Қазақстандық ETF-тер Tabadul цифрлық биржалық платформасында ұсынылды
Astana International Exchange (AIX, «Биржа») Қазақстанда тіркелген 17 биржалық инвестициялық қордың (ETF) енді Tabadul цифрлық хабы арқылы қолжетімді болғанын хабарлайды. Tabadul — қатысушы биржалар мен лицензияланған брокерлерді біріктіретін трансшекаралық нарыққа қол жеткізу платформасы. Қолжетімді құралдардың қатарына Fonte Bitcoin ETF, Fonte Solana ETF, ITS компаниясы шығарған бірнеше ETF: Shariah және World, сондай-ақ Single Stock ETF — жетекші халықаралық компаниялардың акцияларының үлестері кірді.
Аталған ETF-тердің Tabadul инфрақұрылымына шығарылуы платформаға қосылған брокерлерге Қазақстанда тіркелген инвестициялық өнімдермен сауда операцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді, осылайша инвесторлар үшін мүмкіндіктер аясын кеңейтеді.
Tabadul платформасы қатысушы биржалар арасында өзара қолжетімділікті қамтамасыз етіп, жергілікті брокерлер арқылы қосарланған листингсіз немесе қосымша нарықтық инфрақұрылым құрмай-ақ сауда жасауға мүмкіндік береді. Мұндай модель трансшекаралық сауданың операциялық тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
AIX басқарма төрайымы Асель Мұқажанова былай деп атап өтті:
«Қазақстанда тіркелген ETF-тердің Tabadul цифрлық биржалық хабының инфрақұрылымына енгізілуі Қазақстанның капитал нарығына халықаралық қолжетімділікті кеңейтудегі маңызды қадам болып табылады. Бұл отандық инвестициялық өнімдердің танымалдылығын арттыруға және өңірлік нарықтармен байланыстарды нығайтуға ықпал етеді».
Tabadul хабы — Абу-Даби қор биржасының жобасы, бұл платформа биржалар арасында сауда жасауға мүмкіндік береді. Tabadul хабының қатысушылары қатарында ADX, AIX, KASE, сондай-ақ Бахрейн мен Оман биржалары бар. Қазіргі уақытта тікелей биржааралық сауда AIX пен ADX арасында жүзеге асырылуда.
Анықтамалық ақпарат:
AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ ақпарат: www.aix.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz