АХҚО алаңында Business Integrity Forum өтті

«Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңында (ары қарай – АХҚО) Business Integrity Forum өтті. Оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі АХҚО-мен бірлесіп ұйымдастырды.

Форум іскерлік климатты жақсарту және кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың өзекті мәселелеріне арналды. Шараға Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңес Төрағасының Орынбасары Сэр Сума Чакрабарти, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы, АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов, сонымен қатар мемлекеттік орган, отандық бизнес, дипломатиялық корпус, халықаралық ұйым өкілдері қатысты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің басшысы бизнесті сыбайлас жемқорлық қысымынан қорғау шаралары туралы баяндады. Оның айтуынша, шетелдік және отандық инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау ведомство жұмысының басым бағыттарының бірі.

«Қазіргі таңда жалпы құны 38 млрд АҚШ доллары болатын 650-ден астам инвестициялық және бизнес жоба агенттіктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қамқорлығында. Әрбір үшінші жобада шетелдік инвесторлардың қатысуы бар. Олардың жалпы құны 21 млрд АҚШ долларына тең», – деді А.Шпекбаев.

«Мемлекеттік басқарудың жаңа тұжырымдамасы аясындағы негізгі міндеттердің бірі бизнесті дамыту. Соның ішінде сот және құқық қорғау жүйелерін жетілдіру, бизнесті реттеуді жаңадан бастау. Мемлекеттік аппарат қызметінің ашықтығы мен транспаренттігі, сонымен қатар ақпаратты барынша ашу және алмасу жұмыстары қоғамның сенімін барынша арттыруға мүмкіндік береді», – деді Қ.Келімбетов.

Форум аясында «Қолайлы кәсіпкерлік ортаны дамыту», «Бизнес жүргізу тәжірибесі: проблемалары мен шешімдері», «Іскерлік этиканың үрдістері мен стандарттары» және тағы да басқа тақырыптар бойынша сессиялар өтті. Шараға Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев, Қазақстанның Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілі Рүстем Жүрсінов, АХҚО Сотының Тіркеушісі және аппарат жетекшісі Кристофер Кэмпбелл-Холт, Freedom Finance Holding Басқарма Төрағасы Тимур Турлов, «Лукойл» ЖШС Бас директорының коммерция бойынша орынбасары Алексей Харитонов және Иордания, Корея Республикасы, Нидерландының Төтенше және Өкілетті Елшілері спикер ретінде қатысты.

Форум инвесторлар мен кәсіпкерлер бетпе-бет кездесетін өзекті мәселелерді талқылау үшін бизнес пен мемлекет арасында диалогы алаңына айналып, аталған мәселелердің шешімін бірге табуды мақсат етті. Жұмыс қорытындысы бойынша бизнес-қауымдастық тарапынан түскен барлық ескерту мен ұсыныс ары қарай орындалуы үшін Үкіметке жіберіледі.

 

Анықтама үшін:

«Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 қадам» Ұлт жоспары шеңберінде құрылды. 2020 жылғы 2 шілдеде АХҚО басқару жөніндегі кеңестің отырысы шеңберінде Орталықтың 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясы қабылданды. Оған сәйкес АХҚО-ның пайымдауы Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО елдері, Батыс Қытай, Моңғолия және Шығыс Еуропаны қамтитын өңірдегі жетекші халықаралық қаржы орталығы ретінде қалыптасуында болып отыр.

АХҚО миссиясы өңірдің тұрақты ұзақ мерзімді дамуына жәрдемдесу болып табылады. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев атап өткендей, «АХҚО өзінің бірегей мүмкіндіктерімен өңір елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде әрекет ете алады». АХҚО-ның тұрақты дамуының стратегиялық бағыттары тұйық циклді экономиканы, қаржылық технологияларды және «цифрлық қаржы орталығын» дамытуды қамтиды. aifc.zuweb.co

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі тікелей Қазақстан Республикасы Президентіне бағынатын, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты құрып, оны жүзеге асыратын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласын үйлестіретін және жемқорлық қылмыстарын анықтау, алдын алу, ашу және зерттеумен айналысатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша мемлекеттік орган.