2025 жылы бизнес АХҚО арқылы 6 млрд АҚШ долларына инвестиция тартып, 1400-ден астам жаңа компанияны тіркеді

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) 2025 жылғы жұмысын қорытындылады.

Негізгі көрсеткіштер мен нәтижелер: 

— Инвестициялар. 2018 жылдан бергі жұмыс аясында АХҚО алаңы арқылы Қазақстан экономикасына 20 млрд АҚШ доллары тартылды. Тек биыл ғана қатысушылар 6 млрд доллар (4 млрд доллар – портфельдік инвестициялар, 2 млрд доллар – АХҚО қатысушыларының инвестициялары) тартты. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 2,9 млрд-қа артық.

— Компаниялар. Қаңтар-желтоқсан айлары аралығында АХҚО-да 1400-ден астам жаңа компания қатысушы атанды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 300 компанияға артық. Жаңа компаниялар арасында қаржылық қызметпен айналысатындардың үлесі 33% құрайды. Ақпарат және байланыс саласына – 12%, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке – 14%, тау-кен өндіру өнеркәсібіне – 2%, қосалқы қызметтерді жеткізушілерге – 2%, көтерме және бөлшек сауда саласындағы компанияларға – 17%, ал қалған 20% басқа қаржылық емес секторларға тиесілі. АХҚО-да АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Түркия, Сингапур, БАӘ және басқа да елдерді қоса алғанда, әлемнің 90-нан астам елінен барлығы 4900-ден астам компания тіркелген. Олардың 1500-ден астамы қаржылық және сақтандыру қызметтерін ұсынады.

— Салықтар. 3 тоқсанның қорытындысы бойынша АХҚО қатысушылары Қазақстан бюджетіне 72,8 млрд теңге сомаға салық төледі, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 76%-ға артық. Орталық қызметінің барлық кезеңінде 221,2 млрд теңге төленді (2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша).

— 2025 жылы AIX биржасы бірнеше маңызды белестерден өтті, соның ішінде 2 млрд АҚШ доллары көлеміндегі сауда айналымын және жыл басынан бергі 200 жаңа листингті атап айтуға болады. 2024 жылы бұл көрсеткіштер сәйкесінше 1,3 млрд долларды және 140 листингті құрады.

— Цифрлық активтер қызметтері провайдерлерінің (ЦАҚП) транзакцияларының көлемі 2025 жылдың үш тоқсанында 6,8 млрд АҚШ долларын, ал клиенттер саны 192,4 мың құрады. Салыстыру үшін: 2024 жылы – 2,9 миллиард АҚШ доллары, ал клиенттердің жалпы саны – 141,5 мың болған еді.

— АХҚО-дағы инвестициялық қорлар саны жыл басындағы 101-ден 159-ға дейін, ал активтерді басқарушылар саны 57-ден 68-ге дейін өсті. АХҚО-дағы басқарылатын активтердің (AUM) жалпы көлемі 2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша 3 млрд доллардан асты.

— 2025 жылы АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы 1 282 істі орындады, оның ішінде 76 сот шешімі, 303 төрелік іс және 903 медиативтік іс. Бұл ретте, өткен жылы қаралған істер саны 1 011-ден астам болған еді.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров: «2025 жыл АХҚО үшін сенімді нығайту жылы болды. Жыл ішінде экономикаға тартылған инвестициялар көлемі өсті, қатысушы компаниялардың, оның ішінде қаржылық қызмет көрсетушілердің саны едәуір өсті. Орталық авиациялық қаржыландырудан бастап споттық биткоин листингіне, индекстік исламдық ETF-ке және стейкинг мүмкіндігі бар әлемдегі алғашқы споттық ETF-ке дейінгі инновациялық құралдар мен өнімдерді белсенді түрде енгізді. Бұл нәтижелер ел экономикасына халықаралық және отандық капиталды одан әрі тарту, қаржы нарығын дамыту және Қазақстанның аймақтың қаржы экожүйесіндегі позициясын нығайту үшін берік негіз қалыптастыруда».

Жылдың айтулы оқиғалары:  

— АХҚО Global Financial Centres Index халықаралық рейтингінде көшбасшылықты сақтап, Шығыс Еуропа және Орталық Азия өңірінің қаржы орталықтары арасында бірінші орынды иеленуде. 

— Коммерциялық және жүк тасымалдайтын әуе кемелерін қаржыландыру мен лизингін, авиациялық жобаларды қолдауды қоса алғанда, авиациялық-қаржылық экожүйені дамытуға арналған Aviation Finance Hub жаңа бағыты ашылды.

— АХҚО БАӘ, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Малайзия, Түркия және Қазақстан сарапшыларының қатысуымен Исламдық қаржы жөніндегі халықаралық кеңес құрды.

— Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінде жасыл және орнықты қаржыландыруды дамытуды талқылау үшін Түркі жасыл қаржы кеңесінің алғашқы кездесуі өтті. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар орнықты жасыл дамуға, климаттың өзгеруіне бейімделуге және қоршаған ортаны қорғауға бейілділігін растай отырып, бірлескен коммюникеге қол қойды.

— Мына тақырыптарда 9 салалық есеп шығарылды: Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдету перспективалары, қорларды басқару, Қазақстандағы шығарындылар саудасы жүйесі, ерікті көміртегі нарығының жаһандық дамуы, Қазақстанның тау-кен саласының дамуы, коммерциялық жылжымайтын мүлік және REIT нарығының перспективалары, Қазақстандағы креативті индустриялардың трендтері мен перспективаларына шолу, орнықты дамудың қаржы құралдарының кейсбугі, инфрақұрылым мен Smart City технологияларға инвестициялар.

— Салалардың кең спектрінен аналитикалық деректерді сату және сатып алуға арналған жаңа AIFC Data Marketplace цифрлық платформасы әзірленді.

— Astana Finance Days 2025 форумы аясында АХҚО-ның жаңа кеңістігі – Қазақстанның қаржы жүйесінің қалыптасу тарихын баяндайтын «Сенім музейі» ашылды.

— Халықаралық мамандардың Қазақстанда жайлы өмір сүруі, АХҚО Экспат орталығы арқылы мәдени алмасу және нетворкинг үшін Expat Loyalty Club қауымдастығы құрылды.

— Геймификация құралдары арқылы жасөспірімдердің қаржылық сауаттылығын дамытуға арналған FinPro қосымшасы іске қосылды. Ерекшелігі жасөспірімдерге демо-акцияларды сатып алуға және сатуға қауіпсіз машықтануға мүмкіндік беретін AIX биржасының нақты деректеріне негізделген инвестициялық тренажер.

Қор нарығы

AIX биржасы қызметінің барлық кезеңінде тартылған капитал көлемі үлестік құралдар бойынша 473 млн АҚШ долларын және борыштық құралдар бойынша 10,5 млрд АҚШ долларын құрады.

2025 жылы 13 компания AIX-тің жаңа сауда мүшелері атанды, олардың жалпы саны 64-ке жетті.  Нарық қатысушылары арқылы ашылған инвесторлардың бөлшек шоттарының саны 2,3 млн құрады, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 1,9 млн болған еді. AIX Qazaq Index жыл басынан бері 1,7%-ға өсті.

2025 жылғы маңызды шығарылымдар:

— AIX және Гонконг қор биржасындағы (HKEX) алғашқы қосарлы листинг. Вольфрам өндіретін Jiaxin International Resources Investment Limited қарапайым акциялары бір уақытта екі биржада листинг пен сауда-саттыққа жіберілді. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы алғашқы трансшекаралық IPO, сондай-ақ қытайлық юаньмен деноминацияланған Орталық Азиядағы алғашқы IPO және AIX-тегі «Belt and Road Initiative» сегментінде алғашқы орналастыру болды. 

— Биржалық қорлардың (ETF) шығарылымы: Fonte Solana ETF (SETF) – стейкинг функциясы бар, Solana цифрлық активіне толық бағдарланған әлемдегі алғашқы споттық ETF; Fonte Bitcoin ETF (BETF) – Қазақстан мен Орталық Азияда тіркелген алғашқы споттық Bitcoin ETF; ITS Shariah ETF (ITSS) – шариғат нормаларына сәйкес келетін, Орталық Азия мен Кавказдағы алғашқы индекстік ETF.

— AIX-тегі коммерциялық қағаздардың алғашқы шығарылымы – Alatau City Bank.

— Лондон қор биржасымен Eurasia Mining PLC кросс-листингі.

— АХҚО қатысушысы-қаржы компаниясы Tayyab Finance Sukuk SPC Ltd. бөлшек клиенттерге исламдық авто қаржыландыруды дамытуға арналған сукук листингі, сондай-ақ басқа да маңызды орналастырулар.

Сондай-ақ AIX жаңартылатын энергияның шығу тегін растайтын халықаралық сертификаттармен (I-REC) операциялар жүргізу үшін аккредиттелген әлемдегі тоғыз биржаның бірі атанды. Алғашқы мәміле Samruk-Green Energy мен Valor Carbon британдық компаниясы арасында жасалды, ал маусым айында «Банк ЦентрКредит» AIX алаңында I-REC сертификаттарын сатып алған Қазақстандағы алғашқы банк болды.  

Nasdaq Dubai және AIX биржалары, сондай-ақ ADX пен AIX биржалары арасындағы трансшекаралық есеп айырысулар мен листингтер үшін депозитарийлер арасында тікелей байланыс іске қосылды.

Tabys мобильді қолданбасы пайдаланушыларының инвестициялық өнімдердің үлкен спектріне қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін жеке серіктес ретінде Teniz Capital Brokerage Ltd. брокерлік компаниясы тартылды. Сондай-ақ Tabys қолданбасында ҚР Ұлттық Банкінің инвестициялық алтын монетасының сауда-саттығы іске қосылды. Қазақстанның бөлшек инвесторлары алғаш рет инвестициялық алтын монеталарды үлестермен сатып алуға мүмкіндік алды.  

Реттеу

АХҚО Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымы (IOSCO) әзірлеген крипто- және цифрлық активтерді реттеудің халықаралық стандарттарын енгізу бойынша әлемнің жетекші юрисдикцияларының бірі ретінде танылды.

2025 жылы бөлшек инвесторларға арналған бірқатар листингтерді қоса алғанда, цифрлық қаржылық активтерге бағытталған қорлар санының өсуі байқалды. Сондай-ақ АХҚО экожүйесінде алгоритмдік хедж-қорлар пайда болды және кредиттік қорлар танымал бола бастады.

2025 жылдың қыркүйегінде АХҚО реттеушісі AFSA стейблкоиндермен реттеушілік төлемдерді қабылдау бойынша пилоттық жобаның іске қосылғанын жариялады. Жаңа тетік бойынша алғашқы төлем қазан айында жүзеге асырылды.

AFSA сонымен қатар алғаш рет фиаттық валютамен қамтамасыз етілген стейблкоиндерді шығаруға лицензия берді. Стейблкоиндер бойынша AFSA-ның кешенді нормативтік базасы шеңберінде қабылданған бұл реттеуші шешім Қазақстанда цифрлық активтер экожүйесін дамытудағы маңызды қадам болды.

Жыл соңында АХҚО-ның 7 қатысушысы FinTech Lab реттеуші құм алаңы шеңберінде сынақты сәтті аяқтап, реттеудің толық режиміне көшті.

Сондай-ақ AFSA IOSCO аясында құрылған бағалы қағаздарды реттеушілер арасындағы ынтымақтастық пен ақпарат алмасудың жаһандық механизмі I-SCAN халықаралық бастамасының ресми түрде бөлігі болды. I-SCAN-ға қосылу AFSA-ға алаяқтық туралы өз ескертулерін IOSCO-ның жаһандық хабарландыру жүйесінде жариялау мүмкіндігін береді.

АХҚО соты және Халықаралық төрелік орталығы

Өз қызметінің басынан бастап және 2025 жылғы 24 желтоқсандағы жағдай бойынша АХҚО соты мен ХТО 227 сот шешімін, 1 039 төрелік істі және 3 427 медиативтік істі қоса алғанда, 4 600-ден астам істі қарады. Қаралған даулар келісімшарттық міндеттемелерді, құрылыс келісімшарттарын, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларын, банктік және қаржылық қызметті, жылжымайтын мүлік, еңбек даулары, және басқа мәселелерге қатысты болды.

36 елдің инвесторлары коммерциялық дауларды шешу үшін АХҚО соты мен ХТО-ны таңдайды, бұл институтқа деген сенімнің жоғары деңгейін көрсетеді. Сот тізілімінде тараптардың мүдделерін білдіруге құқығы бар 40 юрисдикциядан 846 заңгер тіркелген.

Биылғы маңызды бастамалардың бірі – MNU University, Astana IT University және CUPL (China University of Political Science and Law) университеттерімен серіктестікте «Дауларды шешу және құқық үстемдігі саласындағы жаһандық саяси көшбасшылық орталығының» (CGPL) іске қосылуы болды. Бұл орталық сот төрелігінің тиімділігін арттыру, заң шығару саясатын жетілдіру және дауларды шешу мәселелері бойынша саясатты қалыптастыру мен енгізуге бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін академиялық қауымдастықтың, сондай-ақ жеке және мемлекеттік секторлардың өкілдерін біріктіреді.

CGPL-дің алғашқы жобасы Қазақстан мен Қытайдың жетекші университеттерімен ынтымақтастықта құрылған «Құқықтық технологиялар зертханасы» болды. Зертхананың мақсаты – заң жобаларын әзірлеу сапасы мен тиімділігін және жалпы құқықтық практиканы арттыру үшін жасанды интеллектіні енгізудің инновациялық әдісін әзірлеу. Бұл жоба Еуразиядағы осы бағыттағы алғашқы жоба.

АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) сондай-ақ ағылшын және орыс тілдерінде сот және төрелік отырыстарын нақты уақыт режимінде транскрипциялауды қамтамасыз ететін жасанды интеллектіге негізделген жаңа транскрипция қызметін іске қосты.

2025 жылы АХҚО соты мен ХТО жетекші заң мектептерімен серіктестікте Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ тоғыз елде – Арменияда, Әзербайжанда, Грузияда, Қырғызстанда, Тәжікстанда, Түркияда, Түрікменстанда, Өзбекстанда және Қытайда – істерді қарауға арналған заманауи залдарына ие.

Орнықты даму

АХҚО Жасыл қаржы орталығы (ЖҚО) іске қосылғаннан бастап ЖҚО-ның көмегімен Қазақстандағы барлық жасыл облигациялар мен кредиттердің шамамен 70% шығарылды. Орнықты қаржы нарығы іске қосылған сәттен бастап және үстіміздегі жылдың соңына қарай елде жалпы сомасы 2,5 млрд АҚШ долларына облигациялар орналастырылды және кредиттер берілді, бұл ретте аймақтық қамтуда орнықты қаржыландыру құралдарының 7 шығарылымы (Қырғызстанда, Өзбекстанда және Әзербайжанда) АХҚО ЖҚО-ның сыртқы бағалауымен жүзеге асырылды.

ESG-құралдарының верификаторы және қаржылық сүйемелдеу жөніндегі консультант ретінде ЖҚО қолдауымен «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының (ӘКК) әлеуметтік облигацияларының алғашқы шығарылымы өтті. Оларды орналастырудан түскен қаражат бизнесті қолдауды және индустриялық және агроөнеркәсіптік жобаларды іске асыруды қоса алғанда, ӘКК жұмысының стратегиялық бағыттарын қаржыландыруға бағытталған. Сондай-ақ ЖҚО қолдауымен «Ақтөбе» ӘКК-нің GRI стандарттары бойынша алғашқы ESG-есебі шығарылды және S&P Global-дан ESG-рейтингі алынды. 

ЖҚО «Қазақстандағы ESG саласындағы үздік консалтингтік компания» номинациясы бойынша Global Banking & Finance Awards 2025 сыйлығын алды. 

АХҚО академиясы

2025 жылы Академия заң және қаржы бағдарламалары бойынша 467 маманды оқытып, мемлекеттік және жеке ұйымдар қызметкерлерінің кәсіби дағдыларын арттыруға бағытталған 37-ден астам тренингтер мен курстар өткізді.

АХҚО академиясы еліміздің жетекші университеттерімен және жеке сектор өкілдерімен ынтымақтастықты кеңейте отырып, Қазақстанда практикаға бағдарланған қаржылық және құқықтық білім беруді дамытуды жалғастыруда. Оқу процесіне Академияның майнор-бағдарламаларын енгізу шеңберінде Almaty Management University және SDU University университеттері студенттерінің алғашқы түлектері шықты.  «Туынды бағалы қағаздар – опциондар» және «Активтерді басқару» бағыттары бойынша 51 студентке сертификаттар табысталды.

5 қазақстандық мектептің: Quantum Tech School, Flagman мектебі, Ақмола облысының мемлекеттік ауылдық мектебі, KILC халықаралық колледжі және Dara мектебі (Қосшы кенті) білім беру бағдарламасына қаржылық сауаттылық негіздерін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды.

Анықтама үшін:

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz     

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева 

Баспасөз хатшысы 

E-mail: [email protected]

AIFC Services Assistant