Вьетнам АХҚО тәжірибесін қабылдауда: Премьер-Министрдің орынбасары бастаған делегация қаржы орталығына барды

Вьетнам Социалистік Республикасы премьер-министрінің тұрақты орынбасары Нгуен Хоа Бин бастаған вьетнамдық делегация АХҚО-ға сапармен келді. Сапар екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге және Вьетнамның өз халықаралық қаржы орталығын құру жөніндегі жоспарлары аясында АХҚО тәжірибесін зерделеуге арналды.

АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров Вьетнам делегациясы үшін қаржы орталығының таныстырылымын өткізді, оның барысында АХҚО қызметі, оның институционалдық архитектурасы және инвестициялар тартуға арналған мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Жалпы құқық қағидаттарына негізделген құқықтық және реттеуші ортаға, Astana International Exchange жұмысына, сондай-ақ инвесторлар мен қатысушылар үшін дауларды тәуелсіз әрі ашық шешуді қамтамасыз ететін АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығының қызметіне ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда АХҚО іске қосылған сәттен бастап тартылған инвестициялардың жиынтық көлемі, Орталық қатысушыларының тікелей инвестициялары мен борыштық капиталды қоса алғанда, 20 млрд АҚШ долларынан асты.

Сапар аясында делегация сонымен қатар Қазақстанға шетелдік мамандар мен олардың отбасы мүшелерінің кіруі, тұруы және кәсіби қызметі үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін көпфункционалды орталық – АХҚО Экспат орталығының қызметімен танысты.

Вьетнам делегациясы Вьетнамның Хошимин және Дананг қалаларында халықаралық қаржы орталығын құру жоспарына байланысты АХҚО тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытуда. Жоба бірыңғай қаржылық инфрақұрылымды және басқару жүйесін дамытуды, капитал нарықтарын, финтех-бағыттар мен инвесторларды қорғау құралдарын дамытуды көздейді, бұл АХҚО моделі мен Қазақстанның тәжірибесін ерекше сұранысқа ие етеді.

«Бүгінгі таңда көптеген елдер өз халықаралық қаржы орталығын құруды капитал тартудың, инновацияларды ынталандырудың және жаһандық қаржы нарығындағы позицияларды нығайтудың стратегиялық құралы ретінде қарастыруда. Біздің тәжірибеміз көрсеткендей, мұндай орталықты сәтті құру үшін ойластырылған инфрақұрылым, тиімді реттеу және дауларды шешудің сенімді тетіктері болу керек. Біз АХҚО тәжірибесін Вьетнам делегациясымен қуана бөлісудеміз», – деп атап өтті АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров.

АХҚО-да бүгінгі таңда Вьетнамнан төрт компания тіркелген, олар: Elisoft Ltd. (АТ және бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу), Central Asia Holdings Limited (авиация саласына қаржы және инвестициялар), Coteccons Construction KZ Ltd. (құрылыс және инфрақұрылымдық жобалар), SHB.VN Mineral Exploitation Ltd. (геологиялық барлау мен пайдалы қазбаларды өндіруді қоса алғанда, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет).

Ағымдағы сапар Қазақстан мен Вьетнам арасындағы белсенді диалогтың жалғасы болғанын айта кету керек. Өткен жылдың мамыр айында Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам бастаған Вьетнам делегациясы АХҚО-ға келген болатын. Сол кезде тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі ниеттерін растаған еді, бұл екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту және қаржылық бастамалар саласында тәжірибе алмасу үшін берік негіз қалады.

Бұдан басқа, өткен жылдың шілде айында АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров Хошиминге барып, онда қаржы орталығын құру және дамыту бойынша, оның ішінде реттеу, капитал нарықтары, сот және халықаралық төрелік орталығының жұмысы мәселелерімен бөлісіп келген болатын.

Қазақстан мен Вьетнам Вьетнамның ЕАЭО елдерімен еркін сауда режимін қоса алғанда, екіжақты деңгейде де, халықаралық келісімдер шеңберінде де тұрақты сауда-экономикалық байланыстар жасайды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымының көлемі шамамен 1 млрд АҚШ долларына, ал 2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша шамамен 357 млн долларға жетті, бұл коммерциялық белсенділіктің тұрақты өсуін көрсетеді. Қазақстандық экспорттың негізін металлургия өнімдері, химия өнеркәсібі және минералдық-шикізат кешені құрайды, ал Вьетнам машина жасау өнімдерін, электрониканы, жеңіл өнеркәсіп тауарларын, сондай-ақ тұрақты тауар алмасу мен өзара инвестицияларды кеңейтуге  әлеуетті қалыптастыра отырып, азық-түлік пен АӨК өнімдерін жеткізеді.

Анықтамалық ақпарат:     

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді бизнес жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz

АХҚО баспасөз қызметі  

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы  

E-mail: [email protected]

AIFC Services Assistant