Қазақстанның тау-кен өндіру секторының экономикаға қосқан үлесі 16,1 трлн теңгені немесе елдің ЖІӨ-нің 12%-ын құрады: АХҚО аналитикалық есебінің деректері

Жаһандық энергетикалық ауысу жағдайында литий, кобальт, сирек жер металдары және мысқа деген қажеттілік алдағы жиырма жылда бірнеше есе артпақ. Тек литийге сұраныс 2040 жылға қарай 42 есе[1] артуы мүмкін (Халықаралық энергетикалық агенттік есебінің деректері).
2024 жылы Қазақстанның тау-кен өндіру секторы ел ЖІӨ-нің 12%-дан астамын (16,1 трлн теңге) және экспорттың үштен бірін қамтамасыз етті, ал салаға тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 3 млрд АҚШ долларына жетті, бұл дегеніміз бес жыл бұрынғы сомадан екі есе көп. Ресурстық базасы бай, географиялық орналасуы ұтымды және саяси ахуалы тұрақты Қазақстан аса маңызды минералдардың жетекші жеткізушісі мәртебесін нығайту үшін барлық алғышарттарға ие.
Алайда бұл әлеуетті толық ашу үшін елге қазіргі бар жүйелік шектеулерді еңсеру үшін қарқын мен дәйектілікті сақтау маңызды. Мұндай тұжырым «Қазақстан минералдар саласындағы инвестициялық хаб: АХҚО арқылы әлеуетті ашу» аналитикалық есебінде ұсынылған. Бұл есепте тау-кен өндіру секторының жай-күйіне, негізгі сын-тегеуіріндер мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы арқылы Қазақстанға инвестициялар тартудың мүмкіндіктеріне кешенді талдау қамтылған.
Қазақстанның минералдық профилі:
Уран. Қазақстан әлемдік уран өндірісінің 40%-дан астамын қамтамасыз етеді. Ресурстар базасы әлемдік қордың шамамен 14%-ына бағаланады (әлем бойынша 2-орын). 2024 жылы экспорт 4,6 млрд АҚШ доллары сомасына шамамен 28 мың тоннаны құрады. Экспорттың 78% Ресей мен Қытайға тиесілі болды.
Мыс. Қазақстан әлемдегі ең ірі 10 мыс өндірушінің қатарына кіреді (әлемдік нарықтың 3,2% үлесі). Қазақстанда мыс кенін өндіру 2020 жылдан бастап 30%-дан астамға өсіп, 2024 жылы концентратта шамамен 740 мың тоннаға жетті. Негізгі нарықтар – Қытай, Еуропалық Одақ және Түркия.
Мырыш. 2024 жылы Қазақстан қор көлемі бойынша әлемде 9-шы орынға ие болды – шамамен 7,6 млн тонна. Экспорттың негізгі бағыттары – Қытай, Ресей, Вьетнам және Түркия. 2024 жылы Қазақстан жалпы сомасы 651 млн АҚШ долларына 247 мың тонна мырыш экспорттады.
Күміс. 2024 жылы күміс өндіру 1000 тоннаға жетті, бұл 2020 жылмен салыстырғанда екі есе өсімді білдіреді, ал Қазақстанның әлемдік өндірістегі үлесі 4%-ға жетті. Экспорт көлемінің 70%-дан астамы АҚШ пен Ұлыбританияға, одан кейін Швейцария, БАӘ және Үндістанға тиесілі.
Алюминий. 2024 жылы Қазақстан боксит қоры бойынша топ-10 елдің қатарына кірді (әлемдік көлемнің 1%). 2024 жылы экспорт негізінен Әзірбайжан, Польша, Қытай, Италия және Болгарияға бағытталды.
Алтын. Қазақстан алтын қоры бойынша әлемде 14-ші орында. Өндіріс 2020 жылдан бастап 30%-ға өсіп, 2024 жылы 130 тоннаға жетті. 2024 жылы Қазақстан 6 тонна алтын экспорттады. Жеткізілімдердің негізгі бағыттары – Қырғызстан мен Ресей.
Никель. Kazakh Invest деректері бойынша Қазақстан никель қоры бойынша топ-20 елдің қатарына кіреді (1,5 млн тонна, бұл әлемдік қордың 2%). Экспорт негізінен Германия, Литва, Латвияға бағытталған.
Сирек жер металдары. Қазақстан сирек және сирек жер металдарын стратегиялық бағыт ретінде белгілеп, «Сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын» бекітті. Құжатта геологиялық барлауға, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) және сирек жер элементтерін (СЖЭ) пилоттық өндіруге шамамен 2,4 млрд теңге бөлу көзделген. Ағымдағы кезеңде СЖЭ өндіріс көлемі шектеулі болып қалуда; 2024 жылы экспорттық белсенділіктің төмендеуі байқалды.
Есептің негізгі тұжырымдары
Ауқымды ресурстық базаға сүйене отырып, Қазақстан экспорттық қатысымды кеңейте отырып өндіріс қарқынын ұлғайту және жаңа металлургиялық бағыттарды кезең-кезеңімен дамыту үшін елеулі әлеуетті сақтап отыр. Канада, Австралия, Чили және Индонезия сияқты жетекші тау-кен өндіруші елдерге жасалған салыстырмалы талдау Қазақстанға бәсекеге қабілеттілігін сақтау үшін реттеуші ортаны жетілдіруі және қаржылық экожүйені қолдауды жалғастыруы қажет екенін көрсетеді. Ең алдымен не істеу керек?
- Аса маңызды минералдар бойынша интеграцияланған стратегияны қалыптастыру. Канадалық стратегияны немесе Чилидің мыс пен литийге қатысты жоспарын үлгі ретінде ала отырып, Қазақстанға барлауды, қайта өңдеуді және экспортты белгілі бір KPI, қаржыландыру тетіктері мен өнеркәсіптік саясат құралдарымен біріктіретін сирек және жерде сирек кездесетін металдар бойынша стратегия әзірлеген жөн.
- Геологиялық барлау үшін ынталандырмаларды күшейту және лицензиялаудың ашықтығын одан әрі арттыру (рәсімдерді оңайлату).
- Халықаралық капиталды тарту үшін Қазақстанға пайдалы қазбаларды барлау мен өңдеуді қолдайтын инфрақұрылым мен институттарды нығайту маңызды. Басымдықтардың қатарында – геологиялық барлауды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру және шикізатты қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту.
- Ішкі қайта өңдеуді дамыту және қосылған құнды қалыптастыру. Байыту қуаттарына инвестицияларды, қосылған құн қалыптастыру тізбегінің аралық буындарын дамытуды ынталандыру қажет. Мұны мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері, АХҚО немесе басқа да алаңдар арқылы іске асыруға болады.
- АХҚО арқылы капитал нарықтарын дамыту. Astana International Exchange (AIX) биржасы ESG-қағидаттарын ескере отырып, тау-кен өндіру секторына инвестициялар тартуда шешуші рөл атқарады. Юниорлық компаниялар үшін AIX листингтің арнайы жеңілдетілген ережелерін әзірледі, соның арқасында мұндай компаниялар одан әрі даму үшін капитал тарта алады.
- ESG, әлеуметтік және экологиялық стандарттарды ерте сатыда біріктіру. Геологиялық барлау жұмыстарының ерте сатысына ESG қағидаттарын енгізу тәуекелдерді азайтуға және жобалардың орнықтылығын арттыруға көмектеседі.
- Халықаралық ынтымақтастық және брендинг. Канада мен Австралия АҚШ, ЕО және Жапониямен бірлесіп маңызды минералдар бойынша жаһандық альянстарға белсенді қатысады. Қазақстанның аса маңызды минералдардың сенімді жеткізушісі ретіндегі қалыптасқан беделін одан әрі нығайту инвесторлар үшін ашық әрі түсінікті ережелер мен құралдарды дамытуды жалғастыра түсуді талап етеді.
АХҚО рөлі
АХҚО Қазақстанның тау-кен өндіру секторына халықаралық инвестицияларды тартуға арналған орталық платформаның рөлін атқарады. АХҚО компанияларға капиталға және заманауи қаржыландыру құралдарына қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, құқықтық, қаржылық және институционалдық инфрақұрылымды біріктіреді әрі мыналарды ұсынады:
- АХҚО тәуелсіз соты мен Халықаралық төрелік орталығының арқасында ерекше құқықтық режим;
- компанияларға инвестицияларды тартудың тиімді құралдарының ұсынылуы және AIX биржасы арқылы капиталға қолжетімділік;
- ерекше салық режимін, резиденттікті, лицензияланған компаниялар үшін валюталық реттеуді, «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Экспат орталықты қамтитын жайлы корпоративтік орта.
- мәмілелерді құрылымдау, бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндіктері және т.б.
Осы факторлардың жиынтығы Қазақстанның аса маңызды минералдардың жетекші әрі тұрақты жеткізушілері арасындағы өз позициясын нығайтуы үшін барлық алғышарттарды туғызады.
Есепті «Астана» халықаралық қаржы орталығы әкімшілігінің сарапшылары GWM Capital Ltd. компаниясымен бірлесіп дайындады. Есепті толығырақ мына сілтеме бойынша оқи аласыз.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамытуға арналған қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева
Баспасөз-хатшысы
Тел: +7 701 777 6558
E-mail: [email protected]
[1] https://www.iea.org/reports/the-role-of-critical-minerals-in-clean-energy-transitions