Қазақстанда соңғы 5 жылда инвестициялық жеке шоттардың саны 35 есеге артты

АХҚО-ның талдау орталығы AIFC Insights Қазақстандағы жеке инвестициялау жай-күйіне шолу жасады, құжатта Қазақстанның қор нарығындағы құрылымдық өзгерістер көрсетілген.

Зерттеуге сәйкес, соңғы 5 жылда жеке инвесторлар шоттарының саны 35 есе өскен. AIX Central Securities Depository-де (CSD) – 2,2 млн шот, бағалы қағаздардың орталық депозитарийі (БҚОД) жүйесінде жеке тұлғалардың 4,6 млн шот тіркелген (2025 жылғы қыркүйек соңына қарағандағы деректер).

2024 жылы KASE жеке инвесторлары қайталама нарықтағы акциялармен жасалған мәмілелердің жиынтық көлемінің 62,1%-ын қамтамасыз ете отырып, сауда-саттықтың негізгі қатысушыларына айналды. Бұл жеке сауда сегментінің ықпалының өсуін растайды.

Freedom Broker қолдауымен АХҚО дайындаған есепте қазақстандық капитал нарығы түбегейлі өзгерістер кезеңінен өтіп жатқаны атап өтілді: халық қор нарығына көбірек инвестиция сала бастады, ал инвестициялық өнімдер жеке инвесторлардың жинақ құрылымындағы дәстүрлі депозиттік құралдарды белсенді түрде толықтыруда.

Өсімге негізінен халыққа жаңа инвестициялық балама ашқан ұлттық компаниялардың IPO-лары ықпал етті. Бұдан басқа, қаржылық қызметтерді кең көлемде цифрландыру маңызды рөл атқарды, бұл инвестицияларды анағұрлым қолжетімді әрі ыңғайлы етті. Мобильді инвестициялық қолданбалардың көбеюі және шоттарды қашықтан ашу мүмкіндігі жаңа қатысушылардың келуіне жағдай жасады: белсенді брокерлік шоттардың 90%-дан астамы соңғы бес жыл ішінде ашылған.

Сауда-саттық статистикасы жаңа қатысушылардың белсенділігін растайды: 2024 жылы KASE-де 3.6 млн, ал тек 2025 жылдың 9 айында ғана 4.5 млн. мәміле жасалды. Қазақстанның ірі компанияларының акциялары бойынша сауда белсенділігі мен баға қалыптастыруында жеке инвесторлардың рөлі артып келеді.

Есепте қызықты демографиялық үрдіс анықталды. Жастар (18-34 жас) ыңғайлы қолданбалар, төмен кіру шегі және акцияларды бөлшектеп сатып алу мүмкіндігі арқасында жаңа шоттар ашатын ең белсенді топқа айналды. Бұл ретте қаражаттың негізгі көлемі әлі де 35 жастан асқан инвесторлар арасында шоғырланған – бұл жеке инвесторлардың иелігіндегі бағалы қағаздардың жалпы көлемінің 80%-дан астамы.

Инвестицияланған капитал көлемі бойынша ер адамдардың үлесіне жиынтық портфельдің үштен екісі, әйелдерге үштен бірі тиесілі.

Сонымен қатар, борыштық нарыққа қызығушылықтың артуы байқалады.

Депозиттер бойынша мөлшерлемелерден асатын кірісті алуға ұмтылған жеке инвесторлар корпоративтік облигацияларға инвестициялар көлемін ұлғайтты. Бұл сегменттегі жеке тұлғалардың үлесі – 2021 жылғы 3,8%-дан 2025 жылы 23,1%-ға дейін алты еседен астам өсті.

Бөлшек капиталдың ең көп шоғырлануы микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) облигациялар секторында байқалады, бұл осы санаттағы купондық мөлшерлемелердің жоғары болуымен байланысты.

«Жеке инвесторлардың капитал нарықтарына қол жеткізуі – қаржы жүйесінің тұрақтылығының стратегиялық факторларының бірі саналады. Соңғы жылдары Қазақстан осы бағытта сапалы серпіліс жасады: ірі IPO-лар, онлайн-брокерлер мен цифрлық инфрақұрылымның дамуы азаматтардың инвестициялық процестерге қатысуын кеңейтті. Біздің ортақ міндетіміз – жай ғана қолжетімділікті ғана емес, ашық қағидалар және қатаң реттеуші стандарттар бар институционалдық сенімді ортаны қамтамасыз ету», – деп атап өтті АХҚО Әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Жанболат Кәкішев. 

Инвестицияларға бөлшек қатысудың өсуі аясында халықтың қаржылық мәдениетін арттыру басым міндет болып қалады. Есепте ҚР Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі мағлұматы бойынша азаматтардың 40,5% ғана базалық білімге ие екендігі туралы деректер келтірілген. Инвестициялар әлеміне жаңа қадам жасаған қатысушылардың капиталын қорғау үшін 2025 жылғы қаңтардан бастап ҚР Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі кәсіби біліктілігі жоқ инвесторлардың күрделі және жоғары тәуекелді құралдарға қолжетімділігін шектеді.

АХҚО экожүйесі қаржылық сауаттылық бағытына ерекше назар аударады. AIX сарапшылар осы саланың ерекшеліктері туралы айтатын «Мен инвестормын» шағын подкасттар сериясын ұдайы шығарып келеді.

Кәсіби аудитория мен және жұртшылық үшін қаржылық білімді арттырумен айналысатын АХҚО академиясы да тұрақты негізде жұмысын жалғастыруда. Академия үнемі тренингтер ұйымдастырады, сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарында қолданылатын қаржылық бағыттағы мамандықтарға арналған майнор-бағдарламалар әзірлейді. Мұндай бағдарламалар Almaty Management University, SDU университетіне және Қонаев университетіне тапсырылды.

Сондай-ақ, жыл басында АХҚО жеке қаржы әлемінде алғашқы қадамдарын жасап жатқан жоғары сынып оқушылары үшін арнайы әзірленген FinPro мобильді қолданбасын ұсынды. Қолданба қаржылық сауаттылықты оқытуды қолжетімді әрі қызықты процеске айналдыра отырып, білім беру материалдарын, практикалық тапсырмаларды және геймификация құралдарын біріктіреді. Мәселен, сервисте AIX-пен интеграцияға негізделген инвестициялық модуль қамтылған, онда оқу режимінде пайдаланушылар виртуалды ақшаға демо-акцияларды сатып алып, сата алады.

Осылайша, инфрақұрылымның, цифрлық шешімдердің және білім берудің үйлесімі арқылы АХҚО қаржы нарығын тұрақты және ұзақ мерзімді дамыту үшін негіз қалауда.

Есептің толық нұсқасы осы сілтеме арқылы қолжетімді.

Анықтамалық ақпарат:    

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz  

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы

E-mail: [email protected]  

AIFC Services Assistant