Реттеудегі жаңартулар, бизнес-құралдар және инвесторлардың сенімін қалыптастыру: АХҚО қатысушылары үшін іс-шара өткізілді
				4 қарашада «Астана» халықаралық қаржы орталығында Moore Kazakhstan қолдауымен АХҚО қатысушы компаниялары үшін ұйымдастырылған AIFC Community: ASP in Focus іс-шарасы өтті.
AIFC Community: ASP in Focus іс-шарасына 80-нен астам қатысушылар жиналды және АХҚО экожүйесінде маңызды рөл атқаратын компаниялардың қызметіне – Ancillary Service Providers (ASP) лицензияланған консультанттарына арналды. Бұл консалтингтік компаниялар компанияның ашылу кезеңінен бастап, қызметті жүргізу кезеңінде, реттеушіге мерзімді есептілік пен хабарламалар беруді қос алғанда, қаржы орталығының қатысушыларын сүйемелдейді.
АХҚО қатысушысы компанияларына арналған арнайы іс-шаралар AIFC Community бастамасы аясында жылына бірнеше рет өткізіледі. Мұндай бастама АХҚО қызметі туралы өзекті ақпаратты жедел ұсынуға, сондай-ақ орталық экожүйесіне қатысушы компаниялардың тәжірибе алмасуына және іскерлік байланыстарын нығайтуға ықпал етуге арналған.
Іс-шараға ASP-компаниялардың өкілдері, АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің (AFSA), АХҚО әкімшілігінің сарапшылары және басқа да қатысушылар жиналды. Негізгі мақсат реттеуші талаптарға, есептілікке және ASP-компаниялардың кәсіби дамуына қатысты негізгі мәселелерді талқылау болды.
Іс-шараға қатысушыларды АХҚО әкімшілігі басқармасының мүшесі, клиенттермен жұмыс жөніндегі бас директор Бауыржан Канкин және AFSA компанияларының тіркеушісі Лаура Нұрғалиева қарсы алды. Бауыржан Канкин былай деп пікір білдірді: «AIFC Community іс-шаралары АХҚО экожүйесіне қатысушылар арасында тәжірибе алмасу және ынтымақтастық орнату үшін тиімді алаңға айналды. Осы бастама аясындағы 2024 жылы өткен алғашқы кездесу ASP-компаниялардың – АХҚО-ның дамуында маңызды рөл атқаратын негізгі серіктестерінің қызметіне арналған болатын. ASP-компаниялар іс жүзінде АХҚО-ның барлық қатысушылары мен органдары арасындағы байланыстырушы буын, сондықтан олармен тұрақты диалогты сақтау, реттеушілік өзгерістер мен жұмыстың жаңа құралдары туралы уақтылы хабардар етіп отыру өте маңызды. Бүгінгі кездесу АХҚО-ның неғұрлым тығыз қоғамдастығын құруға тағы бір қадам болатынына сенімдімін».

Іс-шара аясында қатысушылар ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша AFSA-ның негізгі аспектілері туралы білді. Мәселен, сессия ақшаны жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі есептілік, қаржы қызметтерімен өзара іс-қимыл, АХҚО юрисдикциясы шеңберінде АЖ/ТҚҚ қағидаларына сәйкестік мәселелерін қамтыды. Сондай-ақ жыл сайынғы есептілікті дайындауға және ASP компанияларының қызметі мен жалпы міндеттемелері туралы жылдық есепке қойылатын талаптарға ерекше назар аударылды.

Қатысушылар АХҚО инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасы ашатын мүмкіндіктер туралы және АХҚО әкімшілігінің клиенттермен жұмыс жөніндегі бас директоры Бауыржан Канкин ұсынған клиенттермен өзара іс-қимылдың жаңа бағыттары туралы білді. Сессия аясында Moore Kazakhstan компаниясының серіктесі Қаракөз Қырқынбаеваны қоса алғанда, басқа да сарапшылар халықаралық бағалау практикасы және оның инвесторлардың сенімін нығайтуға әсері тақырыбында сөз сөйледі. Grata International серіктесі, заң фирмасының өкілі Максим Бурак АХҚО-дағы отбасылық офистерді құрылымдау тетіктерімен және отбасылық капиталды басқарудағы жаңа мүмкіндіктермен бөлісті. Бұл ақпарат лицензияланған консультанттарға АХҚО юрисдикциясы шеңберінде тиімді жұмыс істеуге және қаржы орталығының стратегиялық бағыттарын жан-жақты түсінуге мүмкіндік береді.

Moore Kazakhstan компаниясының серіктесі Қаракөз Қырқынбаева Орталықтың қатысушылары үшін осындай іс-шараны өткізудің артықшылықтарын атап өтті: «Біз Moore Global халықаралық желісінің бір бөлігіміз және біз үшін түсінікті, ашық әрі халықаралық деңгейде танылған ережелер қабылданған юрисдикцияларда жұмыс істеу маңызды. АХҚО дәл осындай ортаны ұсынады. Бірақ Орталықтың мүмкіндіктерін компанияларды тіркеу үшін ғана емес, серіктестіктер құру және қызмет көрсету сапасының стандарттарын арттыру үшін де пайдалануға болады. AIFC Community – бұл байланыстар мен жаңа тәжірибелерді дамытуға арналған осындай бастамалардың бірі».
Іс-шара кәсіби байланыстарды нығайтуға, АХҚО-да қолданылатын талаптар мен жаңа мүмкіндіктер туралы ASP-компаниялардың хабардарлығын арттыруға, сондай-ақ қаржы орталығының барлық қатысушыларының бірыңғай кәсіби қоғамдастығын дамытуға ықпал етеді. АХҚО юрисдикциясына байланысты барлық мәселелер бойынша [email protected] электрондық мекенжайына хабарласуға болады.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы
Тел: +7 701 777 65 58
E-mail: [email protected]