Сербия Президенті «Астана» халықаралық қаржы орталығына сапар жасады
27 ақпанда Сербия Республикасының Президенті Александр Вучич өзінің Қазақстанға ресми сапары аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) барды. Александр Вучич қаржы орталығының қызметімен, оның институционалдық құрылымымен және Қазақстан мен Сербия арасындағы инвестициялық әрі іскерлік ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерімен танысты.
АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров орталықтың негізгі қызмет бағыттарын, соның ішінде инвестициялар тарту құралдарын, мәмілелерді құрылымдау, капитал нарығын дамыту және халықаралық жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын таныстырды. Бүгінгі таңда АХҚО іске қосылған сәттен бастап тартылған инвестициялардың жиынтық көлемі 20 млрд АҚШ долларынан асты, оның ішінде орталық қатысушыларының тікелей инвестициялары мен борыштық капитал бар.

Сапар барысында Сербия Президенті реттеуші, ағылшын жалпы құқығы қағидаттары негізінде орталықтың құқықтық ортасын қалыптастыратын Astana Financial Services Authority (AFSA), сондай-ақ Astana International Exchange биржасының, АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығының қызметімен танысты. Бизнесті сервистік қолдау инфрақұрылымына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін және шетелдік мамандар мен компания қызметкерлеріне көші-қон рәсімдері, жұмысқа орналасу және Қазақстанда бейімделу мәселелері бойынша қолдау көрсететін Экспат орталықтың мүмкіндіктері таныстырылды.

Жыл басындағы жағдай бойынша Қазақстанда серб капиталының қатысуымен 58 компания тіркелген. Олар негізінен құрылыс, автокөлік саудасы, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет салаларында және өзге де бағыттарда жұмыс істейді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Сербия арасындағы тауар айналымы 107,7 млн АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,6%-ға өсті. Оның ішінде қазақстандық экспорт көлемі 28,6 млн долларды, ал Сербиядан импорт 79,1 млн долларды құрады.
Қазақстанның Сербияға экспортының негізін минералдық тыңайтқыштар, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінің өнімдері – орауыш тоқыма материалдары, техникалық мақта, пропилен полимерлері және басқа да тауарлар құрайды. Сонымен қатар машина жасау өнімдерінің жекелеген түрлері, сүзгілеу жабдықтары, табиғи газ және азық-түлік тауарлары жеткізіледі.
Сербиядан импорт негізінен өңдеу өнеркәсібі мен машина жасау саласының өнімдерінен тұрады. Қазақстанға қағаз және картон, алюминий табақтары мен профильдері, дәрілік заттар, өнеркәсіптік жабдықтар мен сорғылар, химиялық өнімдер, темекі бұйымдары және ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдары жеткізіледі.
Сапар соңында Сербия Президенті АХҚО-ның арт-кеңістігі – Сенім музейін аралады. Мұнда қаржылық қатынастар тарихы экономиканың дамуының негізгі факторы – сенім эволюциясы арқылы таныстырылған.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz.
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы
E-mail: [email protected]