Қазақстан көміртегіні реттеу жүйесін қалай жақсарта алады? АХҚО есебі жарық көрді

«Астана» халықаралық қаржы орталығының сарапшылары «Шығарындылар саудасы жүйесі және ерікті көміртегі нарығы: жаһандық шолу және Қазақстан үшін перспективалар» есебін дайындады. Құжатта Қазақстанға баса назар аударыла отырып, «жасыл» экономика құрудағы осы маңызды тақырыптар ашылған.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, дамыған және индустриалды дамушы елдердегі парниктік газдар шығарындыларына квоталарды сату жүйелері квоталарды ішінара ақылы бөлу негізінде жұмыс істейді, бұл көміртегінің нарықтық бағасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

1-сур. Елдердегі көміртегі нарықтарының негізгі көрсеткіштері
Қазақстанда көміртегі бірліктері саудасының өз жүйесі (ҚазШСЖ) 2013 жылы іске қосылды және қазіргі таңда энергетика, өндіруші және өңдеуші өнеркәсіп секторларына тиесілі 135 компания шығаратын шығарындылардың 47%-ын қамтиды. Олардың барлығы 100% тегін бөлінетін квоталармен қамтамасыз етілген, бұл көміртегінің орташа бағасының төмен болуына әкелді. ҚазШСЖ-дағы бір көміртегі бірлігінің бағасы шамамен 1 АҚШ долларын құрайды. Бұл салыстырмалы түрде төмен көрсеткіш: салыстыру үшін, ұқсас еуропалық жүйеде баға 2023 жылы 90 долларға жетті.

2-сур. 2023 жылы көміртегі бірлігінің бағасы, АҚШ долларымен/тСО2-экв
Бұл ретте Қазақстанда көміртегі бірліктерінің сауда-саттығы 2022 жылдан бастап тоқтатылды. Ал декарбонизация үшін стимулдар тудыратын бірден-бір алғышарт –тиімді жұмыс істейтін ШСЖ.
Есеп шеңберінде АХҚО сарапшылары ҚазШСЖ көміртегі бірліктері саудасының қазақстандық жүйесінің тиімділігіне талдау жүргізді. Талдау негізінде қолданыстағы жүйенің тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіретін негізгі кедергілер анықталды және оны жетілдіру жөнінде ұсынымдар ұсынылды.
Ұсынымдар ішінде көміртегі квоталарын ақылы бөлуді енгізу, әртүрлі сауда платформаларында көміртегі бірлігі саудасының мүмкіндіктерін кеңейту, ШСЖ қатысушыларын қамтуды кеңейту және арнайы көміртегі қорын құру сияқты шаралар бар.
Қазақстандағы көміртегі нарығын дамыту елдің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуін қолдауға, сондай-ақ парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі республиканың халықаралық міндеттемелерін орындауға көмектесуге тиіс.
Сондай-ақ сарапшылар экологиялық құралдармен сауда жасау үшін АХҚО-ның Көміртегі платформасын дамытуға қатысты көзқарасын білдірді. Көміртегі кредиттері саудасының платформасында іске қосу орта мерзімді мақсат ретінде айқындалды, ал ұзақ мерзімді перспективада ол ҚазШСЖ аясында парниктік газдар шығарындыларына квоталармен сауда жасауға арналған алаң ұсына алады. АХҚО-ның Көміртегі платформасы кеңею әрі Орталық Азияның бүкіл өңірі мен Кавказ үшін өңірлік хабқа трансформациялану үшін әлеуетке ие.
АХҚО әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Данияр Келбетов: «Астана» халықаралық қаржы орталығында біз экономикалық өсуді ынталандырып қана қоймай, орнықты дамуды қамтамасыз ету жөніндегі жаһандық күш-жігерге үлес қосатын жаңа нарықтық тетіктер мен өнімдерді әзірлеу ісіне жетекшілік етуге тырысамыз. Біздің заманауи инфрақұрылымымыз бен технологиялық мүмкіндіктеріміз АХҚО-ны орнықты инвестициялар мен инновациялық өнімдерге арналған алаң ретінде қалыптастыра отырып, осы бастамаларды іске асырудың іргетасы саналады».
Есептің толық нұсқасымен сілтемесі арқылы танысуға болады.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) — бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz