Қырғыз қаржы ұйымдары және бизнесі АХҚО алаңына қызығушылық танытты

2021 жылдың наурыз айында Қырғыз Республикасы Президенті Садыр Жапаров Қазақстан Республикасына ресми сапармен келіп, сапар аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) жұмысымен танысқан. Келіссөздер барысында Қырғыз Республикасының инвестициялық және қаржылық бастамаларын іске асыруда АХҚО алаңының артықшылықтарын пайдалануды ілгерілету мақсатында өзара түсіністік пен ынтымақтастық бойынша келісімге қол жеткізілген.

Осы идея аясында және АХҚО-ны өңірлік қаржы орталығы ретіндегі орнын нығайту мақсатында 2021 жылдың 6-8 қыркүйек аралығында Орталық делегациясы Қырғызстанға барды. Сапар аясында Қырғыз Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасымен, Қырғызстан Банктер Одағы Президентімен, Қырғыз қор нарығы Президенті және Директорлар кеңесінің Төрағасымен, сонымен қатар Қырғыз Республикасы мемлекеттік және коммерциялық құрылым өкілдерімен кездесулер өтті.

«АХҚО Әкімшілігі» АҚ Басқарма Төрағасы Ернұр Рысмағамбетов пен Қырғыз Республикасы инвестиция министрі Алмамбет Шыкмаматовтың шетелдік инвестиция тарту, құнды қағаздар нарығын дамыту, инновация мен венчурлі инвестициялау мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру туралы келісімге келуі сапардың негізгі қорытындысы болды.

Сонымен қатар «АХҚО Әкімшілігі» АҚ мен «Оптима Банк» ААҚ арасында бірлескен оқыту бағдарламалары мен кәсіби шаралар дайындау мен өткізуге АХҚО экожүйесін тарту туралы келісімге қол жеткізілді.

Бұдан бөлек Қырғызстанның қаржы және инвестиция секторы қызметкерлерінің үздіксіз кәсіби даму мүмкіндіктерін кеңейту үшін Банктер Одағы алаңын пайдалану, «жасыл» және исламдық қаржыландыруды дамыту аясындағы әріптестік және Қырғызстанның екінші деңгейлі банктеріне ESG принциптерін енгізу туралы келісімге қол жеткізілді.

Орталық Азия өңірінің капитал нарығын дамыту мен инвестициялық тартымдылығын арттыруда бірлесе жұмыс істеу үшін Еуропа Қайта Құру және Даму банкі мен Халықаралық қаржы корпорациясы өкілдерімен жекелеген кездесулер өтті.

Сонымен қатар Ресей-Қырғыз Қоры, Қырғыз Республикасындағы Америка сауда палатасы, Халықаралық іскерлік кеңес, Электронды коммерция қауымдастығы және екінші деңгейлі банктермен кездесулер өтті.

 

Анықтамалық ақпарат:

«Астана» халықаралық қаржы орталығы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 қадам» Ұлт жоспарының шеңберінде құрылған. 2020 жылғы 2 шілдеде АХҚО-ны Басқару кеңесінің отырысы аясында Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Оған сәйкес АХҚО пайымы Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО елдері, Батыс Қытай, Моңғолия және Шығыс Еуропа кіретін өңірде жетекші халықаралық қаржы орталығы ретінде қалыптасуда болып табылады.

АХҚО миссиясы – өңірдің тұрақты ұзақмерзімді дамуына жәрдемдесу. Мемлекет Басшысы Қ.К. Тоқаев атап өткендей, «АХҚО өзінің бірегей мүмкіндіктерімен өңірдегі елдерді байланыстыратын әмбебап платформа бола алады». aifc.zuweb.co