Вьетнам өз қаржы орталығын құрып жатыр: АХҚО инвесторларға жағдай жасау және қор нарығын дамыту бойынша тәжірибесін бөлісті

14 және 15 шілде күндері “Астана” халықаралық қаржы орталығының делегациясы Хошиминде бірқатар іс-шаралар өткізіп, соның ішінде Хошимин Халық комитетінің төрағасы Нгуен Ван Дуокпен екіжақты кездесу, сондай-ақ уоркшоп және іскерлік дөңгелек үстел ұйымдастырылып, Қазақстан астанасындағы қаржы орталығын құру және дамыту тәжірибесі ұсынылды.
Вьетнам Хошимин мен Дананг қалаларында халықаралық қаржы орталығын құру туралы өршіл мақсат қойды. Бұл орталық ел экономикасына инвестициялар тартуға, қаржы секторын жалпы дамытуға және ғаламдық қаржы нарығымен тығыз байланыстар орнатуға арналған. Болашақ қаржы орталығы екі қалада, бірақ біртұтас операция, басқару және қадағалау негізінде жұмыс істеп, әр қаланың мықты тұстарын ілгерілететін өнімдерді дамытуға бағытталады.
14 шілде күні қаржы орталығы аясында басқару, жұмыс ұйымдастыру, реттеу және дауларды шешу тақырыптарын қамтыған уоркшоп өтті. АХҚО өкілдері вьетнамдық әріптестеріне, атап айтқанда, құқықтық орта туралы шолу жасап, қаржы инфрақұрылымын құру жөніндегі жағдайларды ұсынды, соның ішінде реттеу және капитал нарықтары, АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығының қызметі ортаға салынды.

15 шілде күні АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров пен Хошимин Халық комитетінің төрағасы Нгуен Ван Дуоктың кездесуі өтті. Тараптар Вьетнамның ең ірі қаласында жаңа халықаралық қаржы орталығын дамыту және ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Іскерлік бағдарламаның жалғасы ретінде АХҚО мен Хошимин Халық комитеті ұйымдастырған дөңгелек үстел өткізілді.
Қазақстанның Вьетнамдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қанат Тұмыш құттықтау сөзінде: “2025 жылы мамыр айында Вьетнам Коммунистік партиясының Бас хатшысы То Ламның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының нәтижелері жоғары бағаланатынын атап өткім келеді. Бұл сапар Қазақстан мен Вьетнам арасындағы екіжақты қатынастардың жоғары деңгейін көрсетті. Маңызды келісімдерге қол қойылды. Олардың мақсаты – Қазақстан мен Вьетнам арасындағы байланысты нығайту. Бүгінгі шара – бұл жоғары деңгейдегі ресми сапарлар алмасуы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың дамуына жаңа серпін бергенін нақты дәлелдеп отыр.” — деді.
АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров “Қазіргі уақытта көптеген елдер капитал тарту, инновацияларды ынталандыру және ғаламдық қаржы жүйесінде өз позицияларын нығайту мақсатында өздерінің қаржы орталықтарын құру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Біз Вьетнамға осы бағытта тұрақты және инновациялық қаржыландыруды өңірде ілгерілетуде табыс тілейміз және қаржы орталығын құру мен дамыту бойынша өз тәжірибеміз бен сараптамамызды бөлісуге дайынбыз” — деп атап өтті.

Хошимин Халық комитетінің орынбасары Нгуен Лок Ха өз сөзінде бұл іс-шараның Хошимин мен АХҚО, Қазақстанмен қарым-қатынасының, атап айтқанда, қаржы саласында дамып келе жатқанын атап өтті. Тараптар идеялар мен көзқарастармен алмасуға, сондай-ақ практикалық және нақты нәтижелермен ынтымақтастықты тереңдетуге мүмкіндік алды.
Өткізілген іс-шараның арқасында қала әкімшілігі мен барлық мүдделі тараптар АХҚО және Қазақстан тәжірибесімен танысып, оны Хошиминде өздерінің халықаралық қаржы орталығын құруда қолдану мүмкіндігіне ие болды. Оңтүстік-Шығыс Азияның орталығында орналасқан Хошимин қаласы осы аймақтың ірі қаржы орталықтарына байланысты әрі халықаралық сауда мен капитал ағындары үшін қолайлы жағдайлар ұсынады. Қаланың көлік жүйесі, оның ішінде теңіз порттары мен әуежай тауарлар мен қызметтерді шекаралық деңгейде үздіксіз тасымалдауда маңызды рөл атқарады.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, Хошимин Вьетнамның жалпы ішкі өнімінің шамамен 23% құрап, қаржы, технологиялар мен қызметтер секторларының хабы ретінде қызмет етеді. Сондай-ақ мұнда көптеген банктер, сақтандыру компаниялары және қаржы институттары орналасқан, бұл халықаралық қаржы орталығын дамыту үшін негіз қалап отыр. Қаланың финтех саласындағы цифрлық трансформация қарқыны аймақтағы және әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі, сонымен қатар транзакция құны басқа қаржы орталықтарына қарағанда төмен.
Жоспар бойынша, Хошимин қаласындағы қаржы орталығы капитал нарықтарын, банк ісін, валюта нарықтарын, финтех құмсалғыштар, қаржы секторындағы инновацияларды дамытуға және арнайы сауда алаңдарын құруға бағытталады. Дананг қаласы цифрлық активтер мен валюталарды бақылау арқылы сынақтан өткізу және инвестициялық қорлар, ақша аудару қорлары, шағын және орта компаниялар мен қорларды басқару саласында инвестициялар тартумен айналысады.
Іс-шара барысында Хошиминнің Мемлекеттік қаржы және инвестиция компаниясының вице-президенті Нгуен Хонг Ван халықаралық қаржы орталығын дамыту жөніндегі мастер-жоспарды таныстырды. Одан кейін Динь Хак Хюи, Хошимин қаржы департаментінің орынбасары, қаржы орталығына арналған аумақты дамыту жоспарларын, ал Хошимин даму институты жанындағы Экономикалық кеңес беру және қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Ле Тхань Хай білікті мамандарды даярлау жөніндегі жоспарларын баяндады.
АХҚО Әкімшілігінің Басқарма төрағасы Бақтияр Тілеубеков Қазақстанның қаржы мен инновациялар үшін аймақтық хаб құру бойынша тәжірибесі мен жетістіктерін таныстырса, Astana International Exchange қаржы директоры Жарас Мұсабеков АХҚО биржасының қызметі туралы баяндады.
Еске сала кетсек, 2018 жылы құрылғалы бері АХҚО алаңы арқылы Қазақстан экономикасына 16,9 млрд доллар инвестиция тартылып, ал Орталық қатысушылары бүгінде 85 елден 4000-нан астам компанияны құрайды.
Қазақстан мен Вьетнам екіжақты деңгейде және халықаралық келісімдер аясында сауда-экономикалық байланыстарды қолдайды, оның ішінде ЕАЭО елдерімен еркін сауда режимі бар. Өткен жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 1 млрд долларды құрап, ал ағымдағы жылдың алғашқы бес айында оң динамиканы көрсетіп, 357 млн долларға жетті. АХҚО-да Вьетнамнан авиация саласына инвестициялар, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу және құрылыс салаларында жұмыс істейтін 3 компания тіркелген.
Қосымша ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz