Tayyab сукук бағдарламасы AIX биржасында тіркелді

Astana International Exchange («AIX», «Биржа») АХҚО қатысушысы Tayyab Finance компаниясының еншілес ұйымы Tayyab Finance Sukuk SPC Ltd. жалпы көлемі 20 млрд теңгеге дейінгі және 2040 жылға дейінгі өтеу мерзімімен шығарылатын сукук бағдарламасын тіркегенін қуана хабарлайды. Эмиссиядан түскен қаражат компанияның негізгі өнімі болып табылатын бөлшек клиенттерге арналған исламдық автокөлікті қаржыландыруды дамытуға бағытталады
Бағдарлама АХҚО қатысушысы болып табылатын тәуелсіз шариғат кеңесі ShariaConsulting AFC Ltd. тарапынан мақұлданып, оның ислам қағидаттарына сәйкестігі расталды.
AIX басқарма төрайымы Асель Мұкажанова былай деп атап өтті:
«Tayyab Finance компаниясының сукук бағдарламасының AIX алаңында іске қосылуы Қазақстандағы исламдық қаржының дамуында маңызды қадам болып табылады. Бұл біздің нарық қатысушылары мен инвесторлар үшін қолжетімді инвестициялық өнімдер ауқымын кеңейтіп, АХҚО-ның инновациялық қаржылық шешімдердің өңірлік орталығы ретіндегі рөлін айқындайды».
Tayyab Finance бас директоры Данияр Успанов былай деп атап өтті:
«Біз үшін бұл жай ғана қаржылық құрал емес, Қазақстандағы исламдық инвестициялардың дамуының жаңа кезеңі. Біз шариғат қағидаттарына сәйкес – адал, ашық және нақты экономикаға бағытталған инвестиция жасағысы келетін инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашамыз».
Tayyab – Қазақстандағы алғашқы исламдық финтех-компания, ол бөлшек клиенттерге шариғат талаптарына сәйкес келетін заманауи қаржылық шешімдер ұсынады. Tayyab Finance – исламдық қаржы компаниясы және АХҚО қатысушысы, Астана Қаржы Қызметтері Реттеушісі (AFSA) берген лицензия негізінде исламдық қаржыландыру қызметін жүзеге асырады.
Анықтамалық ақпарат:
AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ ақпарат: www.aix.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz