициялардың нәтижесі».

Сессиялармен қатар қаржылық, энергетикалық, тау-кен, high tech, медицина және басқа да салалары бойынша екі елдің бизнес өкілдері арасында b2b форматында бірқатар кездесулер ұйымдастырылды.

Қазір АХҚО-да БАӘ-ден 46 компания тіркелген, олар қаржы және сақтандыру, ғылыми және техникалық қызмет, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, сауда, көлік, өңдеу және тау-кен өндіру өнеркәсібі және басқа да салаларда жұмыс істейді.

Форум қатысушыларына қазақстандық және араб компаниялардың бизнес-жобалары таныстырылды. Соның ішінде, Presight AI Kazakhstan компаниясы бар. Арабтық G42 тобына кіретін бұл компания жасанды интеллект және цифрлық талдау саласындағы озық шешімдермен айналысады, 2023 жылдан бастап компания Қазақстанда жұмыс істейді және ол АХҚО-да тіркелген. Қазір Presight AI Kazakhstan Астанада Smart City зияткерлік платформасын құру, Қазақстандағы алғашқы суперкомпьютерді іске қосу және Alem.AI базасында ахуалдық орталықты ашу бойынша жобаларды іске асыруда.

Сонымен қатар Қазақстан мен БАӘ капитал нарықтары арасындағы ынтымақтастық тұрақты түрде белсенді дамып келеді. Сондай-ақ эмитенттер мен инвесторлар үшін инвестициялық ортаны қолжетімді ету бағытында байланыстар нығайып жатыр.

Мысалы, ү.ж. 7 мамырында Nasdaq Dubai биржасы мен Astana International Exchange (AIX) өздерінің орталық депозитарийлері арасында тікелей байланысты іске қосқанын хабарлады. Бұл байланыс арқылы қосарлы листингтегі бағалы қағаздар бойынша сауда-саттық пен есеп айырысуды екі алаңда да қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін 2024 жылы AIX Абу-Даби биржасы (ADX) биржалар арасындағы сауда үшін құрған Tabadul цифрлық биржалық хабына қосылған еді. Сондай-ақ AIX-тің сауда мүшелері қатарында Біріккен Араб Әмірліктерінен International Securities, BHM Capital және Al Ramz Capital компаниялары бар.

Сонымен қатар сәуір айында Еуразиялық даму банкі AIX алаңында БАӘ дирхамында облигациялардың дебюттік шығарылымын сәтті орналастырып, Қазақстанда осы валютада облигация шығарған алғашқы эмитент атанды. 

Анықтамалық ақпарат:  

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz

AIFC Services Assistant